Иманды қалай сақтауға болады? (жалғасы бар)

Иманды қалай сақтауға болады? (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан ﷺ иман дегеніміз не деп сұрағандарға былай жауап бергендігін келтірген: «Құлшылық етуде Алладан басқа лайық құдайдың жоқтығына, Мұхаммед Оның құлы әрі Елшісі екендігіне, Оның Періштелеріне, Кітаптарына, пайғамбарларына, ақирет күніне, тағдырға және жақсылық пен жамандықтың Алланың қалауымен болатындығына иман келтіру».

Алланың қалауымен, біздің иманымыздың әлсіреп тұратын кездері болып тұрады… Әрбір жанның жүрегіндегі иманның күннен-күнге нығайып тұруы үшін не істеу керек?

1. Алланың ұлылығы жөнінде жиі әрі көп ойлану

Алла Тағала — Жаратушы, Әмірші, ризық Беруші, құдірет Иесі және Күшті. Бұл дүниеде Алланың қалауынсыз ешнәрсе де жүзеге аспайды әрі Оның рұқсатынсыз ештеме де қозғалысқа түспейді. Оның жаратқан пенделері науқастанады, жазылады, мал-мүлкінен айырылады, қайтадан байлыққа кенеледі, жарық дүниеге келеді, күндердің күнінде қайтыс болады, қимылсыз қалып, тек Оның қалауымен ғана қимылдай бастайды. Ол қараңғы түнде жартаста тұрған қара құмырсқаны біледі. Оған жасырын дүниелер мен құпия әңгімелер аян. Ол үшеудің арасындағы құпия сырды біледі. Аз болсын не көп болсын  Ол әрқашан олармен бірге. Ол Әлемдердің Раббысы, алдыңғылар мен соңғылардың құлшылық етуіне лайық. Оған тек «Бол!» - десе болды, бәрі де болады. Егер мұсылман өз Жаратушысының ұлылығын жете түсінер болса, ол дінді берік ұстанатын болады.

2. Алланы тілмен, жүрекпен және әрекетпен жиі әрі көп еске алу

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (2:152).

Хадистердің бірінде Алла Тағала Қиямет күні Өз Аршысының көлеңкесіне жасыратын жеті адам санатының бар екендігі келтірілген, солардың бірі  — «жалғыз қалғанда Алланы еске алғаннан көздеріне жас толатын адамдар» (әл-Бұхари 660).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен қасиетті хадисте Пайғамбарымыз   Алла Тағаланың былай айтқандығын келтірген: “Менің құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен сондай боламын. Ол Мені есіне алғанда, Мен оның қасында боламын. Егер ол Мені іштей есіне алса, онда Мен де оны іштей есіме аламын, ал егер ол мені басқа адамдардың арасында есіне алса, онда Мен де оны олардан да жақсылардың арасында есіме аламын. Егер құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақтай жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындайтын болса, Мен оған сажындай жақындаймын, ал егер ол Маған қарай бір қадам жасайтын болса, онда Мен оған қарай жүгіремін” (әл-Бұхари 7405; Мүслим 2675).

3. Алладан иманыңды нығайтып, сынақтардан сақтауды сұрау

Бір хадисте Әнас ибн Мәлик (р.а.) Алла Елшісінің   жиі былай дұға жасайтынын келтірген: “Уа, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр! /Йа мукаллиба-ль-кулуби саббит кальби ‘аля диник”. Сонда мен: “Алла Елшісі, біз саған және сенің айтқаныңа иман келтірдік. Сен әлі де біз үшін қорқасың ба?” – деп сұрадым. Ол Иә, асылында, жүректер Алланың екі саусағының арасында, Ол оларды Өз қалауынша аударып-төңкереді”, - деп жауап берген (Ат-Тирмизи (2140): «Бұл жақсы хадис», - деген).

Жолында кедергісі жоқ дұға қабыл болады. Құранда былай айтылған: «Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді” дейді”» (40:60).

Ендеше, кімде-кім иманды жақсы көрсе, жиі дұға жасап, Аллаға үміт артып, өз Жаратушысымен байланысын нығайтып отыруы керек.

4. Діни құлшылықтарды орындауда селқостық танытпау

Бұл парыз намаздарға, оразаға, қайыр-садақа беруге және адамдармен жақсы-қарым қатынаста болуға қатысты айтылған. Осы және басқа да міндеттерді мүлтіксіз орындау — табандылық танытудың маңызды себептерінің бірі әрі бұл тақырыптағы хадисті Әбу Хурайраның (р.а.) келтіргендігін атап өткен болатынбыз.

5. Алла Тағала алдындағы парыздарды орындаумен ғана шектелмей, қосымша игі амалдар да жасау

Қосымша игі амалдарға нәпіл намаздар, қайыр-садақа беру, нәпіл ораза, кіші және үлкен қажылық жатады. Бұл жөнінде жоғарыда айтылған Әбу Хурайраның (р.а.) хадисінде келтірілген.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: