Меркі ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылы «Жарас» мешітінің имамы Көктал Мадияр намазға жиналған жамағатқа біздің асыл салт-дәстүрімізден болған «Жарапазан» айту тақырыбында уағыз айтты.
Имам өз сөзінде: «Жарапазан «Жә-Рамазан», яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатыр. Жарапазан — қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Оны еліміздің кейбір өңірлерінде «Жарамазан» деп те атайды.
Жарапазанның негізгі мақсаты — осы қасиетті айда ислам дінін насихаттау, халықты жақсылыққа шақыру. Ол туралы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Жарапазан - Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады». Біз өзіміздің салт-дәстүрімізді ұмытпай, Рамазан айының келіп жетуін сүйіншілеп қолымыздан келгенше ұрпаққа дінді, салт-дәстүрімізді жеткізуіміз керек», - деп салт-дәстүрімізді насихаттады.
Уағыз соңынан намаз оқылып, елімізге, жерімізге дұға жасалып тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі