Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Мужтаба Демирчилоны қабылдады.
Ресми кездесуде екі елдің рухани-мәдени салалардағы ынтамақтастық байланысы сөз болды. Сонымен қатар мұсылман елдеріндегі дүрбелең туралы да пікір алмасылды. «Кейбір елдердегі қақтығыстарды көріп, көпұлтты Қазақстанның тыныштығы мен ұлттар татулығының қадірін терең түсінемін. Қазақстандағы тұрақтылық, бұл – Алланың үлкен нығметі. Екіншіден, Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында оқ бойы озып, өркендеп келеді. Бұған күн сайын көз жеткізіп келемін», – деді дипломат. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы әлемдік тыныштық пен татулықты сақтауда дін қайраткерлерінің рөлі айрықша екенін жеткізді. «Қазақстан және Иран – бұрыннан бауырлас елдер. Бізді біріктіретін ортақ мәселе көп: дін атын жамылған ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою, жастарға Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйрету, қайырымдылық іс-шараларын өткізу. Бұл бағытта дін қайраткерлеріне жүктелетін міндет зор», – деді Ержан қажы Малғажыұлы. Бас мүфти өз кезегінде жаңа елшінің жұмысына табыс тіледі.
muftyat.kz