Әділеттілік - асыл қасиет

Әділеттілік - асыл қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әділеттілік сөзінің мағынасы өте терең. Ол  әділдік,  шыншылдық, турашылдық,  дұрыстық деген мағыналарды да қамтиды.

Мұсылмандық мінездің ең маңыздысы – од «әділдік» ұғымы десек,  әсте қателеспейміз.  Себебі әділдіктің ұғымы өте ауқымды және оның кіріспейтін жері жоқ, сенімде, ғибадатта, сөзбен істе, тіпті адам ойында да әділдік  қажет. Сондықтанда әділдіктің Исламдағы алар орны өте биік. Жеке адам болсын немесе қоғам болсын әділдіксіз биік шыңдарға шыға алмайды.

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы «зұлымдық», әділдік табылмаған  жағдайда, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтан да әділдіктің пайдасын айтқанда зұлымдықтың зардабы қоса айтылуы керек деп санаймын.

Асыл дініміз әділдіктің орнауына қатты мән берген, әділ болуды ешкімнің еркіне тастамай, бәлкім әр адамға міндеттеледі, әсіресе билік иесіне өте сақ болуын қаперіне салады. Алла Тағала Құранда былай дейді: Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (бәрін естуші) және Басир (толық көруші). (Ниса сүресі – 58 аят.)

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде-кім мұсылмандарға үкім етіп, әділдікпен үкім етсе оған жәннат нәсіп болады, егер кімде-кім зұлымдықпен үкім етсе, тозақта болмақ» -  деп ескертеді.

Дүниеде адам өмірін құлшылықпен, ғибадатпен өткізіп, Алла Тағаланың тыйғанынан тыйылып, бұйырғандарына бойұсынып күнә атаулыдан өзін аулақ сақтап бар уақытын Алла жолында жұмсаса, енді біреуі Алла Тағаланың харам еткен амалдарын жасап, әмір еткен амалдарын ысырып қойып, төңірегіндегілерге зұлымдық көрсетіп зұлым адам болып өмірден өтуі мүмкін. Сол кезде адамдар біз уақытымызды, өмірімізді Алла жолында жұмсаймыз, ал олар болса өздерінің жан қалауы бойынша өмір сүріп зұлымдық жасап дүниеден өтіп кете салады, сонда әділдік  қайда деп адамдардың ақылы әділдікті талап етеді.  Расында, Жаратушы Алла  әділетті және әділдікті жақсы көреді. Алла Тағала Құранда: «Залымдардың жасап жатқан амалдарынан Алла Тағала ғапылдықта (білместікте) деп ойламаңдар, Біз оларды  қорқынышты күнге (яғни, қиямет күніне)қалдырып қойдық» - дейді. Демек Алла Тағаланың әділдік сипаты ол қиямет күні орнайды. Себебі жоғарыда айтылған аятта қиямет күні әділдіктің орнайтынын және әділдік таразысына әрбір жасалған амалдың тартылатынын, оның есебі бар екенін баяндайды. 

Әділдіктің өлшемі қандай екенін мына хадистен анық аңғаруға болады: « Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) заманында Бани Махзум тайпасының бір әйелі ұрлық жасаған болатын. Алайда бұл тайпа беделді рулардың ішінен шыққандықтан сахабалар Алла Елшісінен (с.а.у) ол кісіні кешіруді өтініп, қолқа салады. Сонда Ардақты Елші (с.а.у): Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етейін, тіпті Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса да қолын кесіп, жазасын берер едім», - деп айтқан.

Әділдіктің үш түрі болады.

 Біріншісі:  Аллаға қатысты әділдік.

 Ол -  Аллаға ғана табынып ғибадат жасау, сұраса Алладан сұрап, бір Алладан қорқып, тек Өзінен ғана үміт ету. Алла бұйырған ізгі амалдардың барлығын шамасы келгенше дұрыс орындауға талпыну.

   Екіншісі: Адамның өзіне қатысты әділетті болуы.

Ең әуелі  біздің денеміз Алланың аманаты, «өзімнің денем, білгенімді жасаймын» деп айту Алланың берген нығметін жоққа шығарумен тең.  Адам өз жанына немесе денсаулығына, тіпті ар -намысына зиян келтіретін нәрсе жасауы И күнә амал, сондай-ақ малын харамнан табу және адал малын орынсыз жұмсау да шариғат қайтарған әрекет болып табылады. Алланың парыздарын орындамай, харамнан тиылмай, әһіретте Алланың жазасына жолығу адам баласының өзіне жасаған әділетсіздігі болады.

Үшіншісі: Адамдармен қарым-қатынаста әділдікті ұстану.

Ол дегеніңіз -  қоғамға әрі қоршаған ортаға тілмен де,  қолмен де  өзгеге зиян тигізбеу, біреудің ақысын жемеу. Адам баласының сөйлеген сөзінде әділ болуы, тек шындықты айтып  өтірік айтпауы,  көрші - қолаң, жора – жолдастармен қарым – қатынаста, тіпті сауда жасауда, адамның еңбекақысын берерде  әділдікті ұстану осы категорияға жатады.

Отбасымыз аман, еліміз тыныш, жұртымыз тыныш болсын. Жаратушы Ұлы Раббымыз бізді барлық жағдайда да әділ болуды нәсіп етсін деп тілейміз.

Ахат Қайыпбергенұлы.

Талас ауданы Қаратау қаласы «Әбдірашит ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: