Германияда Батыста исламның тарауына қарсы 30 мыңға жуық адам наразылық білдіріп жатыр. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Дрезденде ең көп демонстранттар қатысқан акция өтті.
Шараға 18 мың адам қатысқан, яғни бұл жолы желтоқсандағы акцияға қарағанда исламшылдыққа қарсылар саны көбейген. Бастама көтерген Пегида қозғалысы, оның мүшелері миграциялық заңнаманы күшейтуді қолдайды.
Қозғалыс мұсылмандардың Еуропа елдеріне ағылуына қарсы. Ал бұл уақытта Германияның басқа қалаларында осы акцияға қарсы тараптың демонстрациясы өтті.
Кельнде, мысалы, қарсылық белгісі ретінде Кельн шіркеуінің жарығы сөндірілді. Ал Дрезденде Volkswage автомобиль концернінің ғимараты сыртқы жарықсыз қалды. Қарсы тарап қоғамның ашық та еркін, демократиялы болғанын қалайды.
Дегенмен, Еуроньюз хабарлауынша, соңғы әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, Пегида қозғалысын немістердің 30 пайызы қолдайды, ал 19 пайызы - олардың бастамасына ынталы көрінеді.
hibatulla.kz