Жамбыл ауданы орталық «Бәйдібек» мешітінде ауданның бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы шам намазында мешітке келген жамағатқа «Ережеп – берекелді айлардың алғашқысы» тақырыбында кеңінен уағыз айтты. Бұл айда игі амалдарға мол сауап жазылады, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.
Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі