Әлемді дүрліктірген «Ислам мемлекеті» Қазақстанға қауіп төндіре ме?

Әлемді дүрліктірген «Ислам мемлекеті» Қазақстанға қауіп төндіре ме?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дін Исламның атын жамылып, жер астынан шыққан жік секілді болған «Ирак және Левант Ислам мемлекеті» (ИГИЛ, ИМ) атты терроршылдар тобыры әлем елдерінің үрейіне айнала бастады. Халықаралық сарапшылардың өзі дүниенің күн тәртібіндегі екі мәселе болса, соның бірін – Эбола дерті, екіншісін – радикалданған «Ислам мемлекетінен» туатын қатер дер еді. Шындығында, мұндай қауіптің зораюы да негізсіз емес: өздерін сүннит жолындағы исламдық мемлекет деп жариялағандардың қарқыны да, ниеті де қатты. Тіпті, шариғат негізімен халифат құруды ойлағандар арғы жағы Солтүстік Африкадан Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймағын, Кавказды қоса тұтастай елдерді өздеріне қаратуды жоспарға енгізіпті. 

Соңғы уақытта өздерін «Ислам мемлекеті» ретінде жариялағандардың әрекеті тіпті шектен шығып барады. Ғаламторды олардың тарапынан адамға жасаған айуандық әрекеттері, хақ исламға ғана емес, әлемнің дәстүрлі дін атаулысына жат көріністері жаулап алғаны қашан. Бейнероликке айналған бір ғана көріністі көз алдыңызға келтіріңізші: Сирияның бір түкпірінде бұқара жиналып, жұрт алдында «кәпірлерді» жазалау рәсімін жүзеге асырады. Жазықсыз жандар атылады, асылады, басын кеседі, қан судай ағады. Ең сорақысы, бұндай көрініс сондағы халықтың күнделікті көріп жүрген тіршілігіне ұласқан. Жиналған жұрт арасынан ешкім жаға ұстап, ешкімнің жүрегі айнып жатқан жоқ. Керісінше, сауап болды дегендей, бір-бірімен бас изеседі. 

Жазықсыз кісі өлімі демекші, қазір құзіретті саналатын халықаралық ұйымның өзі осынау отты нүктеде күніне қанша адам ажал құшып жатқаны туралы санынан жаңыла бастады. Мәселен, өткен жолы Иракқа көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы мен БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Ирактың солтүстік аудандарындағы халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуына қатысты бірлескен баяндамасын жария етті. Екі айлық мерзімді ғана қамтитын баяндамада «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының жүзеге асырған қылмыстарының жантүршігерлігі айтылады. «Бұлар – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар», - деді Адам құқығы жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы Руперт Колвилл. Сонымен қатар баяндама авторлары Ирактағы шиіт, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасалып жатқандығын мәлімдеуде. 

Шындығында, терроршыл-содырлар бір мезетте бірнеше адамдарды қырып тастайды, бұнысын ролик ретінде интернетке де қотара салады. Террорлық әрекетіне қарсы қимылға көшкен батыстың бірнеше азаматын әлгі содырлар қойша бауыздап, сол елдерге қоқан-лоққылық хаты ретінде жолдағанын жалпақ жұрт біледі. Ал мұндай тактиканы содырлар «бізге қарсы келгеннің бәрі осылай болады» деген кейіппен көрсетіп, интернет-роликтерді үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланып бағуда. 

Сөйтіп, әлемнің үрейін алатын мемлекеттік деңгейдегі ұйым пайда болды. Ал жалпы, бірнеше жылдар бойы тұрақсыздық орын алып отырған аймақтағы «Ислам мемлекеті» атанған тұтастай ұйымдасқан тобыр қайдан шықты? Алдымен соған үңілсек. 

Өздерін «Ислам мемлекеті» санайтындардың хақ исламға еш қатысы жоқ

Талай жылдар бойы тұрақсыздық жайлаған Ирак пен Сирияның аумағында «Әл-Каида» террористік ұйымының оннан астам радикалдық топтары біріге отырып, 2006 жылы «Ирак және Левант Ислам мемлекеті» ұйымын құрған. Бүгінгі сарапшылар мұны шариғаттық нормаларға ғана сүйенген «жартылай нақтыланған квазимемлекет» деп те таратады. Тұрақсыздықты пайдаланып, қатарына әр елдерден терроршыл-содырларды тарта алған ұйым қазірдің өзінде «сүннит ұшбұрышы» саналатын аумақтағы біршама бөлікті бақылауына алған. 2013 жылы «Ислам мемлекеті» содырлары Башар Асад режиміне қарсы Сирияда азаматтық соғысқа қатысып, өздерін нағыз қаныпезер топ екендіктерін көрсеткен болатын. Ондай топтарға халықаралық құқық, шарт дегеніңіз сөз емес, әскери қылмыстардың, адамзатқа қарсы жауыздықтардың көкесін ұйымдастырудан да еш тайынбайды. Ал ұйымның әу бастағы мақсатына келсек, Сирия, Ирак, Ливан аумағында сүнниттік ислам мемлекетін құру болатын. Бастапқыда Сириядағы Башар Асад режиміне қарсы батыс мемлекеттері мен АҚШ «Ислам мемлекеті» аталып жүрген содырлардың қолтығына су бүркіп, олардың ойына келгенін істеуге жол беріп отырғанымен, нағыз қауіптің осы тұстан туғанын енді ғана бағамдай бастаған секілді. 

2014 жылдың орта тұсынан содырлар Ирактың батыс және солтүстік аудандарына шабуыл жасап, ондағы бірнеше қалаларды бірінен соң бірін баса көктеп тартып алды. Кейіннен өздерінің халифатын құратындықтарын да жария еткен. 3 тамызда террористер Ирактағы екі ірі мұнай кен орнын басып алғаннан соң, өздерінің «халифі» ретінде Абдалла Ибрагим ас-Самараны жариялаған. Оны Әбу-Бәкір әл Бағдади деп те атайды. Ал 2014 жылдың қыркүйегінен бастап «Ислам мемлекеті» Пәкстандағы «Талибан» мен Әл-Кайда өкілдерімен байланысып, өздерінің билік аумағын кеңейте түспек деген қауесеттер де тарап, бұның шындыққа айналып келе жатқанын айғақтайтын фактілер де айқындала бастаған. 

Дегенмен, бірқатар сарапшылар «Ислам мемлекеті» мен Әл-Каида арасы соншалықты емес, тіпті бір-бірін қолдамайды деген пікірлерді де алға тартады. Солай болғанымен, бүгінгі таңда «Ислам мемлекеті» басқа террорлық ұйымдарға қарағанда бірқатар ерекшеліктерге де, басымдықтарға да ие екенін аңғару еш қиын емес. Мәселен, бұған дейін әлемдегі нөмірі бірінші террористік ұйым ретінде саналып келген Әл-Кайдадан «Ислам мемлекетінің» басты айырмашылығы – оның өз қолына экстремистік ұйымдар үшін таптырмас ресурстарды топтастыруында болып отыр. Біріншіден, «Ислам мемлекетінде» бүгінгі күні күштеп болса да қалыптаса бастады деуге келетін халифат, яғни өзінің территориясы бар, басып алып жатқан аумақтарына өз тәртіптерін де орнатып үлгерді. Екіншіден, «Ислам мемлекеті» ұйымы – қаражатқа сонша зәру де емес, олардың негізгі кірісі – мұнай өнімдері. Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, «Ислам мемлекеті» ұйымының жылдық бюджеті 2 млрд долларға дейін барады. Олар Ирактағы 7, Сириядағы 6 мұнай кен орындары мен зауыттарының «құлағын» ұстау арқылы кәдімгідей «қара алтынның» қызу саудасына араласып кеткенге ұқсайды. Мұндағы сауда бойынша мұнай бағасы әлемдік нарықтан бірнеше төмен, тіпті өңірдегі делдалдар желісі арқылы содырлар күніне 3 млн. долларға дейін пайда табатын көрінеді. 

Үшіншіден, олар өздерінің «мемлекетіне» қарасты жаулап алған аумақтарында шариғат тәртібін, нормаларын орнатып қана қоймай, елге қажетті жағдайларды да қолға ала бастаған. Мәселен, мұнайдан түскен қаражаттан жұртқа әлеуметтік жәрдемақылар енгізе бастаған, әскери ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымды да қалпына келтіргендері (мәселен балаларды ислам жолымен оқытатын мектептер, медреселер ашу) туралы әңгіме жүргізе бастады. Бұдан бөлек, «Ислам мемлекеті» өздерінің тараптарына ғалымдарды тартып, оларға қомақты қаражат ұсынуға да дайын екендіктерін жариялапты. 

Осылайша, «Ислам мемлекеті» атанғандар ақырындап болса да мемлекеттіліктің көріністерін орната бастады деуге негіз де жоқ емес. Әлемнің ешбір елі мойындамағанына қарамастан, өздерінің қарқыны мен күшін танытудан олар еш тартынбайды да. 

Алайда, әлемдегі мұсылман мемлекеттерінен бастап, ислам қайраткерлері де, дін ғалымдары да мұндай халифаттың құрылуын, оның қызмет-әрекетін де жақтаған емес. Керісінше, Ирактағы, Сириядағы жан түршігерлік оқиғаларға қатысты «Ислам мемлекеті» содырларын айыптап, оларды жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартатын белгілі ислам тұлғалары басым. Соның бірі Египет мүфтиі Шауки Аллам «Евроньюс» ақпараттық телеарнасына сұхбат бергенде «Ислам атынан әрекет етіп жатқан террористік ұйымның хақ дінге еш қатысы жоқ» екенін мәлімдеді. «Ондай ұйымның содырлары не істеп жатқанын қараңыз? Олардың әрекеті де, заңы да, үкімі де, дәстүрі де хақ дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Теріс. Олар өздерінің сұмпайы қылмыстарын діни уәжбен ешқалай да ақтап ала алмайды, ал олардың ислам дініне қатысты түсініктемелері ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан жалпыға қабылданған қағидаттарға түбегейлі қарама қайшы. Біз әу бастан-ақ исламның атын жамылған террористік ұйымдардың таратып отырған «құндылықтары» ешқандай да нормаға сай бола алмайтынын айтып баққан едік. Әсілінде, Ирактағы халифат құрғысы келетін содырларды ешқандай да «Ислам мемлекеті» деп атауға келмейді. Өйткені, мұндай террористердің ислам дініне еш қатысы жоқ. Бұлар діннің атын ғана жамылып отыр», - дейді Шауки Аллам. 

Расында да, хақ дініміз адам баласына сыйластықпен қарауға, айналаға сүйіспеншілікке шақырады емес пе? Бүлікшілікке салыну, содырлар тобырын ұйымдастырып, мемлекетті өртеп, құртып-бүлдіру, адамдарды үйінен қуып, қан-жоса ету, исламнан емес. Ақыр аяғы жазықсыз кісі өлтіру – исламдағы ең ауыр күнә. Ал өздерін «Ислам мемлекеті» атап жүрген терроршыл тобыр «кәпірсің» деген үкіммен-ақ талай адамның қанын ағызуда. 

«Ислам мемлекетінің» Қазақстанға қаупі қандай?

Жалпы, сүнниттік халифат құру идеясы террористік ұйымдардың басым бөлігінде ғана емес, мұсылман мемлекеттеріндегі астыртын болса да әрекет ететін топтар арасында да ең күшті насихатқа ие екені айдан анық. Мәселен, бір ғана іргеміздегі Өзбекстан мен Ауғанстанның терроршыл ұйымдарын алсақ, олар баяғыдан-ақ Орталық Азияда халифат құру идеясын жүргізеді, соны көксейді. Осы тұрғыдан алғанда «Ислам мемлекеті» өз қатарына тартатындарды табу үшін көп қиналмайтыны да анық байқалады. Оның үстіне, Ирак пен Сириядағы терроршыл топ «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Боко харам» секілді экстремистік ұйымдармен келіссөздер жүргізе бастағанын айтатындар бар. Қазіргі таңда содырлар қатарына қару ұстағандар арасында Солтүстік Африка, Тунис, Марокко, Алжирден бөлек, Еуропадан, оның ішінде Франция мен Англиядан аттанғандар да болды. ТМД, соның ішінде Ресейдің Кавказ аумағынан, Орталық Азиядан, Ауғанстан мен Пәкстаннан, тіпті Индонезиядан сапқа тұрған азаматтар да бар екен. Ал түрлі дереккөздерге қарағанда, «Ислам мемлекетінің» қатарындағы қазақстандықтардың саны шамамен 200-ден асады. 

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікіріне сүйенсек, «Ирак және Левант ислам мемлекеті» құрамында әлемнің 70-тен астам елінің азаматтары әрекет етуде. Соның ішінде ТМД азаматтары да аз емес. «Әсіресе, биыл ТМД-ның барлық дерлік күш құрылымдары өздерінің азаматтары Сирия мен Ирактағы соғыстарға қатысып жатқанын айта бастады. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан күш құрылымдары нақты бір цифрды атамаса да, бірнеше ондаған, жүздеген азаматтарының бар екенін растайтындай. Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Сирияға 100-ден астам азаматының өтіп кеткенін айтты, оншақтысы әйелдер екен. Мұндай цифрды Тәжікстан да қарастырып жатыр. Ендеше, ресми деңгейде қауіптердің бар екені мойындала бастады деген сөз, Яғни, бұл қауіп біздің өңіріміздегі әрбір мемлекеттің ұлтық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын білдіреді», - дейді саясаттанушы. 

Ендігі бір мәселе – әлгіндей содырларға қосылып, бөтен елдің аумағында қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматының келешегі. Егер олар елге оралса, ықтимал қауіптерді күшейтпей ме? «Әлбетте. Мұндай азаматтардың елге оралғаннан қауіп болатынын ресми органдар да мәлімдеп жатыр. Олар елге келсе, терроризм қаупі де зораяды. Өйткені, ол жақтан тәжірибесіз дилетанттар емес, керісінше, нағыз соғысты көрген, диверсиялық әрекеттерге әбден қанық «ардагерлер» оралады», - дейді Досым Сәтпаев. 

Қазақстанда терроризмге қарсы күресте заң қабылдап қою аздық етеді...

Жақында ғана ел Парламенті терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған заңды қабылдаған болатын. Бұл да негізінен «Ирак және Левант ислам мемлекеті» тарапынан туатын қатердің алдын алуға бағытталған шаралар болса керек. Ал заңды Парламентте талқылау барысында Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов «Ислам мемлекеті» секілді ұйымдардан туындайтын қатерді жоққа шығармады. Оның айтуынша, соңғы уақытта жүзден астам Қазақстан азаматтары шетелдік террористік ұйымдардың ықпалында жүргені белгілі болған. «Жасырын емес, осы ұйымдар өздерінің теріс пиғылын Қазақстанға әкеліп таратуға ұмтылуда. Алғашқы кезеңмен салыстырғанда экстремизм және терроризмге қарсы күрес әлдеқайда күшейді деуге негіз бар. Мәселен, тек былтырдан бері арнайы органдар 9 террористік актінің алдын алды», - дейді Жақып Асанов. Оның сөзіне қарағанда 2014 жылдың сәуірінде Ақтөбеде радикалды діни идеологияны ұстанатын адам қазақстандықтарды Сирияға барып, қарулы әрекеттерге қатысуға үгіттеп, құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған. Ал Атырауда бір азамат әлеуметтік желілер арқылы Ауғанстанның террористік ұйымдарына кіріп, жұртты содыр болуға шақырған. Сонымен қатар, шетелдің террористік ұйымы біздің бір азаматымызды арнайы дайындықтан өткізіп, Қазақстанға лаңкестік қарулы топтар құруға аттандырған екен. Кейін ол Қырғызстанда ұсталыпты.

Ал Парламент қабылдаған заң не береді? Осындай қауіп-қатердің алдын ала ма? «Кейбір ағайындарымыз шет елдерге барып лаңкестік әрекеттерге қатысуда. Олардың осындай қадамға баруының алдын алу үшін мемлекеттік құрылымдарға ешқандай өкілеттік берілмеген. Сондықтан да, Ұлттық қауіпсіздік органдары ондай ниеті бар азаматтар анықталса, оларға шетелге бармау жөнінде ресми түрде ескерту жасауға құқылы болады. Ал ескерту орындалмаған болса, ондай азаматтардың қылмыстық жауапкершілігі ауырлай түседі», - дейді Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов. Бұдан бөлек, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктің, өзіміздің азаматтарымыздың экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген ақпарат болса, онда оларды елімізге кіргізбеу шаралары қарастырылып отыр. Бұл ретте бас прокурор орынбасары соңғы 5 жылда 70-тен астам шетелдік азаматтың радикалдық ұстанымы тек біздің елімізге кіргеннен кейін ғана белгілі болғанын айтады. Бұдан бөлек, террористік қылмыстар үшін сотталып, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамдардың барлығына қаржылық мониторинг жүргізіледі. «Бұл дегеніміз, әлгіндей бап бойынша сотталған азаматтардың ақшалай операциялары бақылауға алынады деген сөз. Ондай операциялар заңсыз болса дереу тоқтатылып, тез арада құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдайтын болады», - деді Жақып Асанов. Сонымен қатар, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті барлық экстремистік және террористік ұйымдардың тізімін жүргізеді. Мұндай ақпараттар ресми сайтта ашық түрде жарияланып, кез келген адам үшін қолжетімді болмақ.

Айта кетерлігі, терроризмнен туындайтын қауіптің бар екенін саясаттанушы Расул Жұмалы да алға тартып, қазірден кешенді қамдануға кірісу керектігін айтады. Мәселен, оның айтуынша, терроризммен күресте тек заң қабылдап қою аздық етеді. Сондай-ақ тек жазалау, түрмеге қамау, қудалау да аз. Бастысы – алдын алу. «Эстремистік ұйымдар қайдан пайда болады? Ең басты себеп - жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алмауы, білімсіздігі, діни сауаттының кемдігі, жұмыссыздық. Осының бәрі айналып келгенде, жастарға үлкен соққы. Мұны жат ағымдар өздеріне пайдалануда. Сондықтан қашан да мемлекет жастардың материалдық, рухани, әлеуметтік жағына, тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуі тиіс. Егер де жақсы азамат тәрбиелеп, оған жақсы білім бере білсек, жұмыспен қамтамасыз ете алсақ, ол қашанда еліне адал қызмет етеді. Жат ағымдарға жиіркене қарайды», - дейді Расул Жұмалы.  

bnews.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: