ПАЙҒАМБАР ﷺ ҚАНДАЙ КӘСІП ИГЕРДІ?

ПАЙҒАМБАР ﷺ ҚАНДАЙ КӘСІП ИГЕРДІ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исі бүтін ғаламға Хақ дінді әкеліп, әлемдерге иман шуағын төкті. Қиямет қайымға дейінгі адамзат баласын қара түнектен алып шығатын мәңгілік алауды жаққан Алла елшісі артынан тағылымы мол өнеге қалдырды. Оның сұлу сүннеті асыл дініміздегі қасиетті Құран Кәрімнен кейінгі екінші тұма бастау саналады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінің маңыздылығы соншалықты, ол жөнінде жүздеген том кітаптар жазылған. Осының негізінде шариғатымызда «хадис ілімі» атты іргелі ғылым саласы қалыптасты. Бүгінгі мақаламызда сол хадис ілімі бойынша Пайғамбарымыз қандай кәсіп иесі болған еді деген тақырыпты қаузамақшымыз.

 

ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ   КӘСІБІ

 

Пайғамбарлар – Хақ Тағаланың қалауымен ерекше кемел болып жаратылған адамзаттың ардақтылары. Хақ елшілері – сөз жоқ, ғалам үшін иләһи нығмет, адамзаттың бақ құсы. Олар Ұлы Жаратушының пәрменін қаз-қалпында жеткізіп, иләһи үкімді қалай ұғыну һәм қалай тұтыну керектігін үйретуші – тәлімі мінсіз тәлімгерлер. Шыр етіп дүние есігін ашқандағы ұлы миссиясы – хақиқатты паш ету болғандықтан, Хақ елшілері бұл уәзипаны тегін әрі мінсіз атқарған.

Дін – Алланың ұлы заңдылығы. Осы ұлы заңдылықты тәпіштеп, бүге-шігесіне дейін түсіндіруші пайғамбарлар адам ретінде қалай ғұмыр кешті? Нәпақасын неден айырды? Отбасының қалай тіреу бола алды?

Иә, олар дінтұтқа болғанымен, күн-көрісіне дінді құрал қылмаған еді. Пайғамбарлардың ғұмырына көз жүгіртсек, оған нық, анық көз жеткізе аламыз. Хақ елшілері дінді көркем түрде насихаттағанымен, қарымтасына дүниелік пайданы көздемеген. Олар әрдайым алаған емес, береген қол бола білген. Пайғамбарлар шежіресінің соңғы алтын арқау, күміс жалғауы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген» деп, теміршілік кәсіптің пірі болған Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге еткен. Әсілі хазіреті Дәуіт тек пайғамбар емес, ел билеуші патша болатын. Демек әрі пайғамбар әрі ел билеген Дәуіт нәпақасын өз маңдай терімен теріп жесе, патшалық құрмаған пайғамбарлардың тек адал еңбекпен ғана күн көргенін пайымдай аламыз.

Мәшһүр Құран тәпсіршісі Құртуби Дәуіттің темір ұсталығын игеруіне мына жайттың түрткі болғанын айтады:

«Хазіреті Дәуіттің киімін өзгертіп киіп алып, халық арасына шығып, жұрттан: «Дәуіт қандай кісі?» – деп сұрайтын әдеті бар еді. Бірде Жәбірейіл (оған Алла разы болсын) жас адамның кейпінде онымен кездеседі.

Дәуіт: «Әй, жігітім! Дәуіт туралы не айтасың?» – дейді. Жәбірейіл: «Дәуіт жақсы адам. Бірақ оның бір кемшілігі бар», – деп уәж айтады. Дәуіт таңданып: «Ол қандай кемшілік еді?» –  деп сұрайды. Жігіт: «Ол күнкөріс ақысын мемлекеттің қазынасынан алады. Ал адамдардың ең қайырлысы – өз еңбегін қорек қылған адам», –дейді. Жігіттің сынын естіп, аузына құм құйылған Дәуіт ағыл-тегіл көз жасына ерік беріп: «Уа, Аллам! Маған қазынаға мұқтаж етпейтіндей бір нәпақа табу жолын үйрете көр!» деп Жаббар Хаққа жалбарынады. Алла Тағала тілегін қабыл қылып, Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға сауыт жасауды үйретеді. Темірді жұмсартады. Ол темірді қамырдай илейді. Иә, Хақ елшілері отбасын маңдай терімен нәпақа тауып, асырады. Ішкен асына адал болғандықтан, оларды қалың бұқара қадір тұтты.

Пайғамбарлардың бәрі күнкөріс үшін белгілі бір кәсіптің қас майталманы болған. Мәселен, жер бетіндегі ілкі тіршілік иесі әрі алғашқы пайғамбар Адам – диқан, Нұх – ағаш шебері, Ыдырыс – тігінші, Ибрахим – маташы, Дәуіт – темір ұстасы, Сүлеймен – себет тоқушы, Зәкария – ағаш ұстасы, Иса – анасы иірген жіпті сатушы әрі дәрігер, Хұд пен Салих – саудагер, Әюб – диқан, Мұса мен Шұғайып (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар шопан болған. Яғни пайғамбарлар белгілі-бір кәсіппен шұғылданып, нәпақасын, ішер ас, киер киімін өздері табатын.

 

АЛҒАШҚЫ КӘСІБІ ҚАНДАЙ?

 

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар болғанға дейін қандай мектеп көрді? Қандай кәсіппен шұғылданды? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасының құрсағында жатқан кезде-ақ, әкесі Абдолла Ясрибте жантәсілім етті. Одан қала берді алты жасқа келгенде әкесінің қабірін зиярат етіп, қайтып келе жатқанда Әба деген жерде анасы Әмина мәңгілік сапарға аттанды. Бұрын әкесіз жетім болса, енді тұл жетім атанды. Сөйтіп екінші анасы саналған Үммү Әйман Мұхаммедті Меккедегі атасы Абдулмутталибке табыстайды. Құрайыш тайпасының бетке тұтар беделді ақсақалы саналған Абдулмутталиб сүйікті немересін бауырына басып, оны қал-қадерінше өсіріп-жеткізеді. Немересін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, анасының орнына ана, әкесінің орнына әке болып, барынша мәпелеп өсіреді. Алайда Абдулмутталиб сүйікті немересі сегіз жасқа толғанда жан тапсырып, бақилық болады. Көкөрім бала үшін бұл аянышты жағдай болғанымен, жазмыш Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатал тағдырдың тезіне салып, келешекте көретін қазабатына баули түскен-ді. Сөйтіп жантәсілім етерде атасының айтқан өсиеті бойынша, Мұхаммед немере ағасы Әбу Тәліптің үйіне барып, қашан ер жеткенге дейін осы көкесінің қамқорлығында болады.

Сол кезде сегіз жасқа шыққан өрімдей оғлан ешкімге жүк болғысы келмей, көкесі Әбу Тәліптен қой бағып, шопандық кәсіппен шұғылдануға рұқсат сұрайды. Көкесі інісінің меселін қайтармай, оның «қой бағамын» деген ниетін құптап, қолдау білдіреді. Мұхаммедтің жас та болса, өз-өзіне бас болып, шопандықпен шұғылдануы, оның кейінгі ұлы миссияны атқармас бұрын басынан кешірген ұлы еңбек мектебі еді.

Иә, жазмыш оған өмірдің ащы-тұщы дәмін таттырып, қоғамның әртүрлі сатысынан өткізіп, иләһи ұлы істерге жастайынан баулыды. Қой қайырып, мал күзеткен сол күндері туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла шопандық жасамаған ешқандай пайғамбарды жібермеген», – деп шопандық кәсіптің артықшылығын айтып беріп отыратын. Сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Сен де (шопан) ме?» –деп сұрағанда, Хақ елшісі: «Иә, мен де Меккенің Карарит деген жерінде қой бағатынмын», – деген болатын. Қасиеті Құран Кәрімде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар болғанға дейінгі өмірін былайша жеткізеді: «Сәске уақытына, тым-тырыс түнге ант. Раббың сені тастамады да, кейімеді. Әрине, сен үшін ақырет дүниеден жақсы. Әлбетте, Раббың саған береді де разы боласың. Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма? Сені кедей көріп, байытпады ма? Ендеше жетімді қорлама, Сұраушыға зекіме. Раббыңның нығметін білдір» («Дұқа» сүресі, 1-11 аяттар). Иә, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімдіктің тақсыретін тарта жүріп, сегіз жасқа толғанында ешкімге масыл болмай, өзінше кәсіп қылған болатын. Бұл сөз жоқ, Пайғамбарымыздың адамзат баласын ерінбей еңбек етуге үндеген сұлу сүннеті еді.

 

САУДА-САТТЫҚТАҒЫ   СЕРІКТЕСТЕРІ

 

Жиырма үш жасынан бастап сауда-саттық ісіне араласқан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамыздан өзге де серіктестерімен мудараба келісімшарты негізінде сауда жасаған. Алайда Алла елшісінің өзге серіктестерімен жасаған сауда-саттығы туралы деректер там-тұм, яғни өте аз десек болады. Десек те қолда бар деректерде Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәһилия дәуірінде меккелік Әс Саиб бин Әбус Саиб атты ауқатты адаммен серіктес болғаны айтылады.

Әбус Саибтың толық есімі – Сайфи бин Аиз бин Абдуллаһ бин Омар бин Маһзум. Әс Саибтың анасы – Зайнаб бинт Осман бин Абдуллаһ бин Омар бин Маһзум. Зайнабтың анасы – Сафия бинт Үмайиа бин Абдушамс бин Абдуманаф. Яғни Әбус Сайбтың шешесі Құрайыштың Хашым руынан. Алла елшісімен ол шеше жағынан барып туысады.

Әбус Саибтың Абдуллаһ атты ұлы Алла елшісін көріп, Хақ дінді қабылдап, сахаба болу бақытына ие болған еді. Сондай-ақ «Кутуби-Ситте» кітаптарында оның Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис риуаят еткені айтылады. Әбус Саибтың тағы бір ұлы Абдуррахман болса, Жамал соғысында қаза тапқан еді. Әбус Саиб Меккедегі ауқаттылардың қатарына жатқандықтан, өз ұлдарына ақсүйек әулеттерден қыз айттырған. Оның келіндері – Рамла бинт Урва Зул Бурдайн, Уммул Харис бинт әл-Харис бин Хубайра Хижаз өңірінің атақты тайпаларының қыздары еді. Яғни Исламға дейінгі араб қоғамында ақсүйектік һәм трайбалистік қағидалардың басымдыққа ие болғанын ескерсек, Әбус Саиб һәм оның ұрпақтарының сөз ұстар, беделді әулет болғанын аңғарамыз.

Ибн Сад «Табакат» атты шығармасында Әс Саиб хақында мынадай ақпарат жеткізеді: «Ол (Әс Саиб Бин Әбус Саиб) Исламның алғашқы кезеңдерінде Хақ елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда-саттықта серіктес еді. Меккеге фатх жасалып, мұсылмандар қалаға кіргенде, ол Мұхаммедке келіп жолығып, Исламды қабылдады. Алла елшісі: «Сәлем бердік, ешкімді алдамаған және тартыспаған бауырым һәм серіктесім әс- Саиб! Жәһилия дәуірінде (Алла құзырында) қабыл етілмейтін істер жасайтын едің. Сен ол істерді рулық және туыстық үшін жасайтынсың. Ол әрекеттерің бүгін (мұсылман болғандықтан) енді сенен қабыл болды», – дейді.

Ал ибн Хажар сол күнгі жағдай туралы әс-Саибтің сөзімен былай дейді: «Мекке алынған күні кейбір сахабалар мені Алла елшісіне ертіп алып барды. Осман мен басқа кісілер мені мақтай бастады. Сол кезде Хақ елшісі: «Оны маған үйретпеңдер (мақтамаңдар). Ол менің жәһилия кезеңіндегі жолдасым. Мен оны сол кезден бері танимын».

Иә, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәһилия дәуірінде талай игі жақсымен өмірде дәмдес һәм сауда-саттықта әріптес болды. Өзінің серіктестері туралы дәйім жақсы сөздер айтатын. Әс-Саиб бин Әбус Саибты да жақсы көріп, ол хақында жылы пікір білдіретін. Әс-Саиб бин Әбус Саиб та Алла елшісімен сауда-саттық жасаған кездерін қимастықпен еске алып, оның сенімді серіктес болғанын жиі аузына алатын. Ол: «Жәһилия дәуірінде Хақ елшісі менің серіктесім еді. Ол өте жақсы серіктес болатын. Ешқашан бос тартыспайтын», – деп Хақ елшісімен бірге өткізген күндерін масаттана айтатын.

Әбус Саибтың жоғарыдағы пікіріне қарап, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда-саттықта қаншалықты сенімді серіктес болғанын байқауға болады. Иә, Хақ елшісі туабітті сыдық һәм аманатқа берік жан еді. Иләһи осы сипаттары оның қандай бір ізгі іс болмасын үдесінен шыға білетін шәһбаз болғанын әйгілейді.

 

ПАЙҒАМБАР НЕГЕ САУДАМЕН ШҰҒЫЛДАНДЫ?

 

Сияр кітаптарында Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың бозбала шағында шопандық кәсіптен кейін саудагерлікпен айналысқандығы айтылады. Пайғамбарымыз не себепті сауда-саттықпен шұғылданған?

VII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Хижаз аймағының саяси-экономикалық ахуалына назар салар болсақ, араб тайпалары үшін Мекке қаласының сауда нүктесі болғанын аңғарамыз. Меккені мекендейтін Құрайыш тайпасының негізгі кәсібі сауда-саттық болатын. Ал осындай ортада ер жектен Алла елшісінің сауда-саттықтан шет қалуы әсте мүмкін емес еді. Сияр кітаптарында Мұхаммедтің бала күнінде бірнеше рет сауда керуеніне еріп Сирия мен Иеменге сапар шеккені баяндалады. Дегенмен ол жиырма үш жасында Меккенің бай саудагері Хадиша бинт Хуайлидпен (Алла оған разы болсын) мудараба келісімшарты негізінде сауда-саттық жасаған. Мудараба деп капитал мен еңбектің ортақтығын айтамыз. Бұл келісімшарт түрі араб қоғамында Исламға дейін сауда-саттық саласында кеңінен қолданысқа ие-тін. Кейін Ислам шариғаты да мудараба келісімшартын құптаған еді. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саудаға араласуына келер болсақ, нағында Хадиша анамыз еларалық сауда қатынасын жүргізе алатын білікті һәм бесаспап маман іздейді. Ибн Садтың жеткізуіне қарағанда, бұл жолы Хадиша анамыз өте ірі көлемде, яғни барша меккеліктердің тауарына тең келетін керуенді Сирияға жібермек болады. Осы іске бас-көз болатын керуенбасы іздеп жарияға жар салады. Бұл хабарды естіген Әбу Тәліп: «Әй, Мұхаммед! Хуайлидтің қызы үлкен керуенді жолға шығарады екен. Бұл керуен сенімен бірге шығуы керек. Біздің әл-ауқатымыз төмен. Керуеннен түсетін табысқа мұқтажбыз. Егер қабылдасаң, мен барып Хадишамен сөйлесіп, саудаласайын. Басқаларға бергенінен саған екі есесін берсін. Ол сенің адалдығыңды өте жақсы біледі. Менің ұсынысымды қабылдайды деп ойлаймын», – дейді. Өзін бағып-қаққан немере ағасын мұқият тыңдаған Мұхаммед: «Қалауың болсын, сенің сөзіңнен ешқашан шықпаймын және тыңдаймын», - деп келісімін береді.

Әбу Тәліп Меккеде «тахира» (пәк) деп танылған Хадишаға барып, керуенбасылыққа Мұхаммедті ұсынады. Інісінің елгезектігіне нық сенімді болған Әбу Тәліп Хадишадан екі есе ақы талап етеді. Хадиша анамыз: «Әй, Әбу Тәліп! Расында сен Мұхаммед үшін лайықты ақы сұрап отырсың. Менен бірнеше есе артық сұрасаң да, қарсылық қылмас ем», – деп жомарттық танытады.

Хадиша анамыз керуенбасылыққа Мұхаммедті тағайындап, оған серік әрі бақылаушы етіп Майсара атты қызметшісін қосып жібереді. Ұзын-ырғасы үш айға созылған жолсапарда сауда керуені небір қиыншылық пен тауқыметті бастан өткереді. Керуенбасы болып тағайындалған Мұхаммед өз міндетін мінсіз атқарады. Ибн Садтың жеткізуіне қарағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шам базарында керуен әкелген тауарларды сатқанда алымсақ үшін де өзі үшін де тиімді жеңіл жолмен (самаха) сауда жасайтын. Саудаласқан кезде ант бермейтін, жөн-жосықсыз ант етуді ұнатпайтын және саудаласушыларға ант ететіндей жағдай тудырмайтын. Керуенмен бірге келген өзге саудагерлер бір тең тауарды таңнан күн батқанға дейін әупірімдеп жүріп әзер сатса, Мұхаммед өз тауарын әп сәтте-ақ сатып үлгеретін. Сауда есептеріне өте мұқият еді. Тіпті ішкен бір кесе суының да есебін жасайтын. Бірде Майсара керуенбасының есепке беріліп кеткенін көріп: «Әй, Мұхаммед! Бірнеше сағаттан бері ненің есебін шығара алмай жатырсың?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Майсара! Керуеннің есептері мен өзімнің жеке есептерімді бөлген едім. Алайда қалай екенін білмеймін, кішкене араласу байқалады. Керуеннің ақшасы менің ақшама қосылып кетті ме? Әлде менің ақшам керуеннің ақшасына қосылып кетті ме, білмеймін? Осылай күмәнданғанша сен куә бол! Ақшамның бәрін керуеннің ақшасына қосамын. Керуеннің бір дирхамы маған өткенше, менің ондаған дирхамым керуеннің есебіне өтсін», – деп жауап береді. Мұхаммедтің адалдығына, есепке деген кіділігіне таңданған Майсара тілі байланып, үн-түнсіз қалады. Шынтуайтында, Майсара қанша жылдан бері сауда керуеніне еріп жүріп, дәл Мұхаммед Әминдей ішкі тазалығы жоғары жанды көрген емес еді.

Осы тұста айтып өтетін жайт, сол замандағы үрдіс бойынша саудагерлердің көпшілігі затын өткізу үшін ант-су ішіп жататын. Мұхаммед болса, сауда жасағанда, ант су ішпей-ақ алымсақты сендіре алатын. Шам базарында осыны аңғарған бір яһуди саудагері Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккенің ең атақты пұттары Лат пен Уззаның атынан ант етуін сұрайды. Жаңа ғана күлімсіреп тұрған Мұхаммедтің түрі қара күреңтіп, өзгеріп, қабағы түйіліп, даусы да өзгеріп сала береді. Сонда Шамның базары болашақ пайғамбардың мынадай қатқыл, кесімді сөздерін естіді: «Сен мен сенбеген, жансыз нәрселердің атынан мені ант етуге шақырып тұрсың ба? Мен сүйкімсіз пұттардың атынан ешқашан ант етпеймін».

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арайлы дауысын естіген Шам базары әп-сәтте иләһи реңкке бөленіп, басынан мүлде басқа рухани күйді кешіреді. Әлгі яһуди саудагер болса, таңданған күйі базардан ұзай береді.

Көп ұзамай Мұхаммед Әмин бастаған сауда керуені көл-көсір табыспен Меккеге оралады. Ол иненің жасуындай да қате жіберместен, Хадишаға мұқият түрде есебін тапсырады. Хадиша анамыз Мұхаммед Әминнің елден ерек ұқыптылығына, адалдығына аң-таң қалады. Шексіз разы болған Хадиша анамыз керуенбасыға келісілген ақыдан артық ақы беріп, түрлі сыйлықтар тарту етеді. Кейін бұл сыйластықтың соңы бір отбасының құрылуына себеп болады. Сондай-ақ Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сауда серіктестігі Хадиша көз жұмғанға дейін жалғасқан еді.

 

Мұхан ИСАХАН 

«Мұнара» газеті, №19, 2022 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: