Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең. Бұл жаста адам зерттелмеген жаңа көкжиектерді анықтауға, биік армандарға жетуге тырысады.
Меркі ауданы, Тәтті ауылдық «Тәтті» мешітінің имамы Асхат Мүсіретбекұлы намазға жиналған жамағатқа бүгінгі күннің мәселесі болып отырған «Жастар тәрбиесі» тақырыбында уағыз айтты.
Асхат Мүсіретбекұлы: Адамзаттың абзалы болған Мұхаммед ﷺ жас кезінде замандастарымен салыстырғанда оқ бойы алда еді. Жақсы мінезі, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауы, байсалдылығы, әдептілігімен адамдарды баурап алатын. Адамдар оның осындай қасиеттеріне қарап таңданатын. Мекке халқы оның турашылдығы мен адалдығына байланысты Оны «әл-Әмин» («Сенімді») деп атады. Осылайша, ол жас кезінде осы атымен халық арасында танымал болды.
Абай атамыз айтқандай қолымызды кеш сермеп кешігіп қалмас үшін жас кезімізде ілімге мән берейік, талаптанайық ізденейік, сонда ғана біздің береріміз болады. Алла елімізде иманды жастардың санын арттырсын», - деп, сөзін аяқтады.
Мешітке келген жамағат өз көзқарастарын айтып, имамға риза болып, алғыстарын айтып, намаз оқып тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі