Гарвард университетінің ғылыми қызметкерлері Эбола індетімен күресуді жылдамдататын бірнеше жаңалық ашты.
Зерттеушілер қанды тазалайтын жасанды көкбауыр мен қанда вирустың бар-жоғын анықтайтын қағаз тест ойлап тапты. Өнертабыстарға Гарвард университеті жанындағы Вайсс бостондық институтының биоинженерлік зерттеулермен айналысатын ғалымдары қол жеткізген. Олар науқастың қанын тазартатын жасанды көкбауыр технологиясы туралы жаңалықты Nature Medicine журналында жариялады.
Биоинженерлер вирустар, бактериялар, тіпті кейбір токсиндер сияқты адамзатқа белгілі патогендердің көбісі қарапайым көмірсулардан тұратынын анықтады. Қанды вирустан тазартуда осы жаңалық негізге алынған екен.
Ғалымдар ауру егеуқұйрықтарға сынақ жүргізіп көрді. Нәтижесінде қаны тазартылған егеуқұйрықтардың 89%-ы емделіп, аман қалыпты. Ал ем жасалмағандарының тек 14%-ы тірі қалған. Қазір бұл аспаппен доңызға сынақ жүргізіліп жатыр. Ғалымдар таяуда адамдарға да пайдасы тиіп қалады деген үмітте.
Адамда орташа 5 литр қан болады, Вайсс институтының өнертабысының көмегімен оны тазартуға бар-жоғы 5 сағат уақыт кетеді. Егер құрылғының қуатын арттырса, одан да жылдам жұмыс істейтін көрінеді.
Мамандар сонымен қатар 12 сағатта ағзадағы вирустың бар-жоғын барынша жылдам әрі қарапайым жолмен анықтайтын тест жасап шыққан. Ол үшін олар синтетикалық протеиндер, молекулалар, амин қышқылдары, энзимдер мен рибосомаларды қосып, бұл био-коктейлді арнайы аспаппен кептіріп, кәдімгі қағазға орналастырған. Тесті іске қосу үшін оған су құю керек. Қанда патоген бар болса, қағаздағы нүктелер жарты сағаттан кейін түсін өзгертіп шыға келеді екен.