Мұсылманның бес парызының бірі – қасиетті Қажылық басталды. Шалғайдағы Мекке мен Мединеге Алланың разылығын алу үшін биыл бес миллионнан астам мұсылман жол тартыпты. Оның сапындағы отандастарымыздың да саны артқан. Алдыңғы хабарларда айтқанымыздай, КТК қажылықтан арнайы бейнематериалдар беріп отырады.
Алматы-Стамбул-Жидда-Мекке… Бұл алып атыраптағы ат төбеліндей алты Алаштың ішінен қажылық парызын өтеуге аттанған қауымның еңсерген қашықтығы. Бір жарым тәулік жол, бірақ шыдас бергені Алланың рақымына ие болмақ. Сауд Арабиясына табаны тиген ел алдымен Жиддадағы әскери базаға түсті. Түпкі мақсаты мекеннің бұл, алайда қажылық кезінде бұл аймақ қарусыз қажыларды қабылдайтын ең үлкен орталық. Қасиетті мекенге жеткен қажылар құжаттарын бірізге түсірген соң мынадай үлкен автобустарға жайғасады. Жүргізушілер болса Жиддадан шыққаннан Меккеге дейін кідірмей жүйткиді, себебі тәртіп темірдей.
Мұхаммед Шафих, автобус жүргізушісі:
-Қажылық кезінде көліктер көбейеді, кептелістер пайда болады. Ал жол тәртібі бірнеше есе қаталдана түседі. Мысалы автобус толғаннан соң дереу аттанып кетеміз. Жол жиегіне тұруға, уақыт созуға Қажылық кезінде мүлдем рұқсат жоқ. Бәрімізге ескертілді, айыппұлы да ауыр.
Мұхаммедтің тірлігі тізгінді түзу ұстау, ал қажыларды автобустарға жайғастырудың сыры бөлек. Яғни, Алланың қасиетті мекені Мекке мен Мединеге келген мұсылманның бәрі тең. Сондықтан қажыларға қымбат жеке көліктер жалдауға, люкс деңгейлі қызмет талап етіп қаржы рәсуа етуге қатаң тыйым салынған. Қажылыққа келген әр мұсылман Алланың қонағы деген тәпсір бар. Ал Меккеге табаны тиген қауымның басым көпшілігі аты мәшһүр Раджиди мешітіне келіп намаз оқиды.
-Мұсылман қауымының бес парызының біріне баланатын қажылықты өтеу үшін қасиетті Қағба орналасқан Мекке қаласына биыл бес миллионнан астам мұсылман бауырымыз келіпті. Содан болар Меккеде қапылған қозғалыс, кептелген кептеліс, адам нөпірінің көптігін мұнда жүрген кез келген жан өз басында сезіне алады және ол әмбеге аян. Ақпарат үшін айта кетейік, Мекке қаласында екі миллионнан астам тұрғылықты халық бар екен. Бірақ үлкен қажылық кезінде солардың тең жартысы қаланы тастап тысқа кеткен көрінеді. Ондағы басты себеп: қажылықтарын өтеуге келген мұсылман бауырларға кедергі келтірмеу және оларға еркін орналасатын тұрғынжайлардың жеткілікті болуы.
Әл Хамид Зубайди, Ирак азаматы:
-Бес парыздың бірін орындауға келдік, Аллаға шүкір. Расында адам саны өте көп. Бірақ қасиетті сапарда барлығына көнеміз. Бастысы жергілікті халық жақсы қарсы алды, білмеген нәрселерді сұрасақ дереу көмектеседі.
Міне осылай Мекке қапылып қызмет қылуда Алланың қонақтарына. Бірақ жаға жыртысып бет тырнасқан адам жоқ. Өйткені Мекке әлімсақтан бері ұрыс-керістен ада, киелі жер. Шетелден келетін мұсылмандарды үлкен қажылыққа қабылдау қыркүйектің соңғы тәулігінен соң сап тыйылады. Ал үлгергендері қазір Умраны өтеуде. Биыл үлкен қажылыққа бес мың Отандасымыз келді, қазір олар толық жайғасып амалдарын бастады.
Нартай Аралбайұлы