Азан - барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни аса ізгі амал. Азан - Ислам нышаны һәм рәмізі. Әуезді дауысы мен аузан шақыра білу - әрбір мұсылманға маңызды. Осыған орай, Қордай ауданында Азан айту сайысы өткізілді.
Аудандық деңгейде ұйымдастырылған жарысқа Қордай ауданының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, орталық мешіттің ұстазы Зейнуддин Жұмабайұлы, Құран қарилар дайындау орталығының ұстазы Осман Арсмане және мешіт ақсақалы, Ардагерлер алқасының мүшесі Нұрғали Өмірзақов қазылық етті.
Жүректерді шымырлатып азан айтқан жастардың арасынан бас жүлдені Амирбек Досов қанжығасына байлады. Ал 1 орынды Уомер Харки иеленсе, 2 орынды Естай Сапиев жеңіп алды. 3 орын болса Арман Орынбайға бұйырды. Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерге бас жүлде үшін 150 000 теңге, 1 орын үшін 100 000 теңге, 2 орынға 70 000 теңге, 3 орынға 50 000 теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.
Қариялар азаншыларға ақ батасын беріп, дұғасын жасады. Азанның негізгі міндеті - намазға шақыру болса, құлшылығын құлшынып сол мезетте орындаған адам азанға ең биік дәрежеде жауап берген бақытты адам болмақ.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі