"Білім - инемен құдық қазғандай" - дейді дана халқымыз. Ал білімдердің атасы - дін білімі, Алланы тану. Қыз-келіншектердің діни сауатын ашу мақсатында қала, аудандарда мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курстары жұмыс жасайды. Соның бірі "Кеңесхан қажы" мешітінде.
Аталған мешітте ҚМДБ Әйел-қыздар секторының білім бағдарламасы бойынша 1 кезең 3 айлық курсты тамамдаған шәкірттер емтихан тапсырды. Сынақты мешіттің наиб имамы Ералы Киибаев мен Дінтанушы PhD доктор, ұстаз Зейнеп Жәдігерқызы қабылдады.
Емтихан алдын имам білім жайында насихат айтып, алғашқы сынақты өзі қабылдады. Қыз-келіншектер 3 айда Құран әліппесі бойынша дұғалар бөліміне келген болатын. Осы Құран, ақида, ғибадат сабақтары бойынша сұрақтар қойылып, шәкірттер тарапынан жақсы жауаптар берілді. Ұстаздар шәкірттердің алған білімінің нәтижесіне жоғары баға берді. Айта кетейік, емтиханнан өткен қыздар келесі кезеңде білім алуды жалғастырады.
Шарадан соң шәкірттер мен ұстаздар дастархан басында бас қосып, дін насихатын тыңдады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі