«Егер менің пешенеме «Тозақтық» деп жазылған болса, бұл дүниеде қолымнан келгенді жасап тырысып көруімде мән-мағына бола ма?» - деген сауал жүрегінде титтей де иманы бар мұсылман баласын мазалап жүретіні өтірік емес.
Негізі, Алла Тағала жұмыр басты пенденің бойына жақсылық пен игіліктің қағидасын сіңіре отырып, бәрі үшін бірдей жағдай жасаған, алайда әрбір адам бұл өмірде өзінің саналы таңдау құқына ие, яғни адамды зұлымдық пен күнә жасауға Алла Тағала мәжбүрлемейді, жамандықты адам саналы түрде өзінің таңдауы бойынша жасайды. Адам баласы өзінің талмай еңбек етуінің арқасында ғана Алланың тақуа әрі мейірбан құлы бола алады. Бұған Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) көркем үлгі. Немесе, керісінше, өзінің парасатсыздығының, қыңырлығының және тәкаппарлығының арқасында Әбу Жәһилдің деңгейіне дейін түсіп кетуі ғажап емес.
Алла Тағала адам баласын сынау үшін жақсыны да, жаманды да жаратқан. Жаман нәрседе Алланың разылығы жоқ, ал жақсыны не жаманды таңдау Алла құлының өз еркінде. Алла Тағала Өз құлдарына Әділ де Мейірімді. Адамдардың басым көпшілігі күнделікті тірлікте Алла Тағаланың нәсіп еткен нығметтерін көре-біле тұра «көзге ұрған танадай болып тұрған ақиқатты» мойындағысы да, елегісі де келмейді. Мұндай адамдар, алдымен, өздеріне қатысты әділетсіз болып келеді. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда көп мәрте айтылған. Алла Тағала адам баласының өсіп-өркендегенін, дамығанын, жетілуін қалайды. Ақыры сөзіміз әділеттілікке келіп тірелген екен, онда қалай ойлайсыздар – Әбу Бәкірдің (р.а.) орнына өзінің мінез-құлқын, болмысын өзгертпеген қалпы Әбу Жәһилдің Жұмаққа кіргені дұрыс болар ма еді?
Бұл әділетсіздік. Ең алдымен, тыйым салғаннан тыйылып, Жаратушының бұйырғандарын құлшына орындап жүрген жандарға қатысты әділетсіздік болар еді. Дұрыс па? Жұмақ та, Тозақ та – адамдардың бұл дүниедегі тіршілігінің нәтижесі бойынша нәсіп етіледі. Егер адам баласының Қиямет күні «Жұмаққа кіремін» деген үміті ақталмай жатса, онда кінәраттың барын өзгеден емес, тек өз бойынан ғана іздеуі орынды болар еді...
asyldin.kz