ИСЛАМНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ БОЛЫП АРАБ ЖАЗИРАСЫНЫҢ ТАҢДАЛУ СЫРЫ

ИСЛАМНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ БОЛЫП АРАБ ЖАЗИРАСЫНЫҢ ТАҢДАЛУ СЫРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл әлемге жол көрсетуші ретінде жіберілген ең соңғы пайғамбардың елшілік миссиясы неліктен әлемнің сол бір бөлігінде пайда болды? Ислам дағуасының жалынды шырағы, өзгелерден бұрын араб халқының қолында болуының сыры неде? Тап осындай сұрақтар әрбір мұсылманның ойына қашан болмасын келері қалыпты жағдай. Осынау сауалдарға жауап іздеу жолында әуелі араб жұртының исламнан алдыңғы болмысы мен мінез-құлық ерекшеліктерін білуіміз борыш. Сонымен қатар олар өмір сүрген географиялық аймақ пен сол жер тілімінің айналасына қатысты алар орнын зерттеп, өз кезегінде сол кезеңдегі парсылар, римдіктер, гректер және үнділер сияқты ұлттардың әдеттерін, типологиялық және мәдени ерекшеліктерін саралауымыз міндет. Олай болса, алдымен исламның келуі қарсаңында Араб түбегі төңірегінде өмір сүрген халықтардың хал-ахуалын қысқаша шолумен бастасақ.

Сол кезеңде әлемді екі мемлекет билеп, өзіндік өркениеттерін қалыптастырған болатын. Олар Парсы империясы мен Рим империясы. Бұлардан кейінгі деңгейде Ежелгі Грекия және Үнді мемлекеті тұратын.

Парсы империясына келсек, ол заман Парсы мемлекеті біріне-бірі қарама-қайшы, қайнаған әр түрлі діни пәлсапа арбауларының отаны еді. Сол бір ағымдардың қатарында зороастризм діні де болатын. Билік басындағы көсемдердің басым бөлігі осынау бағытты ұстанатын. Бұл діннің пәлсапасында ер адам анасымен, қызымен немесе қарындасымен үйленуі абзал саналатын. Тіпті, бесінші ғасырдың орта шағында билік құрған Йездигерд II өзінің туған қызына үйленген. Бұл олардың сол мезгілдегі моральдық ауытқуларының бір көрінісі ғана.

Сонымен қатар онда, тарихшы әш-Шаһрастанидің айтуы бойынша, адамдарға су мен от және жайылым қалайша ортақ болса, әйелдер мен мал-мүлік те дәл солай көпшілікке арналған болуы керек дейтін пәлсапаға негізделген маздакизм ағымы да кең тараған еді. Бұл үндеу көңіл қалауына ергендер мен жеңілтектер тарапынан үлкен қолдау тауып, жұртшылық бұл идеологияны құлшына қабылдаған болатын [1, б.276].

Рим империясы болса, оны толығымен отаршылдық рухы билейтін. Өз ішінде діни келіспеушілікке бүтіндей берілгенімен қатар Шам және Мысыр христиандарымен де қарама-қайшылықта еді. Құмарлықтары мен көңіл қалаулары негізінде христиандықты өзгертіп, алаяқтық жасау жолында әскери күш қуаты мен отаршылдық саясатына сүйенетін.

Сонымен қатар бұл мемлекет те азғындау тұрғысынан Парсы империясынан еш кем емес болатын. Билік тарапынан алынатын салық пен әлділердің әлімжеттік көрсету арқылы жинайтын алымдары нәтижесінде қоғамның ахуалы құлдырау мен экономикалық қиыншылықтарды бастан кешіруде еді.

Грекияны айтар болсақ, артында ешбір пайда келтірмейтін пәлсапалық аңыздар мен ертегілердің әуестігіне батқан болатын.

Үнді мемлекетінің жағдайына тоқталсақ, ол туралы профессор Әбул-Хасан ән-Нәдуи «Расында, алтыншы ғасырдың бас кезі Үнді мемлекетінің дін, мінез-құлық және қоғамтұрғысынан ең құлдыраған шағы екендігіне жазушылар бір ауыздан келіскен. Үнді мемлекеті де көршілес мемлекеттермен бірге моральдық және әлеуметтік деградацияға серіктескен еді», - дейді [2, б.43].

Міне, сонымен қатар біздің білуіміз міндет болған тағы бір нәрсе –  осынау әр түрлі мемлекеттерді осыншалық деңгейдегі бақытсыздық, құлдырау мен бұзылуға итермелеген  басты әрі барлығына ортақ бір фактор, тура жолға жетелейтін өнегеден жұрдай, тек қана материалдық құндылықтарға негізделген өркениет пен мәдениет болатын. Өйткені, өркениет – өзінің әр түрлі компоненттері және көріністерімен қоса алған күннің өзінде тек құрал мен себеп қана. Егер өркениет иелері дұрыс ойлау мен ұлы тұлғалық қасиеттерден айырылса, олардың қолындағы өркениет  бақытсыздық пен бейберекеттің түбіне түсіретін құралға айналады. Ал, егер өркениет иелеріне, көбіне тек дін мен Құдайдың уахиы арқылы ғана келетін түзу ақыл өлшемі берілсе, өркениет пен мәдениеттің барша құндылықтары кәміл бақытқа жеткізетін оңай да көркем себептерге айналары сөзсіз.

Ал, Араб жазирасы болса сол бір заман әлгіндей бүліктердің көріністерінен алыста әрі тыныш, тіпті оқшауланған күй кешуде еді. Өйткені ол халықта азғындық жолдарын және жеңілтектік пен моральдық құлдырау пәлсапасын ойлап тауып, оны дін принциптерінен деп бекітетіндей парсылық сән-салтанат пен мәдениет болған жоқ. Айналасындағы жерлерге үстемдік ету мақсатымен қол салатынадай римдік әскери озбырлық та жоқ еді. Ертегілер мен аңыздарға олжа болатындай грек пәлсапасы мен пікірталастарының байлықтары да берілмеген болатын.

Олардың табиғаты қазанға түсіп балқытылмаған шикі металға ұқсайтын. Сол үшін де олардан таза адами болмыстың белгілері мен адалдық, қайсарлық, жомарттық, намысшылдық пен ұстамдылық тәрізді мақтаулы адамгершілік қасиеттерге деген қатты ұмтылыс көрінетін. Оларға тек, қарапайым надандық пен алғашқы табиғи жағдайдың қараңғылығында тіршілік етулері себепті, жоғарыда айтылған қасиеттерге дұрыс жетудің жолын айқындайтын білім ғана жетіспейтін. Сондықтан да көп жағдайда тура жолдан адасып, ар-абырой желеуімен қыздарын өлтіре алатын, жомарттығын дәлелдеу үшін зәру мал-мүлкін құрта салатын, ерлік әрі намысшылдық қозғауымен өзара шайқасқа түсіп кете салатын. Осы жағдайды Алла Тағала: {Ол сендерді тура жолға салмай тұрып сендер адасып жүрген қауым едіңдер}, - деп сипаттаған болатын [5, б.31]. Бұл жердегі адасу сипатын сол кезеңдегі өзге халықтардың ахуалымен салыстыратын болсақ, арабтарды айыптау әрі кінәлау емес, оларға үзірлі көзбен қарауды меңзейтіндей. Өйткені, басқа халықтар өздерінің шектен тыс ауытқуларына қолдарында өркениет пен мәдениеттің шамшырағы бола тұра ұшырап, бүлінудің батпағына түсініп біле тұра аунап жатқандай еді [3, б.21].

Араб жазирасының географиялық алқабына келсек, ол айналасындағы қайнап жатқан мемлекеттердің нақ ортасында орналасқан. Профессор Мұхаммед әл-Мүбарак: «Араб өркениеті екі мәдениеттің ортасында орналасқан болатын. Олардың бірі, рухани қасиеттерден жұрдай, тек материалдық құндылыққа ғана негізделген батыс өркениеті. Екіншісі болса, тіршілікке қолайсыз, көбіне қияли рухани құндылықтарды дәріптейтін шығыс өркениеті еді», - деп айқындайды [4, б.16].

Араб жұрты мен оларды қоршаған өзге де халықтардың исламнан алдыңғы жағдайларын елестетіп көрсек, Алла Елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуі мен елшілік миссиясының әлемнің сол бір бөлігінде пайда болуындағы Алла Тағаланың даналығын көру оңайға соғады. Сонымен бірге әлемнің әр қиырындағы бүкіл адам баласына жіберілген ислам діні дағуасының шамшырағын әлемге жеткізетін әуелгі жұртшылықтың араб халқы болуындағы сырды да аңғаруға болады.

Алайда бұл, жалған дін мен жасанды өркениет иелерін, олар өз бұзақылықтарын мақтаныш әрі салиқалы іс деп есептеулері себепті тура жолға салу қиынға соғады, ал, надандықтарын жасырмайтын әрі өздеріне берілмеген мәдениет, білім мен өркениетті меңгергендей кейіп танытпайтын, әліге зерттеу және үйрену кезеңінде жүрген қауымға тура жолды көрсету, оларды жөнге салу оңай дегенді білдірмейді. Шынайы даналық бұл емес. Ақиқатында бұлай сараптау, істерді оңай және қиын деп бөлетін, қиыншылықтан қашып жеңілін таңдайтын құдіреті шектеулі әрі күш-қуаты әлсіз затқа қатысты болса керек.

Ал, Ұлы әрі Үстем Алла Тағала ислам дағуасының болашағын парсылар мен римдіктердің немесе үнділердің жерінде жасауды қаласа, осынау үгіт-насихаттың жетістікке жетуіне керекті алғы шарттарды сол жерлерде де әзірлеп қоя салатын еді. Бұл Алла Тағалаға қалайша ауыр болсын?! Ол әрбір нәрсенің Жаратушысы және барша себептер мен құралдарды жоқтан бар етуші ғой!

Алайда, бұл таңдаудың даналығы, адамдар пайғамбарлығында күмән келтірмесі үшін және дағуасының шынайылығына қатысты күдіктері көбеймес үшін Алла Елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оқу-жазуды білмейтін жан болуындағы даналыққа ұқсас еді. Осынау хикметтің шарықтау шегі – Алла Елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық миссиясымен жіберілген қоршаған ортасы да оқу-жазуды білмейтін «үмми» қоғам екендігі. Олардың өмір салты мен ой өрісіне көршілес өркениеттердің әдеттері мен жалған пәлсапалық көзқарастары енбеген болатын.

Адамдар Пайғамбардың білім алып жүргенін, көне кітаптармен, жоқ болып кеткен халықтардың тарихтары және көршілес мемлекеттердің өркениеттерімен танысып жүргенін көрсе, міндетті түрде көйкейлеріне күдік орнығар еді. Сол сияқты, ислам дағуасы да өркениет пен мәдениет және философияда өзіндік алар орны бар Парсы, Рим және Грекия тәрізді мемлекеттердің бірінде пайда болса, күмәнданып жүргендер осынау керемет өркениет пен кәміл заңнаманы өркениеттік тәжірибе және философиялық идеялар жасап шығарды деп ойлауы әбден мүмкін болатын. Алла Тағала сол бір хикметті баяндап Құран Кәрімде: {(Уа, Мұхаммед!) Бұл Кітап өзіңе түспей тұрып, сен кітап оқыған яки жазу жазған жан емес едің. Егер бұған дейін хат таныған болсаң, онда Құранды жалғанға шығаратындар соны сылтауратып, Оның Хақтан келгендігіне сөзсіз күмән келтірер еді}, - дейді [5, б.402].

Алла Елшісінің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оқу-жазуды білмейтін «үмми» екендігін баяндайтын өзге де аяттар:

1) {Олар – қолдарындағы Тәурат пен Інжілде (көптеген ерекшеліктері мен қасиеттері) жазылған «үмми» (еш уақытта оқымаған, жазбаған, ешбір елдің салт-санасы мен мәдениетінен әсерленбеген, ақыл-ойы, сана-сезімі һәм жүрегі тек көктен келетін уахи мен аянға ғана ауған) пайғамбар, ұлы Елшінің соңынан еретіндер. Сол пайғамбар оларды жақсылыққа үндеп, жамандық атаулыдан тыяды. Оларға таза һәм пайдалы нәрселерді адал етіп, лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады. Сондай-ақ оларды мойындарына артылған (өздерінің бұрынғы шариғатынан қалған) ауыр міндеттер мен бұғаулардан босатады. Оған шын көңілден иман келтіріп, барынша қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп, онымен бірге түскен нұрды (Құранды) басшылыққа алғандар бар ғой, міне, солар – (һәм дүниеде, һәм ақыретте) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер} [5, б.170].

2) {(Уа, Мұхаммед! Күллі адамзатқа): «Уа, адамзат! Шүбәсіз, мен Алланың баршаңа ортақ елшісімін. Ол – күллі аспан әлемі мен жердің иелігі, бар билігі бір Өзіне тиесілі болған Алла. Одан басқа тәңір жоқ. Жан бітіріп сыйлайтын да, өмірді қиятын да бір Алла. Ендеше, сендер де Аллаға және Оның барлық сөздеріне (яғни, барлық кітаптары мен үкімдеріне) кәміл иман келтірген «үмми» пайғамбары әрі хақ елшісіне иман келтіріп, соңынан еріңдер. Сонда тура жолға түсесіңдер», - деп жар сал} [5, б.170].

3){Ол (кітап иелеріне жатпайтын, хат танымайтын) «үмми» қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға (Алланың өзіне уахи еткен) аяттарын оқиды, оларды (яғни, ой-саналарын теріс түсініктерден, жүркетерін жалған сенімдер мен күна атаулыдан) арылтады, сондай-ақ оларға (Алла түсірген) кітап пен хикметті (яғни өзінің сүннеті арқылы Құранның мән-мағынасын) үйретеді. Әйтпесе, олар бұған дейін анық адасуда еді}, - дейді [5, б.553].

Осылайша Алла Тағала ақырғы елшісінің және осынау қауымның басым көпшілігінің оқу-жазуды білмейтін «үмми» болуын қалады. Мұның сыры – пайғамбарлық пен ислам шариғатының мұғжизасы адамдардың санасында айқын орнығуы әрі өзге де әр түрлі адамзат ойлап тапқан дағуалармен еш шатаспауы үшін еді. Бұл нәрсе, анық болғандай, Алла Тағаланың құлдарына деген ұлы мейірімін қамтиды.

Сонымен қатар, әрбір зерттеуші үшін қапы қалмайтын тағы басқа хикметтерді төменде қысқаша келтіріп кетсек:

  1. Расында, Алла Тағала Бәйтулланы (Қағбаны) адамдар үшін сауабы мол зиярат орны және қауіпсіз мекен қылғаны мәлім. Сонымен қоса, шүбәсіз, жер бетінде адамдар үшін құлшылық үшін ең алғаш салынған үй де – Меккедегі Қағба. Кезінде Алла Тағала сол бір сайларда пайғамбарлардың бабасы Ибраһимнің дағуасын орнықтырды. Аталмыш берекелі жердің Ибраһим бабамыздың жолы болған ислам дағуасының алтын бесігі ретінде таңдалуы және ең соңғы пайғамбардың дүниеге келуі мен елшілік миссиясы да осы жерде болуы жоғарыда айтылғандардың баршасының кемел жалғасы еді. Қалайша болмасын, Ол кісі Ибраһимнің (Алланың сәлемі болсын) нәсілінен емес пе?!
  2. Араб жазирасының географиялық орналасуы да оны осынау дағуаның жүгін көтеруге лайықты етеді. Өйткені ол, айтып өткеніміздей, әр түрлі халықтардың дәл ортасынан орын тепкен. Бұл нәрсе өз кезегінде ислам нұрының оны қоршаған барлық ұлттар мен мемлекеттерге оңай әрі жеңіл таралуын қамтамасыз ететін. Исламның әуелгі шағы мен әділетті халифалардың кезеңіндегі ислам дағуасының жүрген жолына көз салсақ, аталған мәліметтердің іс жүзінде жүзеге асқанын айқын әрі анық бейнеде көреміз.
  3. Алла Тағала даналығымен ислам дағуасының тілі әрі Құран Кәрімді түсіндіруші және бізге жеткізуші алғашқы құрал араб тілі болғанын қалады. Егер біз тілдердің ерекшеліктеріне терең үңіліп, өзара салыстырып көретін болсақ, расында, араб тілі өзге тілдерде жоқ көпшілік қасиеттермен ерекшеленетінін білеміз. Осылайша ол, жерлері мен елдерінің әр түрлі болуына қарамастан күллі мұсылман қаумының бірінші орындағы тілі болуға лайықты болды.

 

Үсен ТІЛЕУБЕРДИЕВ

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің наиб имамы


 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әш-Шаһрастани. әл-Миләл уән-Нихәл. – 2-басылым. – Бейрут: Дәр әл-Кутуб әл-Илмия, 1992. – 734 б.

2. Әбул-Хасан ән-Нәдуи. Мәзә хасира әл-Алам бинхитати әл-Муслимин. – 3-басылым. – Каир: Мәктәбә әт-Тәуфиқиә, 2016. – 240 б.

3. Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бути. Фиқһу әс-Сира ән-Нәбәуиә. – Бейрут: Дәр әл-Фикр, 1993. – 400 б.

4. Мұхаммед әл-Мүбарак. әл-Умма әл-Арабия фи мағрака тахқиқ әз-Зәт. – 1-басылым. – Дамаск: әл-Матбаға әл-Һашимия, 1959. – 216 б.

5. Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбаев. Құран Кәрім. Қазақша түсіндірмелі аударма. – 1-басылым. – Алматы: Көкжиек баспасы, 2015. – 699 б.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: