Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі ежелден келе жатқан халықтық мереке. Осы ұлыстың ұлы күнін "Һибатулла Тарази" мешітінің әйелдер жамағаты атап өтті.
Атаулы іс-шара қасиетті Құран аяттарымен ашылды. Наурыз тойының қызығын "Береке" ауылы атауымен көрсеткен іс-шараның шымылдығын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ашып берді. Облыс бас имамы Наурыз жайлы, келіп жеткен рамазан айы туралы сөз сөйлеп, құттықтау айтты.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының өкілі Нұргүл Алиханқызы сөз бастап, Наурыз мерекесі туралы айтып өтті. Көпшілікке құдаласу, сыңсу, қыз ұзату дәстүрінен тамаша қойылым қойылып, Әжелер алқасы мен мешіт шәркірттері рөлдерде ойын ойнады. Сонымен қатар ұлттық арқан тарту, қол күрес, апаларға арналған қамажай, аш қасқыр, қыздар ойыны ойнатылып, жиналғандар бір күліп, наурыз тойын ерекше сезінді.
Алдынғы көріністе ұзатылған қызымыз дүниеге сәби әкелді деп балдырғандар сүйінші сұрады. "Сүйінші сұрау" дәстүрін де көрсете білген қойылым жалғасын тауып, "бесікке салар" рәсімі жасалды. Ақ жаулықты әжелер баланы екі жақтап бесікке бөлеп, жеңгелер білезік тақты.
Көпшілік алдында "тұсау кесер" дәстүрі жасалып, 2 жасқа кеп қалған бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Мұндай құрмет мешітіміздің қари қызы Мадинаға берілді. Ал үлкендер бүлдіршінге "Құран жаттаған Алланың сүйген құлы болсын" деп бата берді.
Мешіттің бас ұстазы Нұргүл Алиханқызы Рамазан айына кірер алдын жасалатын амалдарды тілге тиек етіп, әсерлі насихат айтты. "Дін мен дәстүр" бөлмесінде жасалған ігі жиынның соңы ақ дастархан басында жалғасын тапты. Түрлі тәттілер мен наурыз көже беріліп, өнерлі қыздарымыз домбырамен күй шертті.
Жамағаттың ауызбіршілігін арттырып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған отырыс көпшіліктің есінде ұзаққа сақталмақ.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі