Тәубеге келуде айтылатын ең күшті дұға

Тәубеге келуде айтылатын ең күшті дұға

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кінәлік сезім – адам баласының тәубесіне келуіне, жасаған қателіктеріне опық жеп, жақсы жаққа қарай өзгеруіне көмектеседі, алайда бұл сезімнің екінші жағы да бар: кейде адам шектен шығып кетіп жатады әрі ол үшін қайырлы болатын нәрсе жағымсыз дүниеге айналып сала беруі де мүмкін.   

Дұрыс сезім (мұны тәубеге келу деп атайық) мен бұрыс сезімнің арасында айырмашылық бар. Алдымен осы екі терминнің мағыналарын анықтап алайық.  Доктор Дэвид Бернс «Жақсы көңіл-күй» кітабында былай келтірген: «Тәубеге келу – сіздің мінез-құлқыңызға бағытталса, ал кінәлік сезім – сіздің эгоңызға бағытталған, міне, екеуінің айырмашылығы осында жатыр».

Кінәлік сезім – бұл жаза

Кінә – Тозақ мекендеушілеріне арналған жазаның бірі. Қиямет күні тозақтықтар теріс қылықтары үшін мәңгі жазалансын деп олардың барлық жаман амалдары егжей-тегжейлі көрсетілетін болады.

Бұл баянсыз өмірде күнә жасамайтын адам болмайды, дегенмен, жіберген олқылықтары мен жасаған қателік-кемшілік, күнәлары үшін тәубеге келіп, қателіктерін түзеп, Алладан кешірім сұрау үшін оларға уақыт – өмір берілді ғой, алайда олар бұл мүмкіндіктерін жіберіп алғандар. Енді олар мәңгі опық жеп, бармақтарын тістеп, өкініп өтетіндер, өйткені артқа қайтар жол жоқ.

Олардың «йа ляйтани!» - деп айқайлаған жан дауыстары шексіз өкініштерін білдіреді, адамдардың бұл жан айқайын сөзбе-сөз аудару мүмкін емес, бірақ осы сөз олардың кінәлік сезімін дөп басып сипаттайды.

«Ол күні әр залым өз қолын шайнап: “Әттеген-ай! Пайғамбармен бірге жол тұтқан болсам еді” дейді. “Нендей өкініш маған; Әттең! Мен пәленбайды дос тұтпаған болса едім…” (25:27-28).

«… Әттең! Топырақ болып кеткен болсам” дейді (78:40).

Кінәлік сезім адамды жан азабына салып қояды әрі оның салдары өте жаман болуы мүмкін. Кінәлік сезім клиникалық депрессияның маңызды белгілерінің бірі болып табылады.  Шектен шыққан кінә адамдардың өз пайдасыздығын сезініп, депрессияға түсуіне әкеліп соғады.

Кейбір адамдар кінәлік сезімдеріне қарамастан, өздерінің күнә жасайтын әдеттерін неге өзгертпейді?

Көбінесе «күнәһар» немесе нашар адам деп өзін-өзі айыптауы, келе-келе адамның тәубеге келуіне кедергі келтіретін болады.

Кез-келген адам үшін өзіне нашар адам деп қарау жексұрын ой болып табылады, сол себепті өзін-өзі айыптаудан құтылудың орнына ол өз қылықтарын теріске шығарып, өзінің бұрыс жасағанын мойындаудан бас тартады. Ал бұл өз кезегінде тәубеге келу үдерісін қиындатады.

Сонда күнә жасап қойған адам не істеуі керек? Доктор Бернстің айтуынша, кінәлік сезім әрдайым тек адамның өзіне ғана бағытталады. Мұны етістік пен зат есімнің арасындағы айырмашылықты мысалға ала отырып, ой зерегінен өткізіп көру керек. Егер сіз өзіңізді, мысалы,  «күнәһар» деп зат есімді қолдансаңыз, онда бұл жерде сіздің «меніңіз» сипаттап отырған өзіне тән қасиеттері бар адамды айыптап отыр.

Егер сіз «Мен күнә жасадым» деп етістікті қолданатын болсаңыз, онда сіз өз мінез-құлқыңызға басты назар аударғаныңыз. Етістік зат есімге қарағанда өзгеріп тұрады. Ішкі «менді» өзгерткеннен гөрі мінез-құлықты өзгерту анағұрлым жеңілірек.

Ең алғаш күнә жасаған адам кім?

Адам Ата (ғ.а.) өзін «күнәһармын» деп айтпаған. Ол: «Мен өзіме кесір істедім», - деген.

«(Адам Ата мен Хауа ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мәрхамет етпесең әлбетте зиян етушілерден боламыз» деді» (7:23).

Негізінде, Алла Тағала күнә жасайтындарды сипаттау үшін мынадай терминді қолданады: «(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді” де» (39:53).

Мынаған көңіл аударыңыздаршы, Жаратушы Алла «күнәһар» деген зат есімнің орнына «өздеріне зиян қылғандар» деп айтқан.

Тәубеге келу дегеніміз дұрыс жасалмаған іс-әрекетіміз үшін өкініп, опық жеп, оны мойындап, мінез-құлқымыздың өзгеруін, келешекте мұндай әрекеттің қайталанбауы мақсатында Алладан кешірім сұрау.

Алланың жарылқауына қол жеткізуге және тәубеге келуге Алла Елшісі (ﷺ) «саййидул-истиғфар» деп атаған дұға көмектеседі.

Бұл — тәубеге келудегі ең басты дұға, өйткені аталмыш дұға өзіне ұқсас дұғаларды бойына сіңіріп алған. Терең де кең мағынасына қарап бұл дұғаны «Тәубеге келудегі дұғаның шыңы» деп те атайды.

اللَّهُمَّ أَنْتَ رَبِّي لا إِلَهَ إِلا أَنْتَ خَلَقْتَنِي وَأَنَا عَبْدُكَ وَأَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَوَعْدِكَ مَا اسْتَطَعْتُ أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ أَبُوءُ لَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَيَّ وَأَبُوءُ لَكَ بِذَنْبِي فَاغْفِرْ لِي فَإِنَّهُ لا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلا أَنْتَ

Аллахумма анта Рабби, ля иляха илля анта, халяктани уа ана абдук, уа ана а’ля а’хдика, уа уа’дика мастата’ту. А’узу бикя мин шарри ма санат’у, абуу лякя би – ни’матикя а’лейя уа абу бизанби фагфир лии фа – иннаху ля йагфируз – зунуба илля анта

(Уа, Алла! Сен менің Жаратушымсың. Құлшылық етуге Сенен лайық, Сенен басқа құдай жоқ. Мені Сен Жараттың. Мен Сенің құлыңмын. Әлімнің жеткенінше Саған бойұсыну мен адалдығым туралы сертімде тұруға тырысамын. Өзімнің жасаған қателіктерім мен күнәларымның кесірінен Саған сиынамын. Сенің берген барлық нығметтеріңе шүкір айтамын әрі менің күнәларымды жарылқауыңды сұраймын. Мені жарылқай гөр, өйткені Сенен басқа ешкім күнәларды жарылқаушы емес).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: