الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Пендені Жаратушының сүйіспеншілігіне, адамдардың алғысына бөлейтін істердің негізгісі – жомарттық. Жомарттық деп – адам баласының мал-дүниені ізгілік жолында ауырсынбай, кеңпейілмен сарп етуіне айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 3-аятында:
الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ
«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп айтқан.
Жомарттық адамның көркем мінезінің кемелдігінің көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі ең жомарты еді. Ол турасында хадисте:
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ أَجْوَدَ النَّاسِ ؛ وَكَانَ أَجْوَدَ مَا يَكُونُ فِي رَمَضَانَ حِينَ يَلْقَاهُ جِبْرِيلُ
«Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі ең жомарты еді. Әсіресе, Рамазан айында, Жәбірейілмен кездескенде ерекше жомарттық танытатын», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).
Қазақ халқында жомарт адамдарды «Қолы ашық жан», «Атымтай жомарт», «Дархан көңілді адам» деп құрметтеп, түрлі атаулармен атаған. Ата-бабаларымыз: «Кең болсаң – кем болмайсың», – деп ұрпағына әрдайым кеңпейілді болуға, қолында барымен өзгелермен бөлісіп, жәрдемдесуді өсиет еткен. Айталық, ұлының атын «Жомарт» деп қоюуы да ата-бабаларымыздың жомарттықты қаншалықты қастерлей білгендігінің көрінісі.
Жүсіп Баласағұни бабамыз:
Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі,
Бақыт берген жанға бақыт тиесі, – деген.
- Сахауат. Мал-мүліктің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді.
- Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Хазіреті Әбу Бәкірдің Ислам жолында жасаған жомарттығы осыған жатқызылады. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) оның бұл жомарттығын былайша баяндайды:
«Исламның кең таралуы үшін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба», – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Уа, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде «Оларға Алла мен Оның Елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым», – деді. Мұны естіп: «Бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын», – деп түйдім.
- Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгелер үшін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен бірдей. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мұһажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп бергендігін келтіруге болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 9-аятында:
وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақтанса, міне солар құтылушылар», – деп айтқан.
Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жомарт жандарға берілетін көптеген артықшылықтар жайында баяндалған. Солардың негізгілеріне тоқталатын болсақ мынадай:
Бірінші: Жомарт жанның мал-дүниесіне береке кіреді
«Қолы ашықтың жолы ашық демекші» жомарт адамның мал-дүниесіне, жасайтын кәсібіне береке кіреді. Себебі, жомарттық – Алла Тағаланың берген мал-дүниесіне деген шүкірліктің ең үлкен көрінісі. Сол себепті өзіне берілген мал дүниеге шүкірлік ретінде өзгерлерге жәрдемдесіп, қол ұшын беріп, жомарттық тантықан пенденің ризық несібесі молайып, одан әрі арта түсетін болады. Алла Тағал қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 7-аятында:
لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ
«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», – деп айтқан.
Бұл тұста Алла жолында берілген мал-дүниені құдықтың суымен салыстыруымызға болады. Құдықтың бетіндегі суды қанша алсақ та, астынан тағы да су шығып, толып отыратындығы сияқты, өзгеге жәрдемдескен адамның дүниесіне де осылайша береке кіріп, молайып тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إِلَّا عِزًّا، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ للَّهِ إِلَّا رَفَعَهُ اللَّهُ
«Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).
Тіпті періштелердің өзі жомарт жанның мал-дүниесіне береке кіруін тілеп, Жаратушы Алла Тағалаға жалбыранып, дұға ететін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إلا مَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا
«Әр күні, Алланың құлдары оянатын уақытта, көктен екі періште түсіп, оладың бірі: «Уа, Алла, дүниесін (сауапты істерге) жұмсағандардың дүниесін толықтыр!» – десе, екіншісі: «Уа, Алла, сараңның ісін опат қыл!» – дейді», – деген (имам Бұхари, Муслим).
Адамның жомарттығы оның жүрегінде болады. Жомарт жан ондағы дүние-мүліктің иесі Алла Тағала екендігін жақсы білгендіктен, өзгелерге жәрдемдесуді өзіне Жаратушының бергенін, Соның жолында жұмсау деп түсінеді.
Кезінде бір жомарт жаннан бір адам: «Кедей-кепшік пен мұқтаждарға берген нәрселеріңнен көңіліңде тәкаппарлық, оларды өзіңе қарыздар көру сезімі бола ма?» – деп сұраған екен. Сонда жомарт: «Әсте олай емес. Мен өзімді аспаздың қолындағы шөміш сияқты көремін. Берілген нәрсе шөміш арқылы келгенімен, оның негізгі берушісі аспаз емес пе? Сондықтан да шөміште «ризық беруші менмін» деген сезімнің болуы мүмкін емес», – депті.
Мәзһабымыздың негізін қалаушы, ғұлама-ғалым Әбу Ханифа (Алла оны мейіріміне бөлесін) қолы ашық, жомарт жан болды. Ол кісі әрдайым мұқтаждарға, ғалымдарға, білім талап етуші шәкірттерге көп көмектесіп тұратын. Жыл соңында табысынан артып қалған ақшаны білім жолында жүргендерге таратып беретін. Сонда имам Әбу Ханифа (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мына қаражатты қажеттеріңе жұмсаңдар. Алайда, бұны берген Алла Тағалаға шүкір етуді ұмытпаңдар. Өйткені бұл дәулет маған тиесілі емес. Алла Тағаланың рақым етіп, менің қолым арқылы сендерге жіберген несібесі», – дейтін.
Екінші: Жомарт жандар ақыретте мол сауапқа кенеледі
Жүрегі жомарт, өзгелерге әрдайым жәрдемдесетін адам шексіз сауаптарға кенеледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 274-аятында:
الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرًّا وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ
«Мал-дүниелерін түнде де, күндіз де, жасырын және жария түрде Алла жолында жұмсайтындардың сыйы – Раббысының қасында (дайын). Оларға қорқу мен қайғы болмайды», – деп айтқан. Тәпсірде: «Алла Тағала тарапынан айтылған бұл мақтау – Оның жолында, Оның ризалығын көздеп, күндіз бен түннің барлық уақытында, түрлі жағдайларда жасырын және жария түрде дүниелерін жұмсаушыларға қатысты айтылған», – делінеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللَّهُ في ظِلِّهِ يَوْمَ لا ظِلَّ إلَّا ظِلُّهُ
«Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні саясынан жай береді», – деген. Солардың бірі:
وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ بِصَدَقَةٍ فَأَخْفَاهَا حَتَّى لاَ تَعْلَمَ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ
«Оң қолының бергенін сол қолы көрмейтіндей, садақаны жасырын берген адам», – екендігін айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Жомарт болу үшін, дүние-дәулеттің мол болуы міндетті емес. Жомарт болу үшін адам өзінде барды көмекке зәру адаммен шынайы ақ пейілімен бөлісу. Сол себепті бұрынғы өткен даналардан: «Жомарт болу үшін бай болу міндетті емес. Керісінше бай болу үшін, жомарт болуыңыз керек», – дейтін сөз қалған.
Қисса
Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің жағдайым өте мүшкіл. Қарным аш, жоқтықтан әбден азып-тоздым. Маған жәрдем етіңізші», – деп, өтініш айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахабасын өз үйіне жібертіп, тамақ алып келуін сұратады. Алайда, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен мәлемі болсын) дәл сол кезде үйінде тіске басар ешнәрсе жоқ болып шығады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла елшісінің қонағын кім қабылдайды?» – деп сұрайды. Бір ансарлық сахаба: «Уа, Алланың Елшісі! Мен қабылдаймын», – дейді. Әлгі сахаба Пайғамбардың қонағын күтетініне қатты қуанып, оны жетектеп, үйіне алып келеді. Бірақ, үйіне келсе, балаларына деген азғантай тамақтан өзге ас жоқ екендігін байқайды. Сонда жұбайы екеуі ақылдасып, әйелі балаларын алдандырып, ұйықтатып, ал өзі байқамай шамның жарығын өшіріп алғандай кейіп танытып, май шамды өшіріп тастайды. Қараңғыда үйлеріндегі азғантай тамақты қонағына салып беріп, өздері бос ыдысты ұстап, тамақ жеп отырған адамдай болады. Қонақ та олар тамақ жеп отыр екен деп, еш іркілместен, өзіне ұсынылған тамақты жеп алады. Ертеңінде үй иесі қонағын ертіп, таң намазына барған уақытында, оның алдынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімдеп қарсы алып: «Алла Тағала сенің отбасыңның бүгін түнде қонақтарыңа көрсеткен құрметтеріңе риза болды!» – дейді.
Үшінші: Жомарттық – Алла Тағаланың кешіріміне бөленеді
Қасиетті Құранда «садақа беру» деген сөз «Алла Тағалаға қарыз беру» деген баламада қолданылған. Өйткені Алла Тағала садақа берушінің сауабын қияметте еселеп қайтарып, сол ісі арқылы күнәларын да кешіреді. Қасиетті Құранның «Тағабун» сүресі, 17-аятында:
إِنْ تُقْرِضُوا اللهَ قَرْضًا حَسَنًا يُضَاعِفْهُ لَكُمْ وَيَغْفِرْ لَكُمْ وَاللهُ شَكُورٌ حَلِيمٌ
«Егер, Аллаға көркем қарыз берсеңдер, (тиісті орынға мал сарып қылсаңдар) оны сендер үшін неше есе арттырады әрі сендерді жарылқайды. Алла шүкірлікті бағалаушы, өте жұмсақ», – деп айтылған.
Айша анамыздан жеткен хадисте былай делінеді: «Бірде маған қолына екі қызын көтеріп бір кедей әйел кірді. Мен оған үш құрма бердім, ал ол болса құрманың екеуін бір-бірден екі қызына берді де, үшінші құрманы өзі жемекші болып аузына апара бергенде, қыздары оған телміріп қарап тағы тамақ сұрады. Ол болса қолындағы құрманы қыздарына бөліп берді. Мен бұл оқиғаға таңырқап, болған жайды Алла елшісіне айтқанымда, ол: «Расында, бұл үшін Алла оған жәннатты міндет етті немесе оны тозақтың отынан босатты!» – деді», – деген.
Төртінші: Жомарт жан адамдардың алғысы мен сый-құрметіне бөленеді
Адамдар арасындағы сүйсіпеншілік орнаудың бір жолы олардың өзара бір-біріне жәрдемші болуы. Осыны ескерген мұсылман адам барынша адамдарға көмек қолын созуға, әсіресе дос-жаран, туыстарымыз мұқтаж болған кезде, оларға бірінші болып жәрдемдесуге тырысуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
السَّخِيُّ قَرِيبٌ مِنْ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنْ الْجَنَّةِ قَرِيبٌ مِنَ النَّاسِ بَعِيدٌ مِنَ النَّارِ وَالْبَخِيلُ بَعِيدٌ مِنْ اللَّهِ بَعِيدٌ مِنَ الْجَنَّةِ بَعِيدٌ مِنَ النَّاسِ قَرِيبٌ مِنَ النَّارِ
«Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын», – деген.
Ахмед Иүгінеки бабамыз: «Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта, барлық кісі жомарттың жақсылығын айтады. Жомарттық барлық айыптың кірін жуады. Жомарт бол, саған сөз де, сөгіс те келмейді. Сөз келетін жолды жомарттық тыяды, жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді. Қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді. Жомарттықты әрі зиялы әрі қарапайым халық та мақтайды. Жомарт білімді жете меңгереді. Жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешеді. Жомарт ер – халықтың құрметтісі. Жомарттық – абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады. Жомарттық – сені сүйіспеншілікке бөлейді», – деген.
Хакім Абай: «Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ», – деп, өзгелерге жанашыр, жәрдемші болған адамды өзгелер де құрметтеп, ол адамның дос жарандары, жақындары көбейетіндігін айтқан.
Қисса
Халқымызда «Атымтай жомарт» атымен танымал болып кеткен Хатим Ат-Таий деген кісінің керемет бір тұлпары болыпты. Шашасына жан жұқтырмайтын оның тұлпары қандай дүл-дүл бәйгелердің бәрінде алдына жан салмай, бірінші болып келетін көрінеді. Шапқанда екпінінен жел ескен жануардың ұшқырлығы, пішініне көз тоймас әдемілігі жайындағы әңгіме Парсы патшасына дейін жетеді. Патша Атымтай жомартқа өзінің елшісін жіберіп: «Маған қандай жолмен болмасын оның тұлпарын алып кел, қажет болса сәйгүліктің салмағына тең келетін алтын беруге дайын екенімді айт», – деген екен. Елші Атымтай Жомарттың үйіне барғанында, Атымтай қонақ келгендігіне қатты қуаныпты. Келген мән-жайын айтқызбастан «Қонақ келсе құт әкеледі, алыс жолдан шаршап келген шығарсыз, төсек салып берейін демалып алыңыз, әңгімені содан кейін де айтармыз» – деп, төсегін салып, қонағын демалуға жатқызады. Елші оянса, алдында бір табақ ет тұрады. Тамақтан алып отырып елші: «Мен сіздің тұлпарыңызға құда түсіп келген парсы патшасының елшісі едім. Патшам ол тұлпар жайында естіп, салмағы қанша тартса, соншалықты алтын беруге дайын екендігін айтты», десе Атымтай: «Менде тұлпар жоқ», – дейді екен. Елші таң қалып: «Қалайша жоқ? Сіздің тұлпарыңызды бүкіл ел аңыз қылып айтып жүр ғой?» – дейді. Сонда Атымтай: «Ол тұлпар қазір сіздің асқазаныңызда шауып бара жатыр», – деген екен.
«Құдайы қонағы келгенде жалғыз атын сойып беріпті» деген сөз осыдан қалған екен.
Қадірменді жамағат!
Өзге адамдарға жәрдемдесіп, қол үшін беруші адамға дүние-ақыретте берілетін саукаптар өте мол. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 261-аятында:
مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاء وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Алла жолында мал сарп қылғандардың мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші», – деп мысал келтірген.
Алла Тағала біздерді жаны жомарт жандардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі