Адамзатты тура жолға бастайтын қасиетті кітап, ол - Құран Кәрім. Адам оны оқыған сайын рухы жеңілдеп, зейіні артады. Жүрегімізді һидәят нұрымен нұрландырған Құран Кәрім тарихына назар салатын болсақ, көптеген деректерге Ислам тарихы куә болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбрәйілден (ғ.с.) Құран Кәрімді естіп үйренумен қатар оны үйретушіге оқып, қайталап та берген екен. Әр жылы Рамазан айында бір мәрте Құран Кәрімді Жәбрәйілге (ғ.с.) басынан аяғына дейін оқып берген болса, өмірден озатын жылдары екі мәрте оқып, өткізген екен делінеді дереккөздерде. Өзінің Пайғамбарлық дәуірінде сахабаларға да осы тәртіп аясында тәлім берген еді. Ара-арасында сахабалардың ішінен Құранды толық жаттағандары да көріне бастаушы еді. Кейін ол сахабалар да басқа сахабаларға өз білгендерінен дәріс беретін болған екен.
Қырағатта ұстаз болған сахабалардан Хазреті Осман (р.ғ.), Хазреті Әли (р.ғ.), Убәй ибн Кәғб (р.ғ.), Зәйд ибн Сәбит (р.ғ.), Әбу Дәрда (р.ғ.), Ибн Масғұд (р.ғ.) және Абу Мұса Әшғариларды (р.ғ.) мысалы ретінде келтіруімізге болады. Жасы үлкен сахабалар өзінен кейінгі жасы кіші сахабаларға және Исламға кейінірек кіргенгендерге де қырағатты үйретер еді. Убәй ибн Кәғб (р.ғ.) Әбу Һурәйраға, Ибн Аббасқа, Абдуллаһ ибн Сәибке (р.ғ.) және басқа да сахабаларға қырағат жағынан ұстаз болған. Олардан кейінгі алдыңғы буыннан болған табиғиндер де Құран Кәрімді Алла Тағаланың құзырында қандай болса, сондай хәлде өздеріне қабыл етіп алды. Кейін олардың да аралынан қырағат ілімін жетік меңгергендері көріне бастады. Олар да кейінгілерге дәрістер бере бастады.
Табиғиндердің дәуірінде Ислам көп өлкелерге кеңінен таралған, мұсылмандардың сандары көбейіп қалған, әрбір өлкенің қариларға деген сұраныстарға ие кезеңі болып жатты. Сол үшін де табиғиндардың қырағатта білікті ұстаздары жөнінде мәлімет алмақшы болсақ, олардың түрлі өлкелерде қырағат ілімінен өз мектептерін ашқандарын байқауымызға болады.
Мәдина мектептерінде мәшһүр болғандары: Ибн Мүсәйиб, Уруә, Сәлим, Омар ибн Абдулазиз, Сүлеймен ибн Яссар, Ато ибн Яссар, Муаз ибн Хәрис, Абдуррахман ибн Журмуз, Ибн Шиһәб Зуһри, Муслим ибн Жундуб, Зәид ибн Әсләмдар еді.
Мекке мектептерінде мәшһүр болғандары: Убәйд ибн Умәйр, Ато ибн Әбу Рәбах, Таус, Мүжәһид, Икрима, Ибн Әбу Мәлика және басқалары.
Куфә мектептерінде мәшһүр болғандары: Әлқама, Әл-Әсуад, Мәсруқ, Убәйда, Амр ибн Шурәһбил, Хәрис ибн Қәйс, Амр ибн Мәймун, Әбу Абдуррахман Суләми, Сағд ибн Жубәйр, Ибраһим Нәхағи, Шәғби т.б.
Басра мектептерінде мәшһүр болғандары: Әбу Ғолия, Әбу Рәжә,Наср ибн Асим,Яхия ибн Яғмур,Хасан,Ибн Сиррин және Қатадалар т.б.
Һижреттің II ғасырында мұсылмандардың саны кеңейіп, діни тәлімдерді үйрену жолында фиқһ, ақида, лұғат, бәләға сияқты ілімдердің қатарында қырағат ілімі де пайда болды.
Қырағат және қарилардың саны едәуір көбейіп, ақырындап оларды тәртіпке салып оқу жүйелері де қолға алына бастады. Он төрт қырағат, он қырағат және соңғысы жеті қырағатқа жүйеленді. Бұл қырағаттардың бір-бірлерінен парқы сол, кейбір сөздерді оқу кезіндегі созу мен қысқарту, фатха, кәсра т.б. кейбір бөлшектерінің төңіректерінде ғана болып саналады.
Кейбір қарилар табиғин, өзгелері болса тәбәға табиғиндерден болып, олардың біразы осы бір қырағат ілімі жолында көрсеткен табандылықтарының арқасында танымал тұлғалар қатарынан орын алды. Әрі бұлардың барлығының білімдері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолынан бастау алып, тізбектелген еді. Ол дәуірде сырттан (ажам, араб емес) болған мұсылман қауымдары үшін Құранды үйрену, тіләуат қылу қағидалары жолында едәуір қиыншылықтар туындаушы еді. Өйткені, араб тілін білмегендер үшін Құран үйрену айтарлықтай қиыншылықтар тудыратын еді. Нәтижесінде, бұл мәселеде Османдық Мұсхафқа (Құран) ғалымдар тарапынан нүктелер мен хәрекет белгілері қойылды. Халықтың жеңіл түсінулері үшін. Ал жергілікті халықтар бұған қатты зәру болмайтын еді. Осы бір әрекеттерден кейін Құранға қатысты тәжуид ережелері қойыла бастады. Кейбіреулер оның (тәжуид ілімі) негізін қалаған Халил ибн Ахмад Фәрәһиди (қайтыс б.ж. аббасилер халифалығы дәуірі) (үш харекет (фәтха, зәммә, кәсра) белгілерін қойды десе, басқалары Әлидің р.ғ. тапсыруымен Абдул Әсуад Дуали іске асырған дейді.
Қазіргі кезеңге дейін жетіп келген қырағаттар ішінде көп тарқалғаны және қолданыста көп оқылатыны, ол 2 қырағат.
1. Имам Асымнан Хафс риуаят еткен қырағат.
Бұл қырағатқа Ислам әлемінің Шығыс өлкелері мен діни орталықтарында амал қылынады.
2. Имам Нәфиғтен Уәрш риуаят қылған қырағат.
Бұл қырағаттың түрі Ливиядан бастап, Ислам әлемінің батыс өлкелеріне дейін кең таралған.
Бұл екі қырағат арасындағы ережелерді тек мамандары болған ғалымдары ғана анықтап, ара-жігін ашып түсіндіндіріп беруі ғана мүмкін. Оларлың арасындағы айырмашылықтар онша көп емес. Мысалыға айтар болсақ, Асым қырағатында والضحي “Уәззуха” деп оқылса, Нәфиғ қырағында والضحي “Уәддуха” деп оқылады. Бір айта кетерлігі, бұл сөздер Құранда бірдей болып жазылады.
Әр қырағаттың имамы өз имамдарынан естігендері бойынша түсіндірген. Сол үшін де, қырағат және тәртил ілімінің негізін білмей жатып, ол жайында кеңінен сөз қозғауымызға болмайды. Өйткені, Кәләм Шәрифті тәжуид және тәртилмен тіләуат қылуымызда, міндетті түрде қырағат ілімінің ұстаздарына мұқтаждығымызды сезінеміз.
Алла Тағала баршамызды Өзінің Кәләмі болған Құранды дұрыс оқуымызды нәсіп етсін!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы