АҚШ-тың Маунт Дора қаласында жергілікті пастор Зак Зендер 53 сағат 18 минут бойына уағыз оқыды. The Cross Mount Dora діни ұйымының өкілі бұл қадамға рекордтар кітабына ену үшін барды деп жазады Daily Commercial.
Зендер өз уағызын 7 қараша күні таңғы сағат 7-де бастап, 9 қараша күні күндізгі 12-лер шамасында аяқтаған. Пастордың уағызын тыңдауға барлығы 400-ден аса адам келіпті.
Ал, оның шіркеуіне аяғы жетпеген жандар уағызды интернет арқылы онлайн тыңдады. Келушілердің іштері пыспас үшін уағыз оқу барысында қайырымдылық акция ұйымдастырылып, есірткіге тәуелділерге көмек ретінде ақша жиналды. Осы 53 сағат ішінде ұйымдастырушылар барлығы 90 мың доллардан астам қаражат жинаған.
Гиннес рекордтар кітабының талабына сәйкес, Зендердің әрбір 1 сағат сайын 5 минуттық үзіліс алуына құқығы болды. Ал, бұған дейінгі рекорд үндістандық Викрант Махаянға тиесілі. Ол 48 сағат 31 минут бойына тоқтамай уағыз айтқан.