Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Маңғыстау облысына іс сапармен келді. Еліміздің Бас мүфтиі әуелі облыс әкімі Алик Айдарбаевтың қабылдауында болып, өңірдегі діни тұрақтылық жайында әңгімелесті. Кейін жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Бас мүфти аймақ журналистеріне сұхбат берді.
Бас мүфти облыстағы БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көріп жатқан дін қызметкерлерінің бірі Маңғыстаулық имамдар екенін атап айтты.
Бүгінгі таңда мұсылманшылықты ұстанамын деп арабтың салтын дін деп ұққан, теріс ағымдардың ұстанымын ақиқат деп адасқан жастардың бар екені жасырын емес. Мұндай олқылықтардың алдын алып, мұсылманшылықты ата-бабамыз ұстанған жолмен насихаттау мақсатында Бас мүфти 2014 жылды "Дін мен дәстүр жылы» деп жариялағаны белгілі.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы бағытта жыл бойы бірқатар шаралар жасалғанын айтып өтті. Атап айтқанда еліміздің барлық аймақтарында өткен діни шараларға дін мамандарынан бөлек аузы дуалы, шежірелі қарияларымыз, қоржыны рухани құндылыққа толы жыр-термешілеріміз, ақын-айтыскерлеріміз қатысып, діни мейрамдарда ұлттық ойындарымыз ұйымдастырылып, дін мен дәстүрді ұштастыра насихатау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Бас мүфти асыл дініміз Исламның дұрыс насихатталуы үшін жүгі ауыр тағы бір игі істі қолға алып жатқандығын жеткізді. Ол - қазақ тарихында имандылықпен өмір сүрген ұлт зиялыларының өмірін, шығармалары мен еңбектерін зерделейтін "Әбу Ханифа" зерттеу орталығының құрылу болып табылады. Бүгінде орталықтың білікті мамандары қызметке етене кіріскен көрінеді.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің
баспасөз қызметі