Құрметті жамағат!
Баршаңызды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айы қасиетті Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасыға бақ пен береке, игілілік пен бірлік тілеймін! Алла Тағала сіз бен бізді өзіне лайықты құл, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин!
Мәуліт айы – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін, сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттаудың, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылады.
Мәдениет үйлерінде, республика сарайларында рухани кештер ұйымдастырылады. Рухани басқосуларда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағылымға толы өмірі туралы уағыздар айтылып, толғаулар мен термелер орындалады. Тәрбиелік мәні үлкен сахналық қойылымдар көрерменін ізгі ойларға жетелейді. Жыр-дастандар оқылып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен ғибратты мысалдар айтылады. Сайып келгенде, Мәуліт кеші иманымызды күшейтіп, Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көруге, барлық істе оның сүннетіне сай амал етуге үндейді.
Шын мәнінде, оны жақсы көру – кәміл иман белгілерінің бірі. Оның сүннетін өмірлік тірек ету – екі дүние бақытының кілті. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзі – кемелдік баспалдағы. Ал оның сүннет жолымен жүру – рухани өмір шамшырағы.
Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту – сауапқа кенелу амалы. Мұсылман баласы Аллаға мадақ айтумен қатар, Оның Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем жолдайды. Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп әмір еткен. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» деген.
Бір күні Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныштың белгісі байқалады. Сол сәтте сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз» дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине разы боламын» деп жауап бердім» деген».
Тағы бір хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді» делінген. Біз бұл хадистен салауат айтқан адам өзіне жақсылық жасағанмен тең екенін түсінеміз. Себебі, біз салауат айту арқылы Алланың бізге салауат айтуына және бес күн жалғанда біліп-білмей істеген қате-кемшіліктеріміз бен күнәларымыздың кешірілуіне, сонымен қатар дәрежеміздің он есе көтерілуіне себепші боламыз.
Мұсылмандардың рухани өмірінде басты өнегелі тұлға болуы тиіс Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағылымы толассыз ғибратты ғұмырын халыққа насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Алла Тағала Құранда ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі тұлғасын: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп сипаттайды. Тағы бір аятта: «Расында сендер үшін Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) деп баяндалған.
Бүкіл әлемге мейірім, үлгі-өнеге ретінде жіберілген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін жаңғырту – сауапты амалдың бірі. Алла Тағала баршамызға ұл-қыздарымыз бен ұрпақтарымызға үлгі болар өнегелі өмір нәсіп етсін! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти