Адам атаның ұмытуы

Адам атаның ұмытуы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Алла Тағала Адам атаны жаратып, оған жан берген кезде, Адам ата Алланың қалауымен түшкіріп, "Әлхамду Лилләһ" деді. Алла Тағала Адам атаға "Ярхамукәллаһ"(Алла сені рақымына алсын" деді, сосын: "Әй, Адам! анау отырған періштелерді көрдің бе, бар да соларға Әссәләму алайкум дегін! Және олардың не деп жауап беретіндерін үйреніп ал!" - деді.

Адам ата періштелердің алдына барып, "Әссәләму алайкум" деп еді, Періштелер: "Уа алайкумуссалам уа рахматуллаһ" - деп жауап қайтарды.

Адам ата Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала:" Әй, Адам! Бұл сөз қиямет күніне дейін сенің және ұрпақтарыңның арасындағы сәлемдесу, амандасу үлгісі болады", деді. Сосын Алла Тағала: "Әй, Адам, мына екі нәрсенің бірін таңдағын" дейді. Адам ата: "Оң тараптағыны таңдаймын" деді. Алла оң тарапты ашты, ол жақта Адам атаның ұрпақтары бар еді. Адам ата ғажаптана: "Уа Раббым,бұлар кімдер?" деді. Алла Тағала: "Бұлар сенің ұрпақтарың" деді. Адам атамыз өз ұрпақтарын көрді. Әрқайсысының маңдайларында нұр жарқырап тұрғанын көрді. Солардың ішінен ерекше бір нұрды көріп, Раббысынан оның кім екендігін сұрады. Алла Тағала: "Бұл Дәуіт (пайғамбар), оның ғұмыры алпыс жылдық" деді. Адам ата Дәуіттің өмір жасын аз деп санап, оған жасына жас қосуын сұрады. Алла Тағала оның ғұмыр жасының ендігі кезде толыққанды белгіленіп қойғандығын айтты. Сол кезде Адам ата өзіне берілген ғұмырдың қырық жасын Дәуіттің өміріне қосып, жүз жылдық ғұмыр етіп беруін өтінді.

Алла Тағала Адам атамызға жәннатта өзінің қанша қалағанынша өмір сүре беруін бұйырды. Алайда Ібліс шайтан Алла Тағала тиым салған жеміс арқылы Адам атаны азғырып, Алланың ашуына ұшыратады. Нәтижесінде Адам атамызбен Хауа анамыз жұмақтан қуылып, жерге түсірілді.

  Адам ата жер бетінде қалағанынша өмір сүрді. Өйткені Алла Тағала оған берілген ғұмырдың мың жыл екендігін білдірген еді. Адам атаның өмірінің аяқталуына қырық жыл қалған кезде, өлім періштесі (Әзрейіл) оның жанын алуға келді. Адам атамыз есептеп, өмірінің әлі қырық жылы бар екендігін, әрі өлім періштесінің мұнысымен келіспейтін айтады. Өлім періштесі Адам атамызға қалған қырық жылдың Дәуітке берілгендігін ескертеді. Сол кезде Адам ата бұл жәйт өзінің есінен шығып кеткендігін, ұмытқандығын айтып, соңында мойындаған екен.

   Осы бір жердегі ұмыту деген жағдай сол кезден бастап, осы кезге дейін Адам атаның ұрпақтарына да мирас болып қалған екен. Рас, ұмытшақпыз! Сол үшін де адам "инсан-нисиян-ұмыту" деген сөзден алынған.

           Қиссадан алынатын пайдалар:

1.Түшкірген адам "Әлхамду лилләһ" деп айтуы, бұны естіген адам "Ярхамукаллаһ" деп айтуы, түшкірген адам қайтадан "Яһдикумуллаһу уә иуслиху бәәләкум (Алла сені тура жолға салсын, жүрегіңізді дұрыстасын)" деп жауап берулері сүннет амалдарына жатады.

2.Сәлем беру. Адам атаны жаратқан уақыттан бастап, қияметке дейін өз жалғасын табатын сәлемнің үрдісі.

3.Адам ата өзінің ұрпағынан болған Дәуіт пайғамбарға жақсылық жасап, өмірінің бір бөлшегін тарту еткені сияқты әр адам да өзгелерге өмір (донор, дұға жасау), жақсылық сыйлауға тырысуы керек.

4.Ібіліс адам баласының ең үлкен дұшпаны. Адамдары емес, шайтанды дұшпан тұтуымыз керек. Өйткені ол, Адам атаны жұмақтан шығуына себепкер болғаны секілді, біздерді де тура жолдан тайдыруға тырысады.

5.Адамның ұмытшақтығы, естен шығаруы. Сол сияқты біздер де өлімді, күнәларымызды,ғибадаттарымызды т.б естен шығармағанымыз абзал.

 Сұлтаншәріп қажы Джадраев 

«Сұлтан» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: