Ережеп - рухани дайындық айы

Ережеп - рухани дайындық айы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әрбір мұсылман жан әр күні мен аптасы және әрбір айларын құлшылыққа толы болғанын қалайтындығы ақиқат. Алла елшісі Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде қалай ғибадаттарына мән берсе, сол тәрізді өз құлшылығымызды да Пайғамбар көрсеткендей үлгіде өтегіміз келетіндігі белгілі.

Ислам күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар. Олар: Ережеп, Шағбан, Рамазан және Зулхижжа айлары.  Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті айларға көп көңіл бөліп,  ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр!» - деген дұғамен қасиетті айларды бастайтын.

Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым,  ал Рамазан – үмметімнің айы», - деген екен.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ережеп айында ораза ұстап ізгі жақсылықтарды көп жасаумен өткізген.  Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты  Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді» -  деп айтқаны бар.

Ережеп айында ораза ұстау мәселесіне келер болсақ, Әбу Дәуіттің Хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта, жыл бойы ораза ұстаған адам  жайында айтылады. Бір күні ол  Пайғамбарымызға келгенде, Алла елшісі оған: «Өзіңді неге қинайсың?! Сабыр айын ұста (Рамазан айын). Сосын әр айда бір күн ұста» деді. Бірақ әлгі кісі  бұны қанағат тұтпағаннан соң  Пайғамбарымыз: «Ай сайын екі күн ұста» деді. Тағы арттыруын сұрайды әлгі адам. «Үш күн ұста» дейді  Пайғамбарымыз. Жаңағы адам тағы да күндерді қосып беруін сұрайды. Сонда Алла елшісі үш саусағын жұмып: «Харам айларының кей күндерінде ауыз бекіт, кей күндерінде аш. Харам айларынан кей күндерін ұстап, кей күндерін аш» дей келе, осы харам айларында арасында үзіліс бере отырып үш күн қатарынан бірнеше рет ұстауын кеңес еткен.

Осы хадиске сүйене отырып, ережеп айында айдың басында үш күн, ортасы мен соңында үш күннен ораза ұстаса болады десек қателеспейміз. Әлсіз хадиске сүйенер болсақ, бейсенбі, жұма, сенбі күндері ережеп оразасын ұстауымыз мол сауаптардан деп  білеміз.

 Алла Тағала баршамызға Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін! 

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: