Жамбыл ауданы Қаламаңы ауылы Айтиева орта мектебінде «Хаджи Тамаль Мадина» мешітінің имамы Абилов Ансар мектеп оқушыларымен кездесті. Келелі кездесуде жастарға дін маманы «ихсан» терминін жан-жақты түсіндірді.
Ихсан ілімінің тәрбие негізі бола алатындығын нақты айтқан маман, жастарды білімді де әдепті болуға шақырды. Асылында, ихсан ілімі тәрбие мен тәлімнің қайнар көзі. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен.
Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Сол себепті болашақ ұрпақтың тәрбиесін әсте қараусыз қалдыруға болмайтындығын естен шығармайық!
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі