Шымкенттік ғалымдар шұбаттың құрамындағы шипалы, емдік қасиеті көп дәрумендерді инновациялық жолмен бөліп алу технологиясын ойлап тапты. Оған патент те алып қойыпты. Күн сәулесінен қуат алудың да тиімді тәсілін ұсынып отыр. Ғалымдар мұны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен халықаралық конференция кезінде көрсетті.
Әбдез Рахманұлы, тілші
-Конференцияның тақырыбы «Өндірістік технологиялар және инжиниринг» деп аталады. Әлемнің бірнеше елінен келген ғалым инновациялық жобаларын ортаға салды. Біздің ғалымдармен бірлесіп жүргізіп жатқан зерттеулері де бар екен.
Энджун Гао, ғалым /Қытай/
-Біз күріштің қабығынан өте пайдалы өнім алудың технологиясын бірлесіп жасап жатырмыз. Нәтижесі керемет. Енді осы зерттеулер ауқымын кеңейтуді ойластырып жатырмыз. Өйткені қазақстандық ғалымдармен тез тіл табысып, тың дүниелер ойлап таптық.
Әбдез Рахманұлы, тілші
-Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынатын 11 жоба дайындалып жатыр. Оған 72 миллион теңге қарастырылыпты. Мына қондырғыны жасағанда ғалымдар: «Күнді аңду» технологиясын пайдаланғандарын айтады. Оны іске асыратын бағдарламаны өздері жасаған.
Әбдішүкір Сарыбалаев, техника ғылымдарының кандидаты
-Бұдан басқа да қондырғылар бар. Олар стационарлық. Ал бұл күн шығысымен батқанға дейін күннің көзіне қарап, соның троекториясымен жүретін құрылғы. Оптимал, энергияны тиімді пайдалану үшін жаратылған құрал.
Әбдез Рахманұлы, тілші
-Малшылардың үйі мен алыстағы шағын ауылдарды жарқтандыруға таптырмайтын дүние. Ғалымдар сол малшылардың өнімдерінен емдік сусындар да дайындап жатыр. Мұсатіллә Тоқанов түйенің сүтінен қан-тамыр аурулары мен қант диабетіне шипа болатын дәруменді сусын жасаудың инновациялық технологиясын көрсетті. Оны дамытып, түйе сүтінен ұнтақ пен таблетка да шығарыпты. 250 миллион теңге болса өндірісті бүгін бастап кетуге де болады екен. Шығаратын заттары таптырмайтын табиғи дәрі.
Мұсатіллә Тоқанов, ғалым
-Лактоферин дегеніміз - ол адам ағзасына түскен вирустарды жоятын бірден-бір фермен. Иммуноглобулин дегенің адамның күш-қуатын көтеретін иммуностимулятор.
Әбдез Рахманұлы, тілші
-Конференцияда көрсетілген ғалымдардың еңбегі халықаралық Скопс базасына енгізіледі екен. Бұл - жаңалықты әлемге тарату жолы.