«Жанұяда тек бір ұл болса, ата-анасы оны өздерімен тұруға мәжбүрлеуі мүмкін; ал бірнеше ұлы болса – онда жеңілірек, кейбіреулері бөлек тұра алады әрі ата-анасы жалғыздықта қалмайтын болады. Міне, сондықтан да көп бала болғаны жөн», - дейді бес баланың анасы. Мен үндемедім, өйткені барлық пендеге балалы болу бақыты нәсіп етілмеген ғой...
Бұдан кейін ұшан-теңіз ойларым мен білетін баласыз жұптар мен жалғыз басты адамдарға қарай ауыса берді. Егер Алла оларға бала бермесе, олар өздерінің қартайған кездеріндегі өміріне қалай қарайды екен? Олар өз тағдырына қынжылар ма екен әлде жан тыныштығын сақтап қалу үшін тағдырына разы болар ма екен?
Әрқайсымыз да тәубәшіл не болмаса шүкірсіз болуды таңдай аламыз. Бойы аласа адамдар бойымыз қысқа деп бойшаңдарға мұңая қараса; жол шетінде отырған қайыршы қасынан зуылдап өтіп жатқан көздің жауын алатын автокөліктерге қызыға қарайды; соқыр адам көзінің көрмейтініне, саңырау адам құлағының естімейтініне, мылқау адам сөйлей алмайтынына қайғырса; баласы жоқ жандар балалы отбасына қызыға да қайғыра қарап, баласыз екендігіне өкінеді...
Егер біз жіберіп алған мүмкіндіктеріміз үшін қамығып, уайымға және шүкірсіздікке салынар болсақ, онда біз Алланың бізге берген нығметтерінен айырылар едік. Қамшының сабындай қысқа өмірімізді бізге тән емес дүниелерге зарланып жүріп, оның жақсы сәттерін жіберіп алармыз.
Шүкірсіздік пен жағымсыз ойлауға бейімділік көбіне қыз-келіншектерде кездеседі – ол туралы тіпті хадистерде келтірілген. Күйеуге шықпаған қыз оған бір жөні түзу адам кездеспеді деп қаймығады, өйткені дос-қыздары болса тұрмысқа шығуда, ал ата-анасы оны әлі күнге жалғызсын деп жазғыруда. Бала көтере алмай жүрген тұрмыстағы әйел, өзінен кейін тұрмысқа шығып, үшінші рет аяғы ауыр болған дос-қызына қарап, өзін одан бетер бақытсыз сезінеді. Тағы бір әйел – көп балалы ана, күні бойы өзінің кішкене пәтерінде күйбеңдеп жүріп, басқа әйелдердің сәнді виллада тұрып, үй қызметшілерін ұстайтынына қарап қызғанышын жасыра алмайды. Шүкірсіздік кейбіреулеріміздің өмір бойына соңымыздан қалмайды: тіпті қалағанымызға қолымызды жеткізіп отырсақ та, біз бұл қайырымдылықты тез ұмытып кетеміз де, бізге тағы да бір нәрсенің жетіспейтіндігіне наразы боламыз. Әйтеуір, қайткенде де шүкірсіз болудың бір себебін тауып аламыз. Неге? Өйткені тойымсыз, қанағаты жоқ нәпсінің соңына ілесіп аламыз да соның шырмауынан шыға алмай жүреміз. Сөйтіп, Алланың берген нығметіне разылық танытудан, Оған шүкір айтудан қаламыз
«Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз!» (14:34).
Бізге берілген үлкен мейірімділіктің бірі – «ар-рида бил-кадр», яғни Алланың жазмышына разы болу ахуалы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) өз дұғаларының бірінде осы қасиетті сұраған. Бұл разылық – ақиқатында бұл дүниедегі тыныштықтың қайнар көзі:
«Иә, Алла, Сенің жазмышыңа және Сенің маған сыйлағаныңа разы болар сабырлы жүрек сұраймын».
Бұған қалай қол жеткізуге болады? Пайғамбарымыз (ﷺ) мұны бізге үйретіп кеткен болатын:
«Өздеріңнен жағдайлары жақсыларға қарамаңдар. Өздеріңнен жағдайлары нашарларға қараңдар, өйткені бұл сендерге Алланың мейірімін естеріңе түсіреді» (Бұхари мен Мүслим).
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтады:
«Алланың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән. Алладан оның кеңшілігін сұраңдар. Шәксіз Алла әр нәрсені толық білуші» (4:32).
«(Әй мүміндер!) Сендерге сүйкімсіз болса да соғыс парыз қылынды. Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер!» (2:216).
Ал біз жағдайлары бізден де жақсыларға қызғанышпен, іштарлықпен қарамайтын болсақ, онда біз де олар жеткен табыстарға қол жеткізер едік:
«Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз.Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (16:96-7).
Егер адам Алла разылығы үшін басқалардың жетістіктері мен пендешілік игіліктеріне қарап шүкірсіздік пен уайымға салынудан бас тартуға тырысып көрсе, оның орнына қайырымды істерге көп көңіл қойса, онда бұл оған мәңгілік өмірде шегі болмас мәңгілік бақыт пен рақатқа бөленуге мүмкіндік береді.
Егер адам «Алланың тағдырына разы болу» күйіне жетер болса, онда күйеуге шықпаған қыз өзінен жасы кіші дос-қыздарының тұрмысқа шыққанын естігенде, қайғырмас еді; баласыз жұптар туыстарында бесінші баланың дүниеге келгенін көріп, шамданғандарын қояр еді; жалғыздықта қалған қарт адам, көрші жанұяның мейрамға қалай жиналғанын көріп, қасірет жұтпайтын еді. Оның орнына олар Алланың алдын ала жазып қойған жазмышына разылық білдіріп, сабырлық танытар еді. Осы екі қасиетті бұл дүниенің барлық байлығына сатып алуға болмайды.
«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13, 28).
asyldin.kz