Әр адамдағы періште саны

Әр адамдағы періште саны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Риуаят бойынша ана құрсағына жауап беретін бір періште бар. Аталық ұрық ана жатырына келіп түскенде әлгі періште оны алақанына салып:

– Аллам менің! Мына ұйыған тамшы жаратылыс бола ма әлде болмай ма? – деп сұрайды.

Егер Алла Тағала «Болмайды», - десе періште ұйыған тамшыны қанға айналдырып жібереді де бала болмайды. Егер Алла Тағала «Болады»,  десе періште қайтадан былай сұрайды:

– Йа, Раббым! Ұл бола ма әлде қыз бола ма? Жазмышы мен өмір жасы қандай болмақ?

Сонда Алла Тағала:

– Аналық Кітабына қара, - деп айтады.

Аналық Кітап – Алла Тағаланың құдіретті қаламұшымен адамдардың тағдыры жазылған қасиетті тақта және де адамның Тозақтық немесе Жұмақтық болатынын да осында жазылған. Әлгі періште Қасиетті тақтаға қарап, сәбидің өмір жасы мен пешенесіне не жазылғанын біледі. Содан кейін періште оның жерленетін жерінен бір шымшым топырақ алып, оны ұйыған тамшымен араластырады. Содан соң періште оның маңдайына несібесін, өмір жасын әрі оған жазылған барлық жаман, жақсы нәрселерді жазады.

Алла Тағала жер мен көктің ортасында сырты жұмыртқаның ақ қабығымен қапталғандай қала жаратқан. Бұл қалада жетпіс мың қақпа бар және әрбір қақпасында адам кейіпіндегі мың періште тұрады. Жұма күні бұл періштелер былай деп дұға жасайды:

– Аллам менің! Кімде-кім жұма күні дәрет алып, жұма намазына барса, соны кешір де жарылқай гөр.

Әбу Хурайра (р.а.) мен Әбу Саид Әл-Худри (р.а.) келесіні келтірген:

– Жәбірейіл (ғ.с.) былай айтқан: «Жетінші көкте жерден жетпіс есе үлкен бір періштені көріп, одан:

– Сен бәрін білесің бе? – деп сұрадым.

Сонда әлгі періште маған былай жауап берді:

– Екі нәрседен басқаның бәрін білемін. Оның біріншісі, "Әшхаду ан ля иляха илляллах уа ашхаду анна Мухаммадан абдуху уа Расулюху" куәлігін айтқаны үшін қандай сый болатынын білмеймін. Екіншіден, дін жолында қарсы тұратынға берілетін сауап маған беймәлім.

Мұны естіген Жәбірейіл (ғ.с.) Алла Елшісіне (ﷺ) келіп, бәрін түсіндіріп береді.

Әбу Тәліп Мекки былай айтқан:

– Әр күні төрт жақтан төрт періште төрт түрлі нәрсені айтады. Солардың бірі:

– Уа, жақсылық жасаушы! Көп жақсылық жаса да зиян келтірме.

Екіншісі: «Жаратушы! Кімде-кім өз нанын басқа біреуге берсе, Сен оған одан да көп ризық бер. Ал кімде-кім несібесімен бөліскісі келмесе, оның несібесін құрт», - деп айтады.

Үшіншісі: «Сендер бұл дүниеде мәңгі қалатындай болып ішіп-жейсіңдер, бірақ жолдың соңында өлім күтуде. Салған мына ғимараттарыңды уақыт талқандайды», - дейді.

Төртіншісі былай айтады: «Ішіңдер де жеңдер! Соңында есеп болады».

Алла Тағала бұл жөнінде Құранда былай айтқан:

«Негізінен сендерге әлбетте бақылаушылар бар. Ардақты жазушылар» (82:10-12).

Мұфассирлер былай түсініктеме береді:

– Адамның оң және сол жағында періште бар. Оң жақтағы періште оның жақсы амалдарын жазса, сол жақтағы періште жаман амалдарын жазады.

Ибн Аббас (р.г.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

– Әрбір адамның бес періштесі бар. Оң жақтағы біреуі оның жақсы амалдарын жазады. Сол жақтағысы – жаман амалдарын жазады. Үшіншісі алдында жүріп оған жақсылыққа апаратын жолды көрсетеді. Төртіншісі соңынан жүріп оны зұлымдықтан қағады. Бесінші періште оның маңдайында болады, әр кез адам салауат айтқанда, әлгі періште жазып алып оны Алла Елшісіне (ﷺ) жеткізіп отырады.

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: