Адамдар туралы жақсы пікірде болу жүрекі жеңілдетіп, бақыт сезіміне кенелтеді. Ол тәнді аздырып, рухты күйрететін зиянды үрейлі ойлардан сақтайды.
Адамдар туралы ізгі пікір — реніш пен жеккөрушіліктен босап, қауымдағы сүйіспеншілік қарым-қатынасты нығайту мен тыныштық кепілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ былай айтқан: «Адамдар туралы жаман ойлардан сақ болыңдар — барып тұрған жалған сөздер, тіміскілеп, білуге ұмтылмаңдар, бір-біріңмен бақталаспаңдар, қызғаныш сезімде болмаңдар, өзара жеккөрушіліктен аулақ болыңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар, уа, Алланың құлдары, Ол сендерге бұйырғандай бір-біріңе бауыр болыңдар!» (Бұхари).
Егер мұсылмандар мінез-құлықтың осынау көркем үлгісін ұстанғанда, жаудың ешқашан оларға шабуға дәті бармас еді әрі олардың «бөліп ал да, билеп-төсте» деген қағидасы іске аспас еді, өйткені мүміндердің жүректері бірге болып, жандары таза болады.
Дұға жасаңдар
Шүбәсіз, айналадағы адамдар туралы жақсы пікірде болудың көптеген тәсілдері бар. Солардың бірі — Алладан дұға тілеу, өйткені дұға кез-келген жақсылықтың қақпасы болып табылады. Пайғамбарымыз ﷺ үнемі Жаратушыдан өзіне таза жүрек нәсіп етуін сұрайтын.
Өзіңді жақыныңның орнына қойып көр
Егер әркім бір нәрсе айтпай немесе жасамай тұрып, өзін сол бауырының орнына қойып көретін болса, сөзсіз, бұл түсінушілік пен жағымды ахуал тудыруға жағдай жасайды. Алла Тағала Құранда: «Егер оны естігендеріңде мүмін ер, әйел көңілдерінде қайыр ойлап: “Бұл бір ашық өсек” десе еді?» (24:12).
Басқа бір аятта Алла мүміндердің бір бүтін дене болып табылатындығын және бауырын кездестіріп, оған сәлем бергенде, ол өзіне сәлем бергендей екендігін айтқан: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (Мұсылмандарға) Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» (24:61).
Сөздерге оң түсінік беру
Сөздерге оң түсінік беру — жақыны туралы жүрегіне қара ойларды кіргізбеу үшін тақуа жандардың қолданған ең жақсы амалы. Омар (р.а.): «Бауырыңның айтқан сөзін жақсы мағынада түсіну мүмкін болса, жаман ойлама», - деп айтқан.
Күндердің күнінде науқастанып жатқан имам аш-Шафиғидің (р.а.) халін білмек болып бірнеше бауыры келеді. Солардың бірі: «Алла сенің әлсіздігіңді күшейтсін», - дейді (негізінде, ол Алла сенің әлсіздігіңді болдырмасын деп айтқысы келген).
«Егер Алла менің әлсіздігімді күшейтсе, мен өлемін ғой!», — дейді аш-Шафиғи (р.а).
«Алламен ант етемін, мен саған тек жақсылық қана тіледім!», — деп айтады әлгі адам.
Сонда имам: «Тіпті сен маған тіл тигізер болсаң да сенің маған игілік тілегеніңді білемін», - деген екен.
Жақыны туралы жақсы ойда болу — нағыз туыстықтың белгісі.
Ақтайтын дәлел іздеңіз
Әлдекім сізді ренжітер немесе сізге жағымсыз нәрсе айтар болса, оны ақтап алатын дәлел табыңыз. Жақсы адам адамдар туралы жақсы ойда болып, үнемі оларды ақтайтын дәлел табатынын есіңізден шығармаңыз. Мұндай адамдарды бауыры үшін жетпіс түрлі кешірім табатындар деп айтады.
Ибн Сирин: «Егер әлдебір бауырың сені сөзбен не ісімен ренжітер болса, оны ақтайтын дәлел ізде; ал егер ештеме таппасаң, онда: "бәлкім, оның мен білмейтін дәлелі бар шығар деп айт"», - деген.
Үнемі бауырыңыздың сөзі мен ісін ақтайтын дәлел іздеп жүріп, сіз жақын туысыңыз туралы жаман ойларда болудан құтыласыз.
Сөкпеңіз
Өзгелер туралы жақсы пікірде қалғыңыз келсе, онда олардың ниетін сөкпеңіз. Аллаға және пенденің өзіне ғана аян ниеттерді тек Оның еншісіне қалдырыңыз. Өзгелердің сезімдері мен ниеттерін тексеріп, бақылауда ұстауды Алла біздің пешенемізге жазбаған, сол себепті адамдар туралы жаман ойда болудан өзімізді шектегеніміз абзал.
Нашар болжамдардың зиянды салдарын есіңізде ұстаңыз
Өзгелер туралы жаман ойлайтын адам өзін ғана қажытып қоймай, сонымен қатар, айналасындағы адамдарды да шаршатып, өзінің қадірінен айырылады. Адамдар әлгі жаннан іргелерін аулақ салатын болады. Пенде болған соң қателеспейтін жан баласы болмайды. Өзге туралы жаман ойлап, өзі туралы жақсы ойлау — жаман ойлардың зиянды салдарының бірі. Негізі, Алла бұлай жасауға тыйым салған: «Сондықтан өздеріңді өздерің ақтамаңдар. Ол, кім тақуа екенін жақсы біледі» (53:32)
Ал басқа бір аятта Алла өздерін пәкпіз деп есптейтін яһудилер туралы былай айтқан: «(Мұхаммед Ғ.С.) сондай өздерін ағартқанды көрмедің бе? Керісінше, кімді Алла (Т.) қаласа тазартады. Оларға қылдай әділсіздік етілмейді» (4:49).
Баршамыз өзімізді адамдар туралы жақсы ойлауға баулуымыз маңызды. Бұл көп күш-жігер мен қажымас еңбекті талап етеді, өйткені адамның ажырамас серігі шайтан ешқашан мүлгімейді әрі адамдардың арасына бүлік пен дұшпандықты тудырады. Ал айналамыздағы адамдар туралы жақсы ойда болу – шайтанның қастығын іске асырмаудың ең бір жақсы амалдарының бірі болып табылады.
Алла Тағаладан бізге таза жүрек нәсіп етуін және діндес бауырларымыз туралы тек жақсы ойда болуды үйретуді тілейік.
asyldin.kz