Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.
Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің бас имамы Абдразахов Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен, ауданға қарасты ауылдық елді-мекен имам-молдаларының атсалысуымен, Меркі ауданына қарасты, Қызылсай ауылдық мешітінде 2008 жылдан 2016 жылға дейін имамдық қызметін 8 жыл аброймен атқарған, Мыңқазан ауылының тумасы Асилов Сағынайға қол ұштарын созды.
Бас имам: «Қайырымдылық дегеніміз - өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы әрі риясыз көңілмен бөлісе алу деп ойлаймын. Ол материалдық немесе рухани тұрғыда болсын, бастысы шын ниетпен жасалынған әрбір қайырлы амалды қайырымдылық деп білеміз.
Құранда Алла Тағала: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» – деп бұйырады.
Өзіміздің Сағынай бауырымыз, кезінде әріптесіміз болған, тағдырында жазылған Алланың сынағына тап болып, жол апатына ұшырап, апаттың садарынан мүгедектік арбаға танылған еді. Тез арада өз аяғына тұрып кетуін Алладан дұға етіп сұраймыз. Сол бауырымызға ауыл болып, ел болып үй тұрғызып жатыр екен. Бізде өз қолымыздан келген көмегімізді аямай, сол үйдің шатырын көтеріп берейік», - деп жақсылыққа, қайырымдылыққа үндеген еді.
Жақсылыққа әрдайым жаны құштар имамдар, өздерінің тұрмыс-тіршіліктеріне қарамастан, бәрі бір ауыздан бас имамның сөзін екі етпей бірден атсалысуға көшті. Нәтижесінде Сағынай бауырымызға салынып жатқан үйдің шатыры жабылды.
Мешіт қызметкерлері ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін: «Кімде кім жақсылыққа жол сілтесе, сол үшін сауап жазылады», – деген. Тағы бір хадисінде «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» деп үмбетін ізгілікке шақырды», - деп барша азаматтарымызды жақсылық жасауға шақырды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі