Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды білдіреді. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.
Бүгін Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы орталық «Меркі ата» мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.
Бас имам «Мұсылманның абыройын қорғау – иманды адамның міндеті» жөнінде насихатын жеткізді.
«Асыл дінімізде де мұсылманның абыройы аса құрметті саналады, оған нұқсан келтіретін барлық істерге тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 23-аятында: «Расында абыройлы, ары мен көңілі таза мүмин әйелдерге жала жапқандар бұл дүниеде де, ақыретте де (Алланың рақымынан алыстап) лағынеттеледі. Әрі олар үшін үлкен азап бар»,– деп айтқан.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, мұсылман мұсылманның кемшілігін жасырып, жақсылығын асырып, оның ар-намысы мен абыройына барынша қорған болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға – харам», –деген (имам Бұхари)», – деді бас имам.
Сондай-ақ, Меркі ауданының бас имамы бұдан бөлек ынтымақ-бірлік тақырыбында да уағыз айтып, жамағатпен бірге жұма намазын оқыды. Арнайы құран аяттары оқылып, ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасалды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі