Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы Абай ауылдық «Қалқабай ата»мешітінде жұма намазын өткізді. Жамбыл облысының өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің тапсырмасы бойынша аудан бас имамдары ауыл мешіттерін аралап жұма намаздарын өткізуде. Бас имам «Қалқабай ата» мешітінің жамағатына «Түнгі құлшылықтың сауабы» атты тақырыпта уағыз-насихат айтты.
Уағыз барысында нәпіл намаздардың өзіндік деңгейлері мен ерекшеліктері айтылды. Соның бірі түнде оқылатын таһажжуд намазы. «Таһажжуд» сөзі араб тілінде «ұйқыдан тұру, ояну» немесе «ұйқыны бұзу» деген мағыналарды берсе, шариғаттағы терминдік мағынасы: Құптан намазынан кейін ұйықтап, түннің үштен екінші бөлігінде тұрып, намаз оқу дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Инсан» сүресі, 26-аятында: «Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет және түнде ұзақ уақыт Оны дәріпте», – деп айтқан.
Әсіресе, қасиетті Рамазан айының күндізін ораза, түндерін намаз оқып, құлшылықпен өткізудің сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі