Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» атты конференция өтті.
2014 жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі аясында «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялануына орай, еліміздің барлық өңірлерінде асыл дініміз бен салт дәстүрімізді ұлықтайтын іс шаралар өткізіліп келеді. Ал, Маңғыстау өңірінде жыл басынан бері 3 республикалық конференция өткізілді.
Кезекті басқосуда Бас мүфти дін мен дәстүрді бір бірінен бөле жармау, дәстүріміздің озығын дәріптеу жайында баяндама жасады.
«Дәстүрді артта қалушылық дейтін түсініктен арылуымыз керек. Кез келген қоғам ұзақ уақыт жинақтаған тәжірибелерін келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтындығын еске ұстағандығымыз абзал. Егер халқымыздың сыннан өткен салт дәстүрі болмаса, біз ынтымағы ұйыған ел болуымыз неғайбыл еді, ұлттық құндылықтарымызсыз алға қадам басу мүмкін емес», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Жиында өңірдегі Ш.Есенов атындағы университеттің аға оқытушысы Нияз Тобыш өз баяндамасында: «Халық дәстүрді қалыптастырады, қазақ елі рухани мұраға бай болғандықтан біз дін мен дәстүрден ажырамай келе жатырмыз», – деп атап өтті.
Бас мүфти конференцияға жиналған жұртшылық тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.