Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының штаб-пәтері Қазақстанда орналасады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті. Жиында «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын" деп хабарлайды "Қазақпарат".
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, 2011 жылы 28 маусымда Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің сессиясында Президент Н. Назарбаев Ұйым шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек туралы бастама жасаған болатын. «Азық-түлік ресурстарын экспорттайтын мемлекет ретінде мұндай Ұйымның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыру ұсынылған еді. Бұл бастаманың аясында Қазақстанның ұсынысы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының барлық мүше мемлекеттері тарапынан қолдау тапты», - деді Асылжан Мамытбеков.
Оның айтуынша, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысы 2013 жылдың 10 желтоқсанында Конакриде он тоғыз мемлекеттің өкілдерімен қабылданған.
«Ұйымның штаб-пәтерін өзінде қабылдай отырып, Қазақстан Ислам Ұйымының аясындағы азық-түлік қауіпсіздігі үйлестіруші рөлін өзіне алады», - деді министр.
Тұтастай алғанда, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының негізгі мақсаттарының бірі мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, азық-түлік қауіпсіздігін тиімді дамытудың, шөлейттенуден, орман алқаптарының азаюынан, топырақтың эрозиясы мен сортаңдануынан туындаған проблемаларды шешудің жолын ұсыну болып табылады. Бұдан бөлек, қажетті шұғыл және гуманитарлық көмекті айқындау, оның ішінде азықтүлік қауіпсіздігінің резервтерін құру көзделеді.