...Сонда көктен: “Менің құлым шындықты айтып тұр. Оған Жұмақтың сұлулығын көрсетіңдер, Жұмақтық киім кигізіңдер де Жұмақтың қақпасын ашыңдар”, - деген дауыс естіледі. Сол сәтте адам Жұмақтың жұпар иісін сезіне бастайды, ал оның қабірі болса көз жетер жерге дейін кеңейіп кетеді.
Оның алдынан көркем жүзді, әдемі киінген, хош иісі аңқыған бір ер адам пайда бола кетеді де: “Сені бақытты еткізер бір хабар айтамын. Алланың кеңшілігіне және мәңгілік көркем болып тұратын Жұмақтың бағымен шаттан. Бұл саған уәде етілген күн”, - деп айтады.
Мүмін болса: “Алла сені қуантсын! Сен кімсің? Сенің жүзің игі ғой”, - дейді. Әлгі адам: “Мен – сенің жақсы амалдарыңмын. Алламен ант етемін, сенің ылғи Аллаға бойұсынуға асығып жүргеніңді әрі Оны тыңдамаудан қашып жүретініңді көретінмін. Міне, Алла саған жақсылығын берді”, - деп жауап береді.
Содан кейін мүмін жанның алдынан Жұмақ пен Тозақтың қақпалары ашылады да оған: “Тозақ сенің мекенің болар еді, егер сен Алланы тыңдамағаныңда, бірақ Алла оны саған Жұмақпен алмастырды”, - деп айтады. Жұмақта не бар екенін көрген мүмін: “Уа, Алла, Қияметтің келуін тездетші, отбасыммен қауышып, байлығымды қайтып алатын”, - дейді. Сонда оған: “Тыныштал!” – делінеді. Ал мүмін болса: “Уа, Алла, Қияметтің келуін тездетші, отбасыммен қауышып, байлығымды қайтып алатын», - дейді. Міне, бұл тақуа мүмін жанның дүниеден өтуі.
Ал иман келтірмеген адам жан тәсілім етіп, келесі дүниенің табалдырығында тұрғанда көктен түрлері қап-қара болып түтіккен періштелер түседі. Олар өздерімен бірге Тозақтан кенеп ала келеді. Содан кейін Ажал періштесі келіп, адамның бас жағына жайғасады да: “Уа, жексұрын жан! Алланың ашуы мен қаһарына қарай шық”, - деп айтады.
Ол сулы жүнді істікпен тартқандай етіп имансыздың жанын тәнінен жұлып алады. Сол кезде адамның барлық тамырлары мен жүйкелері жұлынып кетеді. Көктер мен жердің арасындағы күллі періштелер оған лағынет айтады. Оның алдынан көктердің қақпалары жабылып, көк қақпаларының сақшылары Алладан бұл жанның олардың қасынан өтпеуін тілейді.
Ажал періштесі оның жанын алған сәтте-ақ, басқа періштелер оны кенепке орап үлгереді. Имансыздың жаны жер бетінде жоқ бір жаман сасық иіс шығара бастайды. Періштелер оны көкке алып кетеді. Олар бір топ періштелердің қасынан өте бергенде: «Бұл жексұрын жан кім?» - деп сұрайды. Оларға: «Пәленше дегеннің пәленше ұлы», - деп жауап беріледі.
Періштелер оны көзі тірісінде атаған ең жаман, ең жексұрын есімдермен атайды. Олар бірінші көкке жетіп, қақпаның ашылуын өтінеді, алайда қақпа ашылмайды». Содан кейін Алла Елшісі (ﷺ) мына бір аятты айтады: «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды.. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәкарларды өстіп жазаландырамыз» (7:40).
Ары қарай сөзін жалғастырып Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтады: «Ұлы да Құдіретті Алла: “Бұл туралы ең төменгі орынға хабар беріңдер», - дейді де періштелерге былай бұйырады: “Менің құлымды жерге қайтарыңдар, Мен оларды топырақтан жараттым, топыраққа қайтарамын әрі одан қайта шығарамын деп уәде бергенмін”. Періштелер оның жанын жерге лақтырып жібергенде, ол келіп денесіне түседі». Осы жерде Пайғамбарымыз (ﷺ) мына бір аятты айтады: «Кім Аллаға ортақ қосса; сонда ол, көктен түсіп, оны құс іліп, әкететін немесе оны, ұзаққа жел ұшырып кеткен нәрсе сияқты» (22:31).
Пайғамбарымыз (ﷺ) ары қарай былай айтады: «Оның жаны тәніне қайтарылады. Соның арқасында ол кетіп бара жатқан адамдардың аяқ дыбысын естиді, сол кезде оның қасына түстері суық екі періште келеді де оны сұрақтың астына алады: “Сенің құдайың кім?” Ол: “М-ммм… Мен білмеймін”. “Сенің дінің не?” Ол: “М-ммм… Мен білмеймін”. “Сендерге жіберілген адам жайында не білесің?” Адам оның атын атай алмағанда, оған: “Мұхаммед!” деп айтады. Ол: “М-ммм… Мен білмеймін. Адамдардың солай айтып жүргенін ғана естігенмін”, - деп міңгірлейді. Сонда оған періштелер: “Сен оны түсінбедің әрі оған ермедің”, - деп айтады. Сонда көктен мынадай дауыс естіледі: “Ол өтірік айтады! Оған оттан төсеніш жасап, Тозақтың қақпаларын ашыңдар”.
Оған Тозақтың ыстығы мен отты жел келе бастайды әрі қабірдің кішірейгендігі сондай оның қабырғалары бір-біріне айқасып кетеді. Сол сәтте оның алдынан сасық иісі мүңкіп тұрған жаман киімдегі сұрқия өңді бір адам пайда бола кетеді де былай айтады: “Сені қайғыға батыратын бір хабар айтамын. Бұл күн саған уәде етілген”.
Иман келтірмеген: “Алла саған жаман хабар естіртсін! Сен кімсің? Сенің түрің жамандық шақырып тұр ғой”, - дейді. Әлгі адам: “Мен – сенің жаман амалдарыңмын. Алламен уәде етемін, мен ылғи сенің Аллаға бойұсынуда асықпағаныңды әрі Алланы тыңдамауға асыққаныңды көрдім. Міне, Алла саған жамандығыңды берді”.
Содан кейін оған қолында күрзісі бар өзі соқыр, керең әрі мылқау жазалаушыны жібереді. Егер ол күрзісімен тауды ұрар болса, тау күл болып кетер еді. Алайда жазалаушы өзінің күрзісімен азапталушыны ұрады, ол күл болып қалады, Алла оны қайтадан бәз қалпына келтіреді. Оны қайтадан ұрғанда, оның шырқыраған жан дауысын адамдар мен жындардан басқа күллі тіршілік атаулының бәрі еститін болады. Содан кейін иман кетірмегенге Тозақтың қақпасы ашылып, оттан төсеніш төселеді. Ал ол болса: “Уа, Алла, Қияметті келтіре көрме!” – деп айғайлайды» (Әбу Дәуд).
asyldin.kz