Ата-анаңмен қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетін 10 кеңес

Ата-анаңмен қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетін 10 кеңес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ата-анаңмен жақсы қарым-қатынаста болғаннан асқан не бар? Сондай-ақ, бұл бізді Жұмаққа апаратын амалдардың бірі екенін білеміз. Алла Тағала ата-анаға құрмет көрсетуді маңыздылығы жағынан бірқұдайлықты ұстанудан (таухидтан) кейінгі екінші орынға қойған: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!”,-де» (17:23-24).

Ата-аналармен жақсы-қарым қатынаста болуға арналған Құранның аяттары көптеп кездеседі, шүбәсіз, бұл мақалада біз бұл тақырыпты толығымен, егжей-тегжейлі түрде қарастыра алмаймыз. Қарым-қатынасты жақсарту үшін ұзақ та төзімді түрде жұмыс жасау қажет екендігін айтудың өзі жеткілікті.

Өкінішке орай, қазіргі кезде ата-аналар мен балалар арасында нашар қарым-қатынас жиі орын алып жатады. Осы мақалада сіздердің назарларыңызға бұзылған қарым-қатынастарды қалпына келтіретін немесе одан да жақсартуға көмектесетін бірнеше кеңестер береміз.

Егер ата-анаңызбен қазіргі кезде қарым-қатынасыңыз жақсы болмай жүрсе, бірден өнегелі бала бола кете алмассыз, бірақ бұл жағдайды жақсартуға ат салысатын он тәсіл бар. Бұл кеңестермен достарыңызбен де бөлісе жүріңіз, өйткені бұл талқыланып отырған мәселе өте өзекті болып табылады.

Өміріңізде орын алып жатқан жайттар туралы ақылдасып отырыңыздар

Бұл ата-анаңызбен қарым-қатынасыңызды жақсартудың бірден-бір тәсілі. Отбасылық психологтер бұл кеңесті бірінші кезекте береді. Ата-анаңызбен ақылдаса отырып, олардың пікірінің сіз үшін құнды екенін және айтқан сөздерін тыңдауға дайын екеніңізді көрсетіңіз.

Олармен оқу, мансап, неке сияқты тек маңызды мәселелерде ғана ақылдасып қоймай, сондай-ақ, күнделікті киетін киім және кондитерлік дүкендегі дәмді-тәттілер туралы да ақылдасып тұрыңыз.

Мәселе олардың берген ақылына міндетті түрде құлақ асуда емес, ата-анаңыздың тәжірибесі мен даналығына құрмет көрсетуде. Егер сіз өздігіңізбен шешім қабылдар болсаңыз, сіз ата-анаңыздың пікірін сыйлағандай, олар да сіздің шешіміңізге құрметпен қарайтын болады.

Үй шаруасында ата-анаға қолғабыс етіңіздер

Ата-анаңыз сізді сұрамай тұрып, өзіңіз үй шаруасына қолғабыс етіңіз. Алла разылығы үшін оларға көмектесе отырып, сіз оларды сөзсіз бақытты етесіз. Ата-анаға қамқор болу және сүйіспеншілік сезімін білдіру міндетті түрде сіздердің қарым-қатынастарыңызды жақсартады.

Сабырлылық танытыңыздар

Күнделікті өмірде кіммен аралассаңыз да сізді ашуландыратын дүниелер болып тұрады. Егер ата-анаңыздың мінез-құлқында сіздің ашуыңызды келтіретін бір дүниелерді байқап қалсаңыз, мән бермеңіз, өйткені сіз кішкентай болғанда олар да сіздің қылықтарыңызға төзіп, бір сұрақты жүз рет қойғаныңызға сабырлылық танытқан болатын.  

Өміріңізде жасайтын ең жаман нәрсеңіз – ата-анаңызға деген реніш, ашу және оларға разы болмауыңыз. Ақыр соңында бұл қылықтарыңыз оларға емес, сізге көп зиянын тигізетін болады.

Олардың ермектері мен қызығушылығын бөлісіңіздер

Әрине, бұл әкеңізге ұнайтын музыка сізге де ұнауы тиіс немесе анаңыздың жақсы көретін фильмі сізге де ұнауы тиіс дегенді білдірмейді. Сіз заманауи музыканттардың концертіне барғыңыз келсе, ал әкеңіз судағы поло жарысын көруді жақсы көреді. Сіз кафеге баруды ұнатсаңыз, ал сіздің анаңызға үйде отырып отбасы мүшелерімен тамақ ішу идеясы көбірек ұнайды.

Ата-анаңызбен араласып, уақытыңызды жұмсап, оларға ұнайтын спорт түрінен хабардар болып жүріңіз. Бос уақыттарда сөйлесіп, талқылау үшін анаңызға ұнайтын бір-екі фильмді көріп алыңыз, осылайша, сіз өзіңіздің оларға ұнайтын дүниелеріне деген риясыз қызығушылығыңызды танытасыз.

Олармен үнемі байланыста болыңыздар

Мүмкіндік болса, ата-анаңызбен әр күні араласып тұрыңыз. Хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрыңыз. Күніне бес минут сөйлесіп тұруыңыз жақсы қарым-қатынастың басы ғана.

Ата-анамызға біздің дауысымызды есту өте қатты ұнайды. Телефонмен сөйлесу барысында күлімсіреп тұруды ұмытпаңыздар, олар оны сезіп қояды әрі оларға бұл ұнайды. Бұл сіздің балаларыңызға да қатысты, егер сіздің балаларыңыз бар болса. Өз кезегінде, балаларыңыздың ата-әжелерімен араласып тұруын қадағалаңыз. Үнемі оларға атасы мен апасы туралы айтып тұруды әдетке айналдырыңыз.

Алыс туыстарыңызбен араласып тұрыңыздар

Егер сіз алыс туыстарыңызбен араласып тұратын болсаңыз, сіздің ата-анаңыз мұны міндетті түрде бағалайтын болады. Бұл ата-анаңызды қуантпай қоймайды. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім несібесін көбейтіп, өмір жасын ұзартқысы келсе, онда туыстық қарым-қатынасын үзбесін».

Негізінде, алыс туыстармен қарым-қатынасты үзбеу қоғам мен мемлекеттің нығаюында үлкен рөл ойнайды. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Адамның өз әкесінің жақсы көрген адамдарымен араласуы – құрметтің ең жоғары түрі болып табылады» (Мүслим).

Олармен үнемі жақсы жаңалықтарыңызды бөлісіп отырыңыздар

Ата-анаңыз сіздің жақсы жаңалықтарыңызды бөлісетін бірінші адамдар болуы тиіс.  Жақсы жаңалықтарды тарату – қарым-қатынастарыңыздың мықты екендігіне көз жеткізудің бір тәсілі. Сіз білетін адамардың арасында тек ата-анаңыз ғана сіздің жетістіктеріңізге шынайы қуанады; алайда олар өз сезімдерін үнемі ашық жеткізе бермейді.

Ата-ананың сіңірген еңбегін тиісінше қайтарыңыздар

Өз өміріңізді құру үшін қанша күш-жігер жұмсайтын болсаңыз да ата-анаңыздың құқығын сақтаңыз. Бұл өмірде сізден де артық күш-жігер жұмсап, еңбек ететін жандар бар екенін, бірақ олар үнемі сәттілікке қол жеткізе бермейтінін түсінгеніңіз жөн. Тек Алла Тағаланың мейірімінің арқасында ғана сіз табыстарға жетіп жүрсіз, осыны естен шығармаңыз.

Сіз ғылым кандидаты болуыңыз мүмкін, алайда сіздің анаңыздың тіпті орта білімі де болмауы әбден мүмкін. Бірақ анаңыздың еңбегі мен сіз үшін үнемі жасаған дұғаларының арқасында ғана сіз осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырсыз. Егер ата-анаңыз сізді мақтап не болмаса қолпаштап жатса, бұл олардың қамқорлығының арқасында деп айтуды ұмытпаңыз.

Олардың көңіл-күйін көтеріңіздер

Дінге берілген сайын адамдар ақпейілділік пен күлімсіреуден алыстай бастайды.. Сахабалар айтқандай, Пайғамбарымыздың (ﷺ) ашық та шынайы түрде жымиып жүруін қалай ғана есімізден шығара аламыз?

Жарир ибн Абдулла (р.а.) оны Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) көргенде ылғи күлімсірейтінін айтқан. Ал ата-аналарымызға келер болсақ ше? Жыл өткен сайын ата-аналарымыздың күлімсіреуге деген себебі азая береді. Жора-жолдастарымызбен қалай қалжындасып жүрсек, ата-анамызбен де солай қалжындасып, олардың көңіл-күйлерін көтеріп жүруіміз керек.

Олар үшін дұға жасаңыздар және олардың сіз үшін дұға жасауын сұраңыз

Ата-анаңыз тірі болсын немесе бақилық болып кеткеніне қарамастан оларды ешқашан дұғаларыңыздан тастамаңыз. Алла Елшісі (ﷺ) тақуа баланың ата-анасы үшін жасаған дұғасы, олардың өлімінен кейін де жалғасын табатын жақсы амал деген.

Ата-анаңыз үшін дұға жасау сіздің әдетіңізге айналсын. Жаназа намазда жүздеген адам болуы мүмкін, бірақ күн, апта, айлар өте келе ата-ана үшін дұға жасайтын тек олардың тақуа балалары ғана болып қалады.  Ата-анаңыз үшін дұға жасап жүрсеңіз, сіздердің қарым-қатынастарыңыз мықты болады. 

Сондай-ақ, ата-анаңызды да сіз үшін дұға жасауын сұрап жүріңіз.  Бұл  олар дұға жасамайды дегенді білдірмейді, мәселе олардың жүректері сізбен байланыста болатын болады. Сіздің өміріңізде болып жатқан жақсы дүниелер ата-анаңыздың сіз үшін жасаған дұғаларының нәтижесі болып табылатындығына сеніміңіз мол болсын.

Абу Усайд Малик бин Рабиа ас-Саиди (р.а.) Алла Елшісіне (ﷺ) бану салам тайпасынан бір адамның келіп былай сұрағанын келтірген: «“Уа, Алла Елшісі, ата-анама деген құрметімді олар бақилық болған соң қалай көрсетуіме болады?”

Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп жауап берген: “Егер олар үшін дұға жасасаң, Алладан оларға кешірім беруін сұрасаң, өлген соң олардың уәделерін орындасаң, ата-анаң араласқан адамдармен туыстық қатынасты үзбей, олардың достарына құрмет көрсетсең”» (Абу Дәуд).

Алла Тағала ата-анамызбен байланысымызды нығайтып, біздің Жұмақта бірігуімізге нәсіп етсін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: