Алматыда қарттар үйінің тұрғыны кіші қажылық сапарын өтейтін болды. Кейуанаға жолдаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы табыстады. 77 жастағы Айымторы Каспиқызы қаладағы қарттар үйіне осыдан 4 жыл бұрын келген. Елу жыл отасқан өмірлік серігінен айрылған соң, жалғызбасты ана әлеуметтік мекемеге қоныс аударады. Ұл-қыздары туралы ашып айтқысы келмеген қария, өзінің қасиетті Мекке жеріне баратынына аса қуанышты. Енді Айымторы әже «кіші қажылықты» өтеуге Жаңа жыл мерекесінен кейін аттанбақ. Қарт ананың Меккеге барып қайтуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көмек қолын созды. Биыл аталған басқарма Құрбан айт мерекесі мен қарттар күнін сабақтастыра атап өтуді жөн көрген.
Айымторы Каспиқызы, қарттар үйінің тұрғыны:
Мен күтпеген жағдай болды. Толқып тұрмын. Осындағы ескеріп, Алла алдындағы парызымды өтеуге мүмкіндік жасаған ер азаматтарға алғыс білдіремін. Барлығыңызға, еліме тыныштық тілеймін.
Ержан Қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
Жақында Құрбан айт келе жатыр. Барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Ал қарттарды құрметтеу ерекше нәрсе. Сондықтан біз де дәстүрлі түрде қарттарға осындай сыйлық ұсынып, құрмет көрсетуді ұмытпақ емеспіз.