الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Исламда үлкен күнә, ауыр қылмыс деп танылатын істердің бірі – парақорлық. Тілдік тұрғыда пара «әр-ришуату» деп аталады. Бұл сөз құқығы болмаған бір мүлікті немесе атақты алу үшін берілген сыйлық және төленген құнға қатысты қолданылады. Шариғатымызда атағын, қызметін немесе арам пиғылын жүзеге асыра отырып, әділетсіз алынған мүлікті пара дейді. Парақорлық дерті тараған қоғамда әділетсіздік орнап, адам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында:
وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Араларыңдағы мал-дүниелеріңді бұзық жолмен (ұрлау, тонау, алдап-арбау т.б. сынды харам жолдармен) жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың дүниелерінен бір бөлім жеу үшін басшыларға (пара ретінде) апармаңдар», – деп айтқан.
Бұл аятта Алла Тағала параны алуға, беруге, сонымен қатар оған дәнекер болуға да тыйым салған. Мұсылман адам Алла Тағаланың тыйым еткен мұндай үлкен күнәдан аулақ болып, парақорлық атаулыдан барынша сақтануы тиіс. Себебі, парақорлық – Алла Тағаланың лағынетіне душар ететін іс. Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын):
لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الرَّاشِي وَالْمُرْتَشِي
«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пара алушыны әрі пара берушіні лағынеттеді», – деген (имам Әбу Дәуід).
Шариғатымыз біздерге күнәлі істерді баяндап қана қоймай, одан сақтану мен арылудың жолдарын да үйретеді. Ғалымдарымыз келесі амалдардың парақорлық атаулыдан сақтануымызға себепші болатындығын айтқан:
Бірінші: Әділ болу
Парақорлық әділдікті жойып, зұлымдықтың жайылуына әкелетін ең негізгі себептердің бірі. Мысалы, мемлекеттік қандай да бір құжаттарға жауапты адамның пара алу арқылы біреудің құжатын алға шығарып, кезегі келген адамның ақысын аяқ асты етуі, дәрігерлердің пара алу арқылы сау адамға анықтама жазып беруі, құрылысқа жауапты адамның заңсыз ғимараттарға рұқсат беруі немесе рұқсат етілмеген құрылысқа пара алуы арқылы көз жұмуы сияқты істердің барлығы әділетсіздік деп танылады.
Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, билік иелерін имани қасиеттерден ажырамауға шақырып, әркез туралық пен әділдікте болуды насихат еткен. Жаратушымыз Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 42-аятында:
سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ فَإِن جَآؤُوكَ فَاحْكُم بَيْنَهُم أَوْ أَعْرِضْ عَنْهُمْ وَإِن تُعْرِضْ عَنْهُمْ فَلَن يَضُرُّوكَ شَيْئاً وَإِنْ حَكَمْتَ فَاحْكُم بَيْنَهُمْ بِالْقِسْطِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ
«Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. Егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан теріс бұрыл. Егер олардан теріс бұрылсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Расында Алла турашылдарды сүйеді», – деп айтқан.
Аяттағы «әс-сухту» сөзі пара және арам табыс деп түсіндіріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Рауаха атты сахабаны салық жинау үшін Хайбарға жібереді. Сонда ол жердің тұрғындары салықтың мөлшерін азайту үшін әйелдердің әшекей бұйымдарын пара ретінде бермек болады. Алайда Абдулла ибн Рауаха (Алла оған разы болсын) оларға: «Ұсынып отырған бұл пара «әс-суһту» болып табылады, біз оны пайдаланбаймыз», – деп, олардың ұсынған параларынан бас тартады.
Қисса
Хазіреті Омар халифа кезінде әйелімен бір елдімекенге барады. Ол жердегі әйелдер хазіреті Омардың әйеліне түрлі сыйлықтар береді. Үйге қайтқандарында Омар (Алла оған разы болсын) әйелінен «Бұларды қайдан алдың?» – деп сұрайды. Әйелі: «Біз барған ауылдағы әйелдер сыйға берді», – дейді. Сонда әділетті халифа Омар: «Мен халифа болмағанымда саған бұл сыйлықтар берілмес еді. Мен халифа емес кезде неге саған сыйлық бермейтін еді?» – деп берілген сыйлықтарды бәйту әл-малға (мемлекет қазынасына) өткіздіріп жіберген екен.
Екінші: Қанағат ету
Парақорлыққа әкелетін себептердің бірі – адам нәпсісінің тойымсыздығы мен қанағатсыздығы. Жалпы, «қанағат» сөзі «барына разы болу» дегенді білдіреді. Қанағат – Алладан өзгеден дәметпеу, тек Алладан ғана үміт етіп, оған ғана тәуекел ету. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قَدْ أَفْلَحَ مَنْ أَسْلَمَ وَرُزِقَ كَفَافًا، وَقَنَّعَهُ اللَّهُ بِمَا آتَاهُ
«Кім мұсылман болып, ризығы жетер жетпес болса да, Алланың бергеніне қанағат тұтса, ол сөзсіз (азаптан) құтылды», – деген (имам Мүслим).
Біріншіден, өміріне жеткілікті дүние-байлығы болып, одан артық нәпақа іздемеу;
Екіншіден, пайдаланып жатқан мал-мүліктің қадіріне жетіп, одан артық ризық қаламау;
Үшіншіден, сен үшін мүмкін емес, шама-шарқың жетпейтін байлықтың соңына түспеу («Әдәбу әд-дүния уә әд-дин», 224-225 б.).
Діні мен дәстүрін қадірлеп, Пайғамбар сүннетін өмірлік ұстанымы еткен Шәкәрім бабамыз: «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл», – деп өсиет етуі тегін емес. Себебі, қарны аш адамды тойдыру оңай, бір кесе тамақ берсеңіз жетіп жатыр. Ал аш қалудан қорқатын, қанағатсыз адамды тойдыру өте қиын. Мұндай адамның бойын қанағатсыздық билеп алғандықтан, тою дегеннің не екенін білмейді. Міне, осының салдарынан түрлі олқылықтар орын алады. Ал барына қанағат етіп, аз болса да, өзіне тиесілі жалақысына разылық танытқан адамның ісіне Алла Тағала міндетті түрде береке береді.
Қисса
Омар Фаруқ бірде Шамға барып, солтүстігіндегі Хумустан өзі тағайындаған сенімді әкімді көргісі келді. Мақсаты әкімінің жағдайын әрі халықтың ол жайлы ойын білу еді. Халифаның қалаға келгенін естіген халық түгел жиналды. Халифа олардан: «Уа, Хумус халқы! Әкімдеріңіз қалай? Көңілдеріңіз тола ма? Ол жайлы айтар қандай шағымдарыңыз бар?» – деп сұрайды. Халық жалпы разы екендігін, бірақ түсінбеген кейбір жағдайларға байланысты шағымдары барын білдіреді. Хазіреті Омар шағымдарын айтуын талап етеді. Олар: «Ол таңертең міндетіне ерте келмейді. Тіршілік қызған кезде бірақ келеді», – дейді. Халифа Омар: «Бұдан басқа қандай үлкен кемшілігі бар? – деп сұрайды. Халық: «Кеш қарайғаннан кейін ешқайсымызды қабылдамайды. Әр айда бір күн тәулігінде біз оны көре алмаймыз. Кей кездері есінен танып, құлап қалады, – деп бүкіл шағымдарын тізбектейді. Бұқарамен жүздескеннен кейін халифа Омар Әмирді қасына шақыртып алып аталған шағымдардың себебін жеке-жеке сұрайды. Әрі ішінен «Уа, Алла! Саид ибн Әмир жайлы менің жақсы ойымды жалғанға шығара көрме», – деп дұға етіп отырады. Айтылған шағымдарды тыңдап болған соң Әмир байсалды қалпында:
«Уа, мүминдердің әміршісі! Негізі бұларды айтуға зауқым жоқ. Алайда шағым болып түскендіктен мен де амалсыз айтамын. Міндетіме кешірек баруымның себебі, үйде қызметшім жоқ. Әйелім науқас, үй жұмыстарының көбін өзім істеймін. Таң атысымен ерте тұрып қамыр ашытып, нан пісіремін. Балаларымның таңғы асын ішкізіп болған соң, дәретімді алып, халықтың алдына шығамын. Түнде ешкімді қабылдамаймын. Өйткені, күндізімді халыққа, түндерімді құдіреті шексіз Алла Тағалаға арнаймын. Айда бір рет шықпауымның себебі: Қызметшім болмағандықтан киімдерімді өзім жуамын. Ауыстыратын басқа киімім жоқ. Киімдерім кепкенше, халықтың арасына шыға алмаймын. Кей кездерде ес-түссіз талып қалуымның себебіне келсек: меккеліктер Хүбәйбті дарға асқан кезде, мен сол жерде едім. Мүшріктер оны дар ағашына байлап: Өзіңнің құтқарылып, орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп ұсыныс жасады.
Хүбәйб басына төнген қатерге қарамастан: «Алланың атымен ант етейін, мен өз бала-шағамның қасында отырғаным былай тұрсын, Мұхаммедтің аяғына тікеннің қадалғанына да көнбеймін», – дегеннен кейін, «Уа, Мұхаммед!» деген даусымен аспанды жаңғыртты. Мүшріктер оны шейіт қылды. Мен мұны көріп тұрып қол ұшын бере алмадым. Өкінішке қарай, ол кезде әлі мүшріктердің қатарында едім. Алла Тағала осы күнәм үшін мені ешқашан да кешірмес деп қатты қайғырғаным соншалық, сондай кезде ес-түсімді білмей талып қаламын», – деп шағымдардың бәріне жауап береді. Әкім де өзі, тақуа да өзі Саидтің жауабын естіген халифа Омар тұла бойы шымырлап: «Уа, Алла! Дұрыс пейілімнен мені жаңылтпадың, мың да бір шүкір», – дейді. Жиналған жұрт та Саид ибн Әмирдің тақуалығы мен қарапайымдылығына таңқалып, көздеріне жас алады.
Үшінші: Қызметтің аманат екендігін білу
Мұсылман адам өзіне жүктелген қызметті аманат деп біліп, әділдікті ту етіп, адамдардың өзіне тиесілі ақысын жемеуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:
إِنَّ اللهَ يَأمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الأمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُمْ بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ
«Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасында үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп айтқан.
Қызмет – адам баласына берілген уақытша аманат. Ол аманаттың міндетті түрде сұрауы болады. Сол үшін де әр адам өзіне жүктелген қызметті, жұмыс орнындағы қызметтік заттарды, оған тапсырылған мүліктің барлығына аманат деп қарауы тиіс. Оларды жеке заттармен шатастырып алуға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالإِمَامُ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، الرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا ، وَ الْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سِيدِهِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَ كُلُّكُمْ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ
«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және әрқайсыларың иеліктегілерің үшін сұраласыңдар. Басшыда бақташы әрі өз иелігіндегісі үшін сұралатын болады. Ер адам өз жанұясының бақташысы әрі ол да иелігіндегісі үшін сұралады. Әйел де күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі ол да өз иелігіндегі үшін сұралады. Қызметші де өзінің мырзасының дүниесіне бақташы әрі ол да өз иелігіндегісі үшін сұралатын болады. Сол үшінде барлығың бақташысыңдар әрі иеліктегілерің үшін сұраласыңдар», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Қисса
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әл-азд тайпасындағы бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды», – деп айтады. Мұны естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Расында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды!» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде отырмады?» – деген екен.
Төртінші: Адал астан пайдалану
Адам баласы адал несібеден пайдаланып, арам атаулыны жеп-ішуден мүлде ада болуы қажет. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 168-аятында:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلالا طَيِّبًا
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасынан жеңдер!» – деп бұйырған. Алла Тағаланың бұйрығын орындап, адал еңбек етіп, өзінің маңдай терімен нәпақа табу асыл дінімізде құлшылық деп табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ
«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).
Абай Хәкімнің: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – дейтіні осыдан болса керек.
Сәһл ибн Абдулла атты ғалым (Алла оны рақымына алсын): «Үш амал қиямет азабынан құтылуға себеп болады. Олар: Адал астан пайдалану, парыз амалдарды бұлжытпай орындау әрі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолына еру», – деген.
Халқымызда «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деген даналық сөз бар. Себебі, арам жолмен табылған мал-дүниеде еш уақытта береке болмайды. Береке – тек адал табыста болмақ. Адам баласы мұндай теріс жолмен табыс тауып, отбасын онымен асырауына болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، أَيْ : مِنْ حَرامٍ
«Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Тирмизи).
Ақын Қашқынбай Қожамбетұлы (1830-1870) бабамыз:
... Адам безер сараңнан,
Жарлы болып жүрсем де,
Жимадым малды харамнан!» – деу арқылы, қандай қиын жағдай болмасын, ешуақыт арам асты пайдаланбау керектігін ұрпағына өсиет қылған.
Қадірменді жамағат!
Жеке адамның ғана емес, бүтін бір мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болатын парақорлық, жемқорлық атаулыдан әрбір Алла Тағалаға иман келтірген адам аулақ болып, адал табыс табуға үлкен мән беруі қажет.
لنْ تَزُولَ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أربَعِ خِصالٍ : عنْ عُمُرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ ، وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَا أَبْلَاهُ ، وَعَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ وَعَنْ عِلْمِهِ مَاذَا عَمِلَ فِيهِ
«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша, құлдың аяғы жылжымайды. (Олар): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал-дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген (имам Тирмизи).
Алла Тағала біздерге адал кәсіп, берекелі ғұмыр нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!