Назарларыңызға ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың «Иман» діни-танымдық журналына жарияланған сұхбатын ұсынып отырмыз.
– Соңғы жылдары елімізде мешіт санының өсіп келе жатқанын байқаймыз. Бүгінгі таңда еліміз бойынша діни басқармаға қарасты неше мешіт бар?
– Аллаға шүкір, егемендік алған 1990 жылдармен салыстырғанда республика бойынша мешіт саны айтарлықтай өсті. Оның ішінде сәулеті келіскен зәулім мешіттер де күн санап көбейіп келеді. Деңгейіне қарай тарқатып айтар болсақ, елімізде 1 республикалық, 20 облыстық, 394 қалалық, 178 аудандық және 2 128 ауылдық мешіт бар. Жалпы саны бүгінде 2 721-ге жетіп отыр.
– Тіркелмеген мешіттер де бар ма?
– Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып айтуымыз керек. Аталған 2 721 мешіт Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» Заңына сәйкес қызмет атқарады. Яғни бұл мешіттердің барлығы да діни басқарманың филиалы саналады және төралқа мәжілісінің шешімі негізінде ашылып, жергілікті Әділет департаментінде тіркеуден өткен. Тек санаулы мешіт қана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мүлік ретінде өтпеген. Қазіргі таңда сол мешіттерді ҚМДБ меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде.
– Бір кәсіпкер, не ауыл тұрғындары мешіт салуды жоспарлап отыр делік. Ең алғашқы жұмысты неден бастау керек? Рет-ретімен жүйесін түсіндіріп берсеңіз?
– Сауапты іске ниеттенген азаматтар алдымен жергілікті әкімдік өкілдері және тұрғындардың, сондай-ақ облыс немесе аудан имамының қатысуымен жиын өткізіп, жоспарын ұсынуы тиіс. Осы жиынның хаттамасы толтырылып, жергілікті әкімдіктен мешіт құрылысы үшін жер телімін сұрау қажет. Бұдан кейін белгіленген жерден мешіт бастау үшін облыс бас имамымен жолығып, кепілдік хат негізінде діни басқарманың рұқсатын алады. Ал мешіт құрылысы жергілікті мемлекеттік мекемелердің келісімімен басталады.
– Биыл неше мешіт пайдалануға берілді?
– Биыл еліміз бойынша 53 мешіт құрылысына діни басқарма тарапынан рұқсат берілді. Ал 63 мешіт салтанатты түрде ашылып, жамағаттың игілігіне берілді. Солардың ішінде жуырда ғана елордасы Астана қаласынан ашылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық Бас мешіт ашылғанын ерекше атап өту керек. Мұнарасы көкпен таласқан зәулім ғимарат Орта Азиядағы ең үлкен мешіт саналады.
– Бас мешіт дүниежүзі бойынша да ең үлкен мешіттердің қатарында ғой?
– Иә, Бас мешіт әлемдегі ең ірі он мешіттің қатарына кірді. Одан бөлек жоба менеджерлерінің айтуынша, үлкен кілем ортасындағы диаметрі 70 метр болатын медальон және биіктігі 83,2 метр, ал диаметрі 62 метрді құрайтын негізгі күмбез Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін. Төрт мұнарасының әрқайсысы 130 метрге дейін жетеді. Соның ішіндегі «Туристік мұнара» мешітке келуші жамағаттың елорданы биіктен көруіне мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ бір ерекшелігі, мешіттің қақпасы, яғни, үлкен есіктері тропикалық Африкада өсетін ироко деген ағаштан әзірленген. Бұл ағаштың ерекшелігі қысы-жазы бір күйді ұстап тұрады, ешқандай деформацияға ұшырамайды. Биіктігі 12 метрден асатын, салмағы 1,5 тонна тартатын бұл есіктер де Гиннестің рекордтар кітабына енуі ықтимал.
Әлемде баламасы жоқ кешеннің ішінде құлшылық орнынан бөлек неке қию бөлмесі, құран оқу бөлмесі, имамдар бөлмесі, дәрісханалар, конференция залы, ас беруге арналған асханасы мен астыңғы қабатында автотұрақ, аялдама, дүкендер мен мұражай орналасқан. Мешіт алдындағы саябақтың орталық аллеясында ұзындығы 300 метр субұрқақ, оның ішіндегі шағын архитектуралық мүсіндер және көлеңкелі шатырлар бүгінде елорданың әсем көрінісіне көрік беріп, қала тұрғындары мен қонақтарының көп жиналатын бірегей орнына айналды.
– Кейінгі кезде «мешіт салғанша, мектеп, балабақша, аурухана салынсын» деп пікір білдіріп жатқандар көп. Оларға қандай уәжайтар едіңіз?
– Әрине, қоғам болған соң түрліпікір, алуан көзқарастың болуы заңдылық. Сондықтан айтылып, жазылып жатқан пікірлерге құрметпен қараймыз. Дегенмен мешіт салудың қоғамға пайда әкелмесе, зиян әкелмейтінін естен шығармау керек. Тіпті адамзаттың арғы-бергі тарихын ақтарып қарасаңыз, ғибадатханасыз қала болмаған. Яғни адам баласы әрқашан Жаратушысына мұқтаж екенін діни наным-сенімі, құлшылығы арқылы білдіріп отырған. Ал мешіт тек ғибадат қана емес, ол білім мен рухани тәрбиенің ордасы. Бабаларымыздың: «Азаны бар ел азбайды, бірлігі бар ел тозбайды» деуі бекер емес.
Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған жақсы амал. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», – делінген. Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имам Бұхари мен Мүсілім жеткізген хадистерде: «Кім де кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – дейді. Бүгінін ғана емес, ақыретін де ойлаған мұсылман баласы елге пайдалы кез келген құрылыс нысанын салып, халықтың пайдалануына беріп жатса, бұған тек қуануымыз қажет. Мектеп те, аурухана, балаларымыз сыймай жатқан балабақшалар да қоғамға керек. Бірақ мешіт те – дәл сондай керектердің бірегейі. Мектеп, ауруханаларды салуға мемлекеттен ақша бөлінсе, мешітті тек ерікті азаматтар ғана өз қаржысына салдырып келеді. Осының бәрін көріп отырып, мешіттердің ашылуына қалайша қарсы боламыз?..
– Базарлар мен сауда орындарында, авто, теміржол вокзалдарында жол бойларында намазханалар ашылып, халыққа қызмет етуде. Олардың қызметін қалай, кім ретке келтіріп қадағалайды?
– Қоғамдық орындардағы және жол бойындағы намазханалардың ашылуына, тұрақты түрде жұмыс істеуіне жергілікті, яғни, облыстық әкімдіктерге қарасты дін істері басқармалары рұқсат береді. Алайда мұндай орындар ҚМДБ-ға филиал ретінде тіркелмегендіктен, Бас мүфти бұйрығымен имам тағайындалмайды, тек жақын маңдағы жергілікті дін қызметкерлері қарайласып тұрады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Кеулімжай Құтты.
«Иман» журналы, №10, 2022 жыл