Қазақстаннан аттанған қажылар Мекке қаласына табан тіреді. Отандастарымыз бес парыздың бірі – қажылық рәсімдерін атқаруға кірісіп кетті.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы Мекке қаласында ресми жұмысын бастады. Миссия жұмысын ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев басқаруда. Уағызшылар тобының жетекшісі, Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Сансызбай Шоқанов қажыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Топ құрамында 30-ға жуық имамдар мен білікті теолог-ғалымдар бар.
Ғылымбек Мәжиевтің төрағалығымен ҚМДБ Қажылық миссиясының мүшелерімен арнайы кездесу өтіп, жиын барысында Аппарат басшысы Миссия мүшелеріне Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізді. Дін қызметкерлеріне тиісті нұсқаулықтар беріп, жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. «Біз үшін әрбір қазақстандық қажының денсаулығы, қажылықты дұрыс атқаруы, оларға сапалы қызмет көрсету өте маңызды. Сондықтан миссия мүшелеріне артылар сенім мен жауапкершілік жоғары», – деді ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Жәдігерұлы.
Миссия мүшелері – білікті дәрігерлер 24 сағат бойы кезекпен отандастарымыздың денсаулығын қадағаласа, КТК телеарнасы мен Қазақ радиосының тілшілері қажылық сапарынан тікелей репортаж жасайды.
Айта кетейік, биыл елімізден 5 000 жерлесіміз қажылық парызын өтемек.
muftyat.kz