Меркі ауданы, Сұрат ауылдық "Сұрат" мешітінің имамы Абдрахманов Азамат Оразқұлұлы намазға жиналған жамағатқа "Пайғамбарымыздың (с.а.с) мейірімділігі" туралы уағыз жүргізді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы тақырыпта айтқан xадистері төңірегінде сөз сөйлеген имам Азамат Оразқұлұлы: "Алла елшісі: "Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды», мұсылман баласының басқа бір мұсылман баласына қарым-қатынасы туралы: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Сондықтан оған қатысты зұлымдық жасамайды, көмектесуден бас тарпайды және оны өзінен төмен санап қорламайды.
Тақуалық мына жерде деп, кеудесіндегі жүрегінің орналасқан жеріне үш мәрте меңзеді. Адам баласы мұсылман бауырын қорлайтын болса, Алла Тағаланың алдында үлкен күнә жасаған болып табылады. Кез келген мұсылманға, басқа бір мұсылманның жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына зиян тигізуге болмайды», - деп, Пайғамбарымыздың (с.а.с) сөзімен аяқтады.
Сондықтан қадірменді мұсылман бауырлар! Иманды жан мейірімді, кешірімді, бір-бірін бауыр ретінде шын жақсы көруі керек. Бұл - иманның белігісі.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі