Қазақ халқының қанында ежелден бар, атадан балаға жалғасып келе жатқан ізгі қасиеттің бірі – қайырымдылық. «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай», үй салса асарлатып, қоныс аударса ерулік беріп, қаржысыз қалса, сауын сиырын жетектетіп жіберіп, малына қасқыр шапса, жылу жинап, орын алған қандайда бір келеңсіз оқиғаның орнын білдіртпей жіберуге көп болып атсалысқан.
Балалар үйі мен қарттар үйінің не екенін білмеген қазақ даласында қайырымдылық пен қамқорлық көрсетудің түрлі әдістері көрініс тапқан. Бабалар дәстүрі жаңғырып, қасиетті Рамазан айдағы қайырымдылық шаралары жалғасын табуда. Тараз қаласы «Құлбай баба» мешітінің имамы Ембергенов Амангелді туыстарымен бірігіп баспанасының құрылысы жүріп жатқан, құрылыс материялдарына мұқтаж, 5 баланың әкесі, мүмкіндігі шектеулі, өзі де мүгедек және үлкен баласы да мүгедек жанға салынып жатқан үйінің шатырына қажетті барлық ағаштарды 630 000 теңгеге алып берді. Бұған қоса шатырының жұмыстарын жасап беретін жұмысшыларға 300 000 теңге еңбек ақыларын берді.
Қайырымдылық көмекті алған мұқтаж отбасы имамға шексіз алғысын айтты.
Тараз қаласы «Құлбай баба» мешітінің баспасөз қызметі.