«Балаларды қорғау күні» деп белгіленген елеулі күнді барлық балалар асыға күтеді. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жаздың жаймашуақ алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекенің тарихы әріде. Әлем назарын бүлдіршіндердің құқығын, өмірі мен денсаулығын қорғауға аудару мақсатын көздейтін халықаралық мерекенің маңызы зор. Сондықтан да, бұл мерекені тойлаудан еш бала шет қалмауы тиіс.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) жылаған баланы жұбатуға да ерекше көңіл бөлетін. «Кімде-кім жылаған баласын жұбатуға тырысса, Алла тағала жаннатта оған риза болғанға дейін нығметтерін үйіп-төгеді»деген ол жамағатқа намаз оқытып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын.
«Балаларына мейірім танытпағанға Алла да мейірім төкпейді» деп үмбетін барша болмысқа мейірімді болуға шақырды. Еліміздің, ұрпағымыздың ертеңі болған балаларға мейірімдлік танытып, тәрбиесіне мән берейік.
Балалар аман болсын, Алла жер бетіндегі барлық баланың денсаулығын мықты етсін! Балалардың жолы ашық болып, ойлаған армандарына жетсін!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы