Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің рухани құндылығы, салт-дәстүрі, діні мен тілі қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болды. Соның ішінде жыл басы, күн мен түннің теңелген күні, жаңару мен жасарудың, береке-бірліктің мейрамы, мұсылман қазақ ұлтының рухани құндылыққа толы қастерлі мерекесі – әз-Наурыз. Қазақ халқы ерте заманнан бері осынау күнді ерекше сезіммен қарсы алған. Қыстан күйзеліп шыққан, аузы аққа тиген ел Құдайға шүкірлік айтып, мереке қылған. Ағаш отырғызу, ұлттық тағамдарды әзірлеу, түрлі спорт ойындарын өткізу арқылы халқымыз бұл күннің құрметіне бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатқан, адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген.
Міне, осынау ұлыс күннің қарсаңында Аудандық "Қордай" мешітінің ұстазы Эльмира Аманқожақызының ұйымдастыруымен "Қош келдің, әз-Наурыз!" атты рухани мерекелік іс-шара өтті.
Кеште әйел-қыздар жамағатына ұлттық "Наурыз мейрамы" тақырыбы түсіндіріліп, қызықты интеллектуалдық ойындар ойнатылды. Білімімен көзге түскен қыз-келіншектерге жүлделер берілді.
Ұлттық тағам наурыз көже тарту етіліп, берекеге толы ақ дастархан жайылды. Қызығы мен ғибраты тең болған жиыннан нәзікжандылар тәрбиеге толы тағылым іліп қайтты.
Аудандық "Қордай" мешітінің баспасөз қызметі