Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Астана қаласының имамдарымен кездесіп, Жолдау жүктеген міндеттер, діни қызметкерлердің белсенді жұмыс істеуі, мешітке келген жамағатқа жоғары деңгейде қызмет көрсету, т.б. мәселелерді талқылады.
«Бәрімізге Отан - ортақ, жер - ортақ, тағдырымыз бір. Сондықтан Елбасы Жолдауына үн қатып, үлес қосу - діндарлардың да абыройлы міндеті. Ұлт көшбасшысы Қазақстан халқына бірлік, ынтымақ ауадай қажет екенін айтты.Осынау алмағайып заманда имамдар да татулық пен тыныштық туралы жамағатқа көбірек насихат айтуы тиіс. Біз алға қойған мақсатымызға жететінімізге сенуіміз керек. Ағым деген ағып өте шығатын дүние. Кезінде қаншама ағымдар тарих бетінен өшіп кетті. Ең бастысы бір-бірлеріңізбен тату, бауырмал болыңыздар », - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы имамдармен кездесуде.
ҚМДБ Төрағасы мемлекеттік маңызы бар Астана мен Алматы қалаларының діндарларына екі есе жұмыс істеу қажеттігін қаперге салып, діни қызметте белсенділік танытуға шақырды.
ҚМДБ Баспасөз қызметі