Жетісу өлкесінің орталығы Талдықорған қаласында сәнді сәулетімен салынған зәулім мешіт мұсылман жамағатының пайдалануына берілді. Шаһардың орталығында бой көтерген Алланың ақ үйінде енді бір мезетте екі мыңға жуық адам құлшылық ете алады. Құрылысы сегіз жыл бойы жүрген имандылық үйі "Ұран" қайырымдылық қоры мен халықтың үлес қосуымен салынды.
Зәулім мешіттің ашылу салтанаты қасиетті жұмаға сай келді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ел игілігіне беріліп отырған Алла үйі халықты имандылыққа, береке-бірлікке ұйытатын қасиетті мекенге айналуын тіледі.
Айта кету керек, жаңадан пайдалануға берілген бұл имандылық үйі осы облыстағы мешіттердің ең үлкені болып отыр. Онда келуші жамағатқа барлық жағдай жасалған. Озық сәулет үлгісімен көріктендіріліп, жер көлемі 3га аса, айналасы көгалдандырылған, маңында тіпті, автотұрақ та қарастырылған. Жаратқанға мың шүкірлер айтқан жамағат бірлесе отырып, жұма намазын оқыды.
Ел игілігіне беріліп отырған бұл мешіт, Талдықорған өңірінің орталық мешітіне айналмақшы.