Кешірімділік ізгі қасиет

Кешірімділік ізгі қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

  Кешірімді болу қай кезде де, қай қауымда да жақсылықтың, көргенділіктің, әдептіліктің көрінісі ретінде қарастырылып, кешірімді кісілерді қадір тұтқан. «Түсі жылыдан түңілме» деп қазақ атамыз да бекер айтпаса керек. «Мінезі жұмсақ, көркем мінезді адам екен» - деп жақсы көрген адамдарын суреттеген. Мінезі жұмсақ болған адам кешірімді, байсалды, сабырлы, парасатты, жанашыр, кішіпейіл келеді. Кешірімді бола білуді тіпті Алланың ұлы сыйлықтарының бірі деп айтсақ та болады. Өйткені жақсылыққа жақсылық жасаудың өзі қиын екенін күнделікті өмірімізде көріп, байқап жүрміз. Ал енді жамандық жасаған адамды кешіріп, оған жақсылық жасау нағыз тақуа, кеңпейіл кісілердің ғана қолынан келетін асыл қасиет деп айтсақ артық болмайды.

     Көркем мінезді ту еткен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі үшін кешірімді болуды дінін кемелдендіру десек дұрыс болатын шығар. Өйткені адамзаттың асыл тәжі (с.ғ.с.) пайғамбар болғанға дейін де, кейін де ең мінезі жұмсақ адам еді. Құранда Алла Тағала: «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді» - деп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұмсақ мінезділігін мақтап, қатал адамның маңына жан жуымайтынын әдемі түсіндіріп кеткен.  Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің көркем мінезі арқылы елге өнеге бола отырып кешірімділік, жұмсақ мінезділік жайында көптеген хадистер айтып қалдырған. «Қиямет күні Алланың алдында дәреже тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам» - деп, дөрекімінезділікті Алла Тағала ұнатпайтынын айтса, «Адамдарға істің оңайын білдіріп, жұмсақтық танытқан момын тозаққа түспейді» -  деу арқылы жұмсақ мінезділікті мақтаған. Өзінің сахабаларын қандай да бір аймаққа жіберіп тұрса: «Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер. Жек көргізбеңдер, Жақсы көргізіңдер» - деп ескертетін. Ол кісі (с.ғ.с.) өзінің қызметшілеріне де ешқашан дөрекі мінез көрсеткен емес. Әнәс ибн Мәлік (р.ғ.) былай деп жеткізеді: «Он жыл бойы Алла елшісіне (с.ғ.с.) қызмет қылдым. Осы жылдар ішінде бірде бір рет мені сөккен емес. Тіпті қабағын шытқанын көрген емеспін».

 Алла Тағала әбден азғындаған Перғаунға Мұса мен Һарун пайғамбарды жұмсағанда: «Барып оған жұмсақ сөздер айтыңдар, мүмкін насихаттарыңа құлақ түрер, бәлкім үрейленер» - деп, жұмсақ, жылы сөздермен жақсылыққа шақыруды бұйырды. Өйткені Алла Тағала мейірімді, кешірімді және жұмсақтықты жақсы көреді. Осындайда Аталарымыздан қалған «Жылы – жылы сөйлесең жылан інінен шығады...» деген сөзі де өте дәл айтылғанын білеміз.

     Әулие Мәуләнә Руми бірде намаз оқып тұрғанда үйіне бір қайыршы бас сұғыпты. Мәуләнәнің намазға қатты беріліп кеткенін көрген әлгі кісі дереу бір кілемшені ұрлап шығып кетіпті. Оны байқап қалған көршісі әлгі адамның соңынан барып базарда сатып жіберейін деп тұрған жерінен ұстап алып, ұрып соғып Мәуләнәның алдына алып келсе керек. Сонда әлгі ұрының кейпін көріп жаны ашыған Мәуләнә «Алса, бәлкім, керек болғаннан кейін алған шығар, соған бола бұл бейбақты ұрып соқпай, қолынан сатып ала салсаң болмас па еді» - деп аяса керек. Мінекей бұл оқиғадан алар сабағымыз нағыз момын жамандыққа жамандықпен жауап беруге ұялады, ол тек жақсылықпен ғана жауап береді екен.

     Ұлт мақтанышы, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы жігіттің нағыз жігіттігін былай деп сипаттаған екен:

Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,

Жақсы емес қатты болу тікенектей.

Яғни мінездің көркем, биязы болуы мақталып тұр. Тікенек сияқты қатты болудың жақсы емес екенін айтып ондай мінезден аулақ болуға шақырады.

     Ендеше, құрметті бауырлар бір-бірімізге кешірімді болудан артық іс жоқ екен. Бес күн жалған дүниеде сіз-біздескеннен артық не бар? Бір кісі, екінші бір кісіні ренжітсе кешірсін, берекесі артады. «Қай жерге жұмсақтық ұяласа, сол жерді әсемдейді, жұмсақтық жоқ жерде ақау пайда болады» депті Алла елшісі (с.ғ.с.). «Жақсы адамның ашуы шәй ормал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» деп аталарымыз айтқандай жақсы адамдар қатарынан болуға әрекет еткеніміз абзал. Жақсы болайық, кешірімшіл болайық, ауыз бірлігіміз жарасқан ынтымақшыл болайық ағайын. Бұның барлығы Алланың беркесіне лайық!

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: