Бүгін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазіргі қазақстандық қоғамның руханилығын қалыптастырудағы діннің рөлі» тақырыбында өтіп жатқан ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Бас мүфти әлемнің ең озық елдері бағыт бағдарын дәстүрге идіріп отырған осы заманда біз де бұл үрдістен қалыс қалмауымыз қажет екенін айтты.
«Кеңес кезінде дінімізді сақтап қалған күш – дәстүріміз болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің діни қызметі аясында 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Руханиятымыздағы мұндай үлкен өзгерістердің өмірге келуі – ұлттық болмысымызды қалыптастыру, тарихтың тағылымынан сабақ алу. Имамдарымыз өскелең ұрпақты дәстүрді сақтауға, ана сүтін ақтауға үндеп, өнегелі өмір сүруге шақыруда. «Дін мен дәстүр» жылы аясында жастарды Отанды сүюге, оларға дәстүрлі тәлім-тәрбие беруге басымдық берілуде. Қазақтың ардақты тұлғаларының даналық ойлары мен тәлім мен тәрбиеге толы бай мұрасы насихатталуда», – деді конференцияда Ержан қажы Малғажыұлы.
Ғылыми-практикалық конференцияға өзге дін өкілдері, университет студенттері, жергілікті мемлекеттік мекемелердің жетекшілері де қатысуда.