Әзілдің де орны бар

Әзілдің де орны бар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

  Ислам діні адамдарды дәйім бір-бірлерімен көркем мәміледе болуларына, қарапайымдылықты ұстанып, жылы қабақ танытып жүруге үгіттейді. Адамның бір-біріне күлімсірей қарауының өзін садақа екендігі жайында көптеген хадистер бар. Жылы шыраймен оң қабақ танытып, аз ғана болса да күлімсіреу, тәтті сөз, орынды әзілдер арқылы пенделер арасында әсерлі сұхбаттар безендіріледі. Бүгінгі тақырыпты дінде әзілдесудің орны жайлы айта кеткенді жөн санадық.

   Әзілдесу демекші, Кеңес дәуірінде осы бір әзілдесуге арналған арнайы бір күн (1 сәуір) де белгіленгені баршаға мәлім. Әзілдесу арқылы осы бір күннен талайлар жапа да шеккендігі есімізде. Жалпы шариғатымыз әзіл болса да, жалған сөз айту күнін еш қолдамайды. Дінімізде әзілдесудің де өз орны мен әдебі бар.

   Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Мен де әзіл айтамын, бірақ рас сөздер арқылы ғана айтамын", дейді. (Имам Табәрәни).

Демек, әзілдесу де өз жарасымымен болуы керек. Әзілдің арты реніш пен налаға айналып кетпеуі үшін өз шарттары бар. Мұсылман адам осы бір талаптарға терең мән беруі ләзім. Ғұламалар әзілді тағамға қосатын тұзға ұқсатқан. Тұз астың дәмін келтіргені сияқты, әзіл де қарапайымдылық пен жарасымдылықты көрсетуі керек. Әзіл арасына жалған сөздер қосылмауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала Құранда: "Жалған сөздерден аулақ, жырақта болыңдар!" деп ескертеді. (Хаж сүресі, 30-аят). Жалған сөз адам көңіліне қатты әсер қалдыратыны мәлім. Сол үшін де жәй әзіл ретінде ғана айтылған сөздің арасына өтірік сөз қосылса, күнәлі істерден болып саналады. Әзіл арасында масқаралау, кемсіту сияқты амалдар да орын алмауы керек. Күндердің бірінде Пайғамбарымыздың алдына бір әйел келді. Өзіне тиісті, білгісі келген мәселелеріне жауаптар алған соң шығып кетеді. Сол кезде Айша анамыз (р.ғ.):"Бойы аласа әйел екен ия?" дегендей ғып әзіл арқылы өз ойын ортаға салды. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):"Әй, Айша, сен қазір сондай жаман сөз айттың, егер сол сөзің теңізге түсетін болса, теңіздің суын былғап жіберетін еді!", деді. (Имам Абу Дәуіт пен Имам Тирмизи риуаяты)

   Дін ғұламалары өздерінің бір сөздерінде айтады: "Адам дегеніміз-Алла Тағаланың құрған бір қабырға немесе дуалы іспеттес. Ол қабырғаны кім ойран етеді? Ол қабырғаны опасыз адам қиратады. Қалайша деген сұраққа, масқаралау, кемсіту арқылы деп түсіндіреді. Әзіл арқылы дінге, шариғатқа, Исламға және ілім иелеріне (ғалымдар) тіл тигізіп қоюдан сақтануымыз керек. Шариғат қылдан нәзік, қылыштан өткір деп бекер айтылмаған. Біреудің затын жасырып қою, сұраусыз, рұқсатсыз алып әзілдесуге де еш болмайды екен. Абдулла ибн Сәиб (р.ғ.) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "Біреудің затын тығып, жасырып қойып әзілдеспеңіздер", - дейді. Мейлі танысы болсын, мейлі бөгде жан болса да оларды әзіл ретінде қорқыту, шошытуға да болмайды. Әзілдесіп болса да мұсылман баласын қорқыту арам істерден болып табылады. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабалармен бірге отырған кезде, олардың бірі ұйықтап қалды. Сол кезде екінші бір кісі арқанды жыланға ұқсатып, оған нұсқады. Ұйықтап жатқан сахаба шошып оянып кетеді. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қорқытушы кісіге: "Мұсылманды қорқыту имандылыққа жатпайды, адал іс емес", деп түсіндіреді. (Имам Әбу Дәуіт риуаяты) Адамдардың ойларына ұят, анайырақ болып келуші, соған себепкер болатын әртүрлі сөздер арқылы әзілдерден де тым алыс жүргеніміз абзал екен. Хадистерде ұят болатын жаман сөздер арқылы әзілдерден тыйған.

  Пенде әркімге, кім көрінгенмен де әзілдесе бермеуі керек. Көрнекті сахаба Сағд ибн Әбу Уаққас р.ғ. өзінің ұлына: "Ұлым, ешқашан абыройлы, құрметті (ақсақал, ұстаз, т.б.) кісілермен әзілдеспегін! Және өзіңнен дәрежесі төмен адамдармен (мүгедек, кедей, міскін т.б.) де әзілдесуден аулақ болғын, өйткені олар да ренжіп қалулары бек мүмкін!", деп өсиет айтқан екен.

 Сөз соңында, жалпы адам баласы мейлі рас сөйлесе де, мейлі әзілдеп сөйлесе де оның сөздерін жазып тұрушы періштелердің дайын тұрғандығын назардан тыс шығармағаны абзал.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: