Мұсылман ғалымдарының пайымдауынша, зекет берілетін адамдардың бірнеше санаты бар. Сол санаттың әрбіріне жеке-жеке тоқталып өтейік:
1. Ауқатсыздар [міскіндер]
Бұл санатқа ештемесі жоқ адамдар жатады, сол себепті олар өзгелерден азық-түлік, киім-кешек сұрауға мәжбүр болады, яғни, бұлар өте мұқтаж жандар, олардың кейбіреулерінде тіпті баспаналары да жоқ.
2. Мұқтаж мұсылмандар [пақырлар]
Бұл санатқа – мал-мүлкінің көлемі нисаб мөлшеріне жетпейтін адамдар жатады. Адамның баспана, үй әбзелдері және қарыздарын өтеуге жететіндей қаражаты бар адамдар мұқтаж жандар болып саналады. Бұл санатқа тұрақты жұмыстарының болуына қарамастан кірістері маңызды қажеттіліктерін шеше алмайтын адамдар жатады.
3. Зекет жинаушылар
Бұл санатқа тікелей міндеті тұрғылықты халықтан зекет жинау болып табылатын адамдар жатады. Жиналған зекеттің бөлігі олардың жалақысы ретінде беріледі. Тіпті зекет жинаушының қомақты ауқаты болса да оған қордан нақты бір сома төленуі тиіс, алайда аталмыш төлем жиналған зекеттің жартысынан асып кетпеу керек.
Зекет жинауды бұл салада тәжірибесі мен ілімі бар адамдарға не болмаса арнайы ұйымдарға тапсырған жөн. Алайда зекет жинаушы зекетке қатысты мұсылман құқық қағидаларына сай әділеттілікті негізге ала отырып жұмыс істеуі тиіс. Бұл зекет жинаумен, оны жазумен, оны бөлумен, оны сақтаумен және т.б. жұмыстармен айналысатын адамдарға қатысты.
4. Жүректерін исламға бейімдеуді қажет ететін адамдар
Бұл санатқа ислам дініне тартылатын адамдар жатады, сол себепті оларға зекет беруге болады. Мысалы, Меккені жаулап алған соң Пайғамбарымыз (ﷺ) зекеттің жартысын ислам дінін қабылдағандарға бергізуге бұйырған. Алайда олардың ішінде әлі де мұсылман болмағандар бар еді.
Осындай қайырымдылық амалының мақсаты өздеріне сенімсіз болған адамдардың иманын күшейтіп, ислам дініне деген көзқарастарын оңалту болатын.
Ал ханафи және шафиғи мәзһабтарын ұстанушы ғалымдардың пікірінше, өзге дін өкілдеріне зекет беруге болмайды. Олар мұны былай түсіндіреді - ислам діні енді бас көтеріп келе жатқан кезде мұсылмандардың саны аз болды, ал иман келтірмегендер көп әрі күшті болған себепті ғана Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылман еместерге зекет бергіздірген. Кейін келе Алла Тағала ислам дінінің, мұсылмандардың дәрежесін көтерді де мұсылман еместерге зекет беру міндетті болмай қалды.
5. Тұтқындар
Құлдық орын алған бұрынғы кездері зекетті құлдықтан босанып шыққысы келген жандарға беретін болған, яғни адам оған берілген зекеттің көмегімен өздерін сатып алып, құлдықтан азат болатын. Алайда халықаралық құқық пен конвенцияға сәйкес құлдыққа ресми түрде тыйым салынғандықтан, қазіргі заманда тұтқындарға зекет беру сондай өзекті емес.
6. Борышкерлер
Бұл санатқа қарыздарын төлеп болған соң нисаб мөлшеріне жететін қаражаты қалмаған адамдар жатады. Сондай-ақ, аталмыш санатқа қаражаты өзгелердің қолында болып, ал әлгі қаражатты өзіне қайтарып ала алмайтын жандар да жатады.
Мысалы үшін, мұқтаж бен борышкер санатындағы адамның біреуіне ғана зекет беру таңдауы түскенде – зекетті қарызы жоқ мұқтаж жанға бергеннен гөрі мойнында қарызы болуы себепті қиын жағдайда жүрген борышкерге берген абзал. Өйткені борышкер моральдық түрде азат емес, сол себепті оның жанын жегідей жеп жүрген қиындықтарын шешуге көмектесу керек.
7. Алла жолындағы адамдар
Бұл санатқа кімдерді жатқызуға болады дегенде мұсылман ғалымдарының пікірлері бірнешеге бөлінген. Имам Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф ауыр жағдайда болып Алла жолында жүргендерге ғана беріледі деп санаса, ал имам Шафиғи мен имам Мәлик адамның мүлік жағдайы маңызды емес деп есептеген.
Ханбали мәзһабының өкілдері мен кейбір ханафилердің айтуынша, қажылыққа бару да Алла жолындағы әрекет болып саналады. Сол себепті қажылыққа баруға ниет білдіргендерге зекет беруге болады, бірақ бір шарты бар – қажылық нәпіл емес, парыз қажылық болуы қажет.
Ханафи мәзһабының танымал факихі әл-Касани өзінің «әл-Бадайи» еңбегіндегі «фи сабилиллях» [Алла үшін] деген сөзге түсініктеме бере отырып: «Алланың мейіріміне жақын болу мақсатында жасалатын кез-келген әрекет», - деп айтқан.
Демек, ақиқат жолында жүріп, мұқтаж болған жандардың бәрі осы санатқа жатады. Сондай-ақ, бл санатқа ғылым жолында жүрген адамдарды да жатқызуға болады. Сол себепті білім алушының жағдайы жақсы болғанына қарамастан оның зекет алуына құқығы бар [әл-Касани, 2/45].
Ал имам Мәлик Алла жолындағы адамдарға ислам дінін қорғау үшін шайқасатын жауынгерлерді жатқызған [аз-Зухайли, 2/876].
8. Жолаушылар
Бұл санатқа жақсы да игі амалдар жасау үшін жолға шыққан адамдар жатады. Алайда туындаған материалдық қиындықтар себепті олар көздеген жерлеріне жете алмай қалғандар. Бұған қажылық, әлдебір адамды зиярат ету және сауда-саттық жасау мақсатында жолға шыққандарды да жатқызуға болады.
asyldin.kz